Әрі шоколад, әрі құрт

779

0

Ұлттық тағамдарымыздың бір түрі – құрттың адам ағзасына пайдасы көп екенін білеміз. Кезінде әр үйдің дастарханынан, балалардың қалтасынан табылатын өнім қазір де қат емес. Бірақ бағасы қалтаға кәдімгідей салмақ. Оның түр-түрі де көп. Нағыз сапалысын, таза табиғи жолмен дайындалғанын табу  қиын. Қызық дерекке қараңыз, елімізге құрт Өзбекстанәкелінеді екен. Осы деректі естіген қаламыздың жас тұрғыны Нұрсұлтан Қалмағамбет еш ойланбастан небәрі 15 мың теңгемен құрт жасап, сатуды бастап кетеді. Ол өзгелерден дәмі ерекше, балаларға ұнайтын түрлі-түсті және шоколад құрт өндіруді қолға алған.

Кішкентай кезінен кәсіпке икемі бар жігіт 13 жасынан бастап ойыншық, балмұздақ сатқан. Ал өткен жылдың басынан бері ұлттық өнімді заманауи түрге айналдыру идеясын іске асыра бастайды. Байқасыңыз, шоколадқа малынған жеміс түрі көп. Бұл қазір сұраныстағы өтімді тауарға айналған. Нұрсұлтан да кәдімгі құртты шоколадпен көмкеріп, бір жыл бойына жаңа өнімді жасау үшін ерінбей еңбектенеді. Бір жасағаннан бола қоймайтынын түсініп, бастаған ісінің нәтижелі болуы үшін жалықпай ізденіп, оның дәмі мен түрін жетілдіре түседі. Ең бірінші шығарған өніміне отбасы мүшелері баға береді. Жақындарының қолдауын сезінген Нұрсұлтан осы кәсіпті бастап кетеді.

– Біздің өнім «Qurtella» деген атаумен шығады. Бастапқыда асүйде дайындалған құрт қазір шағын цехта әзірленеді. Қарамағымда 5 жұмысшым бар. Күніне 500 келі құрт өндіреміз. Жарты сағатта 20 қорабын қалыпқа құйып шығарамыз. Бағасы қолжетімді, бір қорабы 390 теңгеден сатылады. Қазір Батыс, Оңтүстік Қазақстанмен келісім-шарт арқылы өнімдерді өткізудеміз. Енді Шығыс Қазақстан өңірімен іскерлік байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Алда бұл кәсіпті кеңейтуді қолға алсам деймін. Шикізатты сатып алмай, оны да өзімізде өндіру үшін үлкен ферма ашқым келеді. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге берілетін грантқа үміт артамын, – дейді Нұрсұлтан.

Қаламыздағы «Қызылорда оптом маркет», «Карамель», «Small» секілді супермаркеттерден «Qurtella» өнімдерін алуға болады. Облыстың аудандарына да жеткізу қарастырылған.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<