Құрылтай

Байқоңыр, «бәйтерек» һәм болашақ

4

0

Қазақстан мен Ресей «Байқоңыр» кешенінің жетпіс жылдан астам тарихында биыл алғашқы ғарыштық жобасын жүзеге асырды. 30 сәуір күні жаңа «Союз-5/Сұңқар» зымыран тасығышы ұшырылып, бастама сәтті өтті. Бұл – «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешені жобасының өміршеңдігін дәлелдеген тарихи белес. Айтулы оқиға «Байқоңырдың» әлемдік ғарыш айлағы ретіндегі стратегиялық маңызын сақтап қана қоймай, оның дамуына серпін береді.

Облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртайдың ай­туынша, екіжақты келісімге сәй­кес қа­зақстандық тарап жерүсті техно­логиялық инфрақұрылымды құруға және жаңғыртуға, Ресей жағы жаңа зымыран тасығышты әзірлеуге жауапты. Жоба құны – 90 млрд 795 млн теңге.

– Экономикалық және техникалық себептерге байланысты жобаны іске асыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. Соған қарамастан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында «Бәйтерек» жобасы бүгінде табысты жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жоба аясында 260 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар жоғары білікті мамандар даярланып жатыр, – деді ол.

Байқоңырда тұратын 53 мыңнан астам тұрғынның 71,6 пайызы – Қазақстан Республикасының аза­маттары. 10 мыңға жуық отандасымыз ғарыш саласы кәсіпорындарында және Бай­қоңыр қаласының әкім­шілігіне қарас­ты мекемелерде еңбек етеді. Ал қазақстандық мемлекеттік мекемелер мен ұйым­дарда 2,5 мыңға жуық адам жұмыс істеп жүр. Қала әкімшілігіне қарасты мекемелердегі ең төменгі айлық жалақы 37930 рубль екен, Ұлттық валютамызға шаққанда бұл 223 мың теңгеден жоғары. Жұлдызды қалашықта жұмыссыздық деңгейі – 1,3 пайыз. Жыл басынан бері 195 адам екі қолға бір күрек тауып, 45 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. 50-ге тарта адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс пен «Күміс жас» жобасына тартылды.

Мемлекетаралық келісімге сәйкес Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. Көпбейінді аурухана 10 жыл­дан бері 39 мыңға жуық тұрғынның саулығына үлес қосып келеді. Емдеу ұйы­мының материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылу үстінде.

Ал 11 мектептің 6-уы қазақстандық білім беру стандарты бойынша оқытады. Қаладағы барлық мектепте 7390 оқушы білім алып жүр. 2484 бала Ресей Федерациясының мектептерінде оқыса, оның 698-і – Қазақстан Республикасының азаматтары. Ал қазақстандық мектептерде білім алушылар саны – 4906. Осы орайда «көрші елдің бағдарламасымен оқыған отандастарымыз ҰБТ-ға еш қиындықсыз қатыса ала ма?» деген сұрақ туындайды. ҚР Президентінің арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мұның еш қиындығы және кедергі жоқ екенін алға тартты.

– Ресейлік стандартқа сай білім алған қазақстандық мектеп түлектері ҰБТ-ға қалауынша қатыса алады. 2023 жылғы Үкіметаралық шешіммен екі елдің министрлігі келісімге келген болатын. Келісім барысында Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін қосымша пән ретінде өту туралы ұсыныс мақұлданды. Мектеп бітіретін балалар бұл пәндерді қажеттілігіне қарай меңгереді, яғни оларға таңдау еркіндігі берілген, – деді ол.

2022 жылы қалада қазақстандық стандарт бойынша жалғыз мемлекеттік балабақша жұмыс істеген болатын. Кейінгі жылдары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны едәуір артып, 6-ға жетті. Биыл наурызда отандық білім беру стандартына сай 180 орынға арналған мемлекеттік бөбекжай-балабақша пайда­лануға берілді. Қазіргі күні жауаптылар қала әкімшілігінен ресейлік мектеп ғимаратын жалдан шығару арқылы жаңа білім ошағын ашудың қамымен жүр. Ол алдағы оқу жылынан бастап қазақстандық бағдарламамен білім бере бастайды.

