109: желіде жедел әрекет

994

0

Қандай да тұрмыстық мәселе туындап жатады ғой. Қала ішінде су тоқтап, жарық өшсе, бірден абыржи қалатынымыз белгілі. Қоқыс жиылып, жылу берілмесе де шағым жасауға бейімбіз. Қаңғыған ит пен мысық мазаны алса да, қоңыраулатуға болатынын жақсы білеміз. Қайда телефон шаласыз?! Ол да түсінікті. Былтыр желтоқсанда жұмысын бастаған «Жедел әрекет ету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі 109 және 112 қызметтері халық өтінішіне құлақ асуда қалтқысыз жұмыс істеп тұр.


Иә, олар үздіксіз, әсіресе жергілікті тұрғындардан келетін қоңыраулар легіне 24 сағат бойы салиқалы түрде жауап береді. Операторлардың еңбегі бұл. Ауысым сайын осында отырған 7 оператор жұмысын мүлтіксіз атқаруда. Тіпті, кейбір ашулы тұрғын абайсыз құлаққа түрпідей тиер сөз айтса да, оған сыпайы түрде жауап беріп, мәселені тиісті орынға хабарлап отырады бұлар.


БІР НӨМІР БЕС-АЛТЫ ТҮЙІНДІ ТАРҚАТАДЫ

Бұрын тұрғындар кем дегенде 24 коммуналдық не авариялық қызмет орындарына хабарласатын. Одан бөлек, 40 облыстық басқарма мен қалалық бөлімдердің телефонын іздеп әбігерге түсетіні бар. Олардың қай нөмірі қаймана жұртқа жаттанды дейсіз?! Қазір «109» нөмірін теріп, туындаған мәселені асықпай түсіндіруге болады. Рас, әр мекемеге қоңыраулату қажет болмай қалды.


Бір күнде 300-ге жуық шағымға толы қоңырау түсетін орталықтағы қызметкерлердің жұмысы мұнымен бітпейді. Әр соғылған қоңырау артындағы мәселе қағазға жазылып, оның орындалған-орындалмағанын тіркейтіні тағы бар. Мысалы, 110 өтініштің 10 шақтысы орындалмаса немесе тұрғын шағымының себеп-салдары анықталмаса, онымен келесі ауысымдағы қызметкер қосымша айналыса беретін көрінеді.

Бұл «Жедел әрекет ету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің былтыр ресми ашылғанын айттық қой. Аталған мекеме облыстық цифрлық технологиялар басқармасына қарасты. Ал Жаңа жылдан бері қарай жұмысын күшейткен қос орталықтың қызметін халық тұрақты пайдаланып келеді. Бір нөмерге қоңырау шалу арқылы бес-алты мәселенің түйінін шешетін орталықтың жұмысы уақыт өткен сайын жемісті болуда.


– Айына 6 мыңға жуық қоңырау түседі десек, соның 95 проценті оң шешімін тауып жатады. Мысалы, алда жылу маусымы келе жатыр, енді біздің операторларда жұмыс күшейе түседі. Жылу беру кезінде әйтеуір бір мәселе туындайтыны анық қой. Ауа райы бұзылса, көлік апаты орын алса, тіпті, қоғамдық көлік тоқтамай кетсе де, қоңырау шалатын адамдар бар. Біз олардың барлығына көмектесіп, тиісті орындарға хабарлаймыз. Шешімін шағымданушы тұрғынға міндетті түрде айтамыз, – дейді орталық директоры Ғани Тасмағанбетов.


Жалпы «109 – бірыңғай байланыс орталығын» құру жұ­мыстары басталғанда қаланың инфрақұрылымына қызмет көр­сетуге тартылған барлық ком­муналдық қызметтер: жылу, электр, ауызсу мен кәріз жүйелері, қоқыс, люктер, жол шұңқырлары, қоғамдық көлік мәселелері осында біріктірілген еді. Осыларға қатысты тұрғындардан келіп түсетін барлық арыз-шағымдар «109» бірыңғай нөмірі бойынша қабылдануда.

