Суға ақы төлеуге неге енжарсыз?

445

0

Күнделікті өмірде сусыз адамның  тіршілігі жоқ. Оның әр тамшысы – байлық. Бір жұтым нәрдің қадірін, құнын білесіз бе? Бау-бақша, ну орман сусыз жайқалып өспейді. Бабаларымыз кең даланы суландырып арық қазған, көпір салған. Ақын Әбділда «Сөндірмеңдер, біздер жаққан жарықты, Бөгемеңдер, атаң қазған қарықты» деп жырлаған.

Күнделікті тіршілікте үйіңіз­де  пайдаланып отырған суға ақы төлеу жауапкершілігін сезініп жүрсіз бе?

Дамыған елдер суды алтынға балайды. Әр тамшысын есепке алып жұмсайды. Адам денесінің 80 проценті судан тұрады. Тіршілікте орта есеппен 22 тонна тамақ, 33 тонна су ішеміз. Тамақсыз бір ай, ал сусыз бір апта ғана өмір сүретініміз дәлелденген. Бір сөзбен айт­қанда, ел тағдырын жер, жер тағдырын су шешеді. Сондықтан ол – тіршілік атаулының басы. Осы салада жиырма жылға жуық тер төгіп еңбек етіп келемін. Қазір «Қызылорда су жүйесі» мекемесі басшысының кеңесшісімін.

Шындығын айту керек, саланы жарақтандыру, насихат жұмысы пәрменді жүргізілуде. Ақыны уақытылы төлеу бағы­тында нақты істер, қатаң талаптар қойылуда. Әрине, нақты істің нәтижесінде ілгерілеу бар.

Қала тұрғындарын  ауыз­су­мен қамтамасыз етуде «Қызыл­жарма» жерасты жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ 78 ұңғыма арқылы тұтынушыларға үздіксіз  ауызсу берілуде. Әл Фараби, Титов, Қызылжарма тұрғындарына қосымша 3 ұңғыма бұрғылауға тапсырма беріліп, жоба-сметалық  құжаттар әзірлену үстінде.

Қалада суды пайдалану бар да, уақытылы ақы төлеуге келгенде кемшілік көп. Оны жою мақсатында 27 адамнан тұратын 4 топ жұмыс жүргізуде. Біздегі мәлімет бойынша 76011 жеке тұлғаның ішінде 20 900 абонент ғана суға тұрақты ақы төлеп отыр.

Бұдан, шындығын айту керек, біздегі тұтынған қызметке ақы төлеуге қатысты көзқарас пен сана қалыптаспағаны көрінеді. 55 000-нан астам тұтынушының ақы төлеуде енжарлық танытуы өте өзекті мәселеге айналып отыр. Төлемнің уақытылы түспеуі еңбеккерлерге жа­лақы, сондай-ақ салықты өтеуге кедергі келтіреді. Бұл маман­дардың тұрақтамауына себеп. Тұтынушылардың енжар­лығы­нан мекеме жалақының өзіне  75741,23  теңге қарыз. 650-ден астам адамның  жалақысын уа­қытылы алмай отырғаны әрине, қынжылтады.

Ауызсу – өте күрделі мәселе. Сондықтан жұртшылық талабына сай қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, тұтынушыларға ықпал ету шараларын қолға алудамыз. Әсіресе жаз айларында судың ысырапсыз жұмсалуын рейдтер арқылы тексеріп, ықпалды топтардың шараларына арқа сүйеп келеміз.

Қысқасы, су жүйесі мекемесі 524,8 миллион теңге дебиторлық, 513,8 миллион теңге кредиторлық қарызды шұғыл өтеу үшін жұмыс жүргізуде.

Қазақта «Судың да сұрауы бар» деген сөз бар. Мүмкін болғанша, әр тұрғын рахатын көріп пайдаланып отырған суға уақытылы ақы төлесе дейміз. Сөз жоқ, сіз бен біз бірлесіп жұмыс істесек, бұл кедергілерден өтеміз. Қала тұрғындары пайдаланып отырған ауызсуға уақытылы ақы төлесе, қызметімізді одан әрі  жетілдіруге мүмкіндік туады.

Ақылтай ЖАППАСБАЕВ,

«Қызылорда су жүйесі» коммуналдық мемлекеттік

мекемесі басшысының кеңесшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<