Спортты жанына серік еткендер қатары көбейген сайын спорт нысандарының санын арттыру қажеттілігі туындайды. Осыған орай Байқоңырда спорт инфрақұрылымын кеңейту бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр денешынықтыру-сауық­тыру кешенін салу, оның базасында қазақстандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ашу туралы шешім қабылданған еді. Сол кешеннің құрылысы жақын күндері аяқталып, пайдалануға берілмек.

Байқоңырдың жайын айтқанда оған жапсарлас екі елді мекен – Төретам мен Ақайды айналып өте алмаймыз. Көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында Төретам кенті мен Ақай ауылдық округін байланыстыратын ұзындығы 5,25 шақырым айналма автомобиль жолы толық жөнделіп жатыр. Жұмыстың біраз бөлігі артта қалды, мердігер енді 500 метр жол жиегіне қиыршық тас төсеп, жол белгілерін орнатып, теміржол өткеліне резиналық жабынды салуға тиіс. Бұл жұмыс жоспарға сәйкес тамыз айында аяқталады.

– Қала тіршілігінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұзақ­мерзімді бағдарлама бар. Бағдарлама ая­сында қаладағы тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. 2019 жылы Қызылорда облысының әкімдігі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын аяқтады. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 110 млн теңге. Соның нәтижесінде қалада жаңа шағын аудан пайда болды. Осы жұмыстың жалғасы ретінде биыл қаңтар айында аталған шағын ауданда тағы 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, тұрғындарға пәтер кілттері табысталды, – деді Қайрат Нұртай.

Қала мен ғарыш айлағын біріктіретін, әлемде теңдесі жоқ бірегей кешенді көруге келетіндер саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл – «Байқоңырдың» туристік әлеуетін әлі де аша түсу керек деген сөз. Осы орайда «Гагарин старты», «Гагаринский беседка» мемориалды кешені, динамикалық сынақ стенді, «Энергия-Буран» монтаждау-отын құю кешені сияқты бірқатар нысан ресейлік тараптың жалдауынан шығарылып, жаңа туристік бағыттарға қосылды.

– 2024 жылдың желтоқсан айында ғарыш айлағын­да алғаш рет ұлттық на­қышта киіз үй үлгісінде салын­ған қа­зақ­стандық заманауи бақылау пункті пай­далану­ға берілді. Қазіргі уақытта «Инфракос» кәсіпорны 30-ға жуық тур­оператормен ынтымақтастық орнат­қан. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен Аэроғарыш комитетінің бірлескен жұ­мысы нәтижесінде Қазақстан-Ресей үкімет­аралық комиссиясының 2025 жылғы 11-отырысында ғарыш айлағының туристік нысандарына кіруге рұқсат рәсімдеу мерзімін қысқарту туралы ше­шім қабылданды. Осыған сәйкес рұқсат алу мерзімі шетел азаматтары үшін 55 күннен 10 күнге дейін, ал Қазақстан азаматтары үшін 5 күнге дейін қысқарды, – деді спикер.

Өңірлік туризмді дамыту бағытында оқушылар, студенттер мен ардагерлер үшін ғарыш кемелерін ұшыру сәтін тамашалауға арналған арнайы туристік сапар ұйымдастырылып тұрады.

Сөздің ыңғайы келгенде «Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің арнаулы өкілінен жақын арада ғарышқа қазақ­стандық ұшуы мүмкін бе, жоқ па, соны сұрадық. Оның айтуынша, ғарышқа өз өкілін жіберу – мемлекет үшін, қазақ елі үшін үлкен мақтаныш. Бұл ретте біз аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеу жүргізген Қазақстанның үш өкілі – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовпен мақтанамыз. Алайда ендігі ғарышкердің есімі әзірге белгісіз.

– Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан, жоспарланып отырған ғылыми зерттеулер үшін ұшыруға болар еді. Дегенмен, әзірге «ғарышкер дайындалып жатыр, осындай уақытта ұшады» деп айтуға әлі ерте, – деді ол.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»