САБЫРЛЫҚ ӘРКІМГЕ ДЕ СЫН

Шынымен орталық қызметін әдейі барып көрген адам жылдам көмек көрсетудің тамаша үлгісін байқар еді. Мұнда 40-қа жуық қызметкер, оның ішінде 28 оператор 12 сағатқа бөлініп, төрт ауысымда жұмыс істейді. Демалыс деген жоқ, тәуліктің жеті күнінде сіздің қоңырауға жауап беруге әзір. Әрі мұнда жарықтың сөнуі мен интернеттің тартпауы деген түсінік мүлде болмауы тиіс. Болғанның өзінде мұндай тығырықтан шығуға жәрдемдесер автоматты жабдықтар бар.


– Тіпті, кеңес сұраушылар да бар. Мұндайда операторлар қолдан келгенше тиісті орындар арқылы көмек көрсетеді. Біз хабарлама түскеннен кейін оның орындалған не орындалмағанын да анықтаймыз. Мысалы, үйден су кеткен жағдайда тиісті мамандар барып оны жөндесе, тұрғынның өзі де қоңырау шалып, рахметін айтады. Фотоға түсіріп, біздің +7771700109 whatsApp желісіне суреттерін жібереді. Өзіміз де бақылауға алып, тиісті мекемеге де, тұрғынға да шығып, мән-жайды анықтаймыз.


Айтпақшы, індет кезінде орталық қызметкерлері ерекше еңбек етті. Дәрілердің тапшылығы, қай жақтан дәрі аламыз деген сауалдарға да жауап іздеп, дәріханалармен байланысып отырдық. Қоғамдық көлік жүрмей, оған қатысты да мәселе шешімін тапты. Сондай-ақ 42500 теңгенің, яғни әлеуметтік көмек жайлы да сұрақтар жауапсыз қалмады. Біздің ұжым бірлесе қимылдап, халықты сабырға шақырып, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етті. Олар сол үшін де түрлі дайындықтан өтіп, қажетті курстарды бітірді, – дейді орталық басшысы.


Расымен, орталық жылдам қызмет көрсетудің үлгісін танытып-ақ отыр. Тіпті, ауа райы қолайсыз болып, қар қалың түскенде, жаңбырлы күннің арты мұздаққа айналып, жол қатынасы қиындағанда да байланысқандар қапы қалмайды. Операторлар көмек көрсетуші құзырлы орындарға қоңырау соғып, жедел түрде шешім табуға жәрдемдесіп отыр.


– Айтпақшы, кейбір тұрғындар шыдамсыздық танытып, қайта-қайта телефон шалатын кездер жиі болады. Мұндайда ашу үстінде қолайсыз сөздер де айтылатыны белгілі. Бұған біздің операторлар асқан сабырлылықпен жауап беріп отырады. Ал қызметкердің ар-ожданы, жеке басына тиер ыңғайсыз сөздер айтылса, біз де сотқа шағымдана аламыз. Сондай-ақ әр қоңыраудағы диалог бір ай бойы телефон жадында сақталып, тіркелген уақыты бо­йынша қайта тыңдауға да мүмкіндік бар. Бұл тұрғындар тарапынан сенімсіздік болған жағдайда немесе операторлар қоңырау шалған әр адаммен дөрекі сөйлессе, дәлел бола алады. Біз соған сәйкес шешім қабылдаймыз, – дейді орталықтағы әдіскер-аналитик Еркін Әбенов.


Бір қызығы, «109» бірыңғай байланыс орталығының функциясы өтінішті кәдімгі телефон арқылы ғана емес, сонымен қатар барлық әлеуметтік желілер, яғни қалта телефонымен де қабылдайды. Әрі бұл қоңыраудың барлығы тегін. Сондай-ақ, сіз аса қиын жағдайда қалып, ұялы байланыс тым әлсіз не мүлде жоқ жерде «109» нөмірін терсеңіз, сіздің нақты мекен-жайыңыз бірден анықталып, соған жақын жердегі құтқарушы құзырлы орынға хабар беріледі. Ғарыштық желінің осы кереметін ұқсата білген орталық адам өміріндегі қауіп-қатерлерге тосқауыл болып отыр.


Нұр-Сұлтан, Атырау және Павлодардан кейінгі Сыр еліне жеткен осы бір ғажап пилоттық жұмыстың қала тұрғындарынан бөлек, алдағы күні аудан халқына да көмегі көп болатын сияқты. Аймақтың әрбір тұрғыны үшін көмек көрсетуді мақсат еткен «Жедел әрекет ету орталығының» бір жылға таяп қалған қызметтік қадамы әзірге тұрғындар тарапынан оң бағаға ие.


Ержан ҚОЖАСОВ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<