«Ақылына көркі сай»

1017

0

Бұл – желіде көркімен тамсандырып, «Қызылорда аруы – 2017» атанған Гүлнұр Нұртазаға жұртшылық қалдырып жатқан пікірлердің түйіні. Бірер апта бұрын бойжеткеннің дәмханалардың бірінде ыдыс жуып жүрген бейнежазбасы тараған болатын. «Қазнетте» көп талқыланған бейнежазбадан соң Гүлнұр жайлы отандық БАҚ жарыса жазды. Жақында ресейлік танымал тележүргізуