Жол картасы биыл да жалғасады

392

0

Былтыр карантинге қарамастан, құрылыс қарқыны тоқтамады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бірнеше жылдан бері жөнделмеген білім ордалары жаңартылып, жолдар асфальтталды, мәдениет, спорт нысандары, тұрғын үйлер бой көтерді.

Ең бастысы, жол кар­та­сының жүзеге асуы 10 мыңнан аса адамның жұмыспен қам­тылуына ықпал етті. «Жұмыс­сызбын» дейтіндердің саны әлдеқайда азайды. Сондай-ақ, қала мен даладағы өмір сапасын жақсартып қана қой­май, көшелерде жаз бойы жалғасқан қызу еңбек, жол­дардың жөнделуі, шаһар эстетикасының артуы індет келгелі көңілі алаң жұртқа жақсы әсер сыйлады.

Сандарды сөйлетсек, облыста өткен жылы жол картасы аясында 291 жобаға қаржы бөлініп, 10 116 жұмыс орнын құру жоспарланған. Былтыр меже толық орындалып, 10124 адам қызу еңбеккке кірісті. Еңбекақыға келсек, 85 мың теңгеден кем болмауы тиіс орташа жалақы мөлшері 88 242 теңгені құраған.

Күрделі уақытта жүзеге асқан жол картасы тұрғын­дарды жұмыссыздықтан құт­­­қа­рып қана қоймай, ең қа­­­жетті нысандардың жаңғыр­тылуына себеп болды. Нәти­жесінде 32 нысанның құры­лысы жүргізіліп, 26-сы қайта жаңғыртылды, 195-і ағымдағы және орташа, 38-і күрделі жөндеуден өтті. Жол картасы тұрғын үй-коммуналдық саладағы проблемалық мәсе­лелердің шешілуіне де септігін тигізді. Облыс аумағында 35 шақырым жылу желілері жаң­ғыртылып, 179 әлеуметтік нысан және 711 көпқабатты тұрғын үй үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, 174,1 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен 3 көпір жөнделіп, 3 елді мекенге газ тартылып, 2 елді мекен таза сумен қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына оң әсерін тигізді.

Мұнан бөлек, 6 мәдениет және 9 спорт нысаны салынып, Сексеуіл елді мекенінде жаңадан бой көтерген 2 мектеп білім беру сапасының артуына, оқушылардың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 36 отбасы 2 көпқабатты тұрғын үйге қоныстанды.

Айталық, бір ғана Қазалы ауданында 42 жоба іске асты. Бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ барды, Ақсуат ауылында 150 орындық клуб салынып, мектептің жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді.

Жалпы мұнан өзге барлық ауданда әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, күн сәл бұзылып, жаңбыр сіркіресе балшыққа айналатын жол­дар­дың жағдайы жақсарды. Ал, облыс орталығындағы 200-ден астам көшеде жол жөнделіп, орталықтан бөлек, шеттегі әл-Фараби, КБИ секілді шағын аудандарда асфальт көрмеген Көктем, Әшірбеков сынды жолдар тақтайдай тегістеліп, көркі кіріп қалды. 

Жол картасы биыл да жалғасады. Бюджеттік инвес­тициялық жобаларға 4,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Әйтеке би, Жаңақорған кенті және Қызылорда қаласы бо­йынша 6 жоба жүзеге асады. Төртеуі білім нысанының құрылысы болса, оның ішінде үшеуі жаңадан салынады, біреуінің құрылысы өткен жылы басталған. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласындағы Залинейная, Комсомол шағын аудандарында электрмен қам­­ту қосалқы станциялар қайта жаңғыртылады. Айта кету керек, бұл жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу енді жүргізілетіндіктен, жұмыстар алдағы айларда басталады.

Жол картасы биыл да пандемия кезіндегі ең басты мәселенің бірі – тұрғындардың жұмыс табуына ықпал етпек. Жоспар бойынша 1376 жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл ретте жергілікті қамту үлесі 90 проценттен, жалақы мөлшері 85 мың теңгеден кем болмауы басты назарда ұсталады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<