Тәжікстан президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

629

0

2023 жылғы 25 сәуірде Астанада Қазақстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялар өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан жағынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, тәжік жағын Сыртқы істер министрінің орынбасары Содик Имоми басқарады. Саяси консультациялардың басты тақырыбы Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарына дайындық мәселелерін талқылау болмақ», – деді А. Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, консультациялар барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен одан әрі даму перспективалары да қаралады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылғы 26-27 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия –Қытай» диалог форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 4-ші кеңесіне қатысады.

Сондай-ақ 25-26 сәуірде Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың Нью-Йоркке сапары өтетіні мәлім етілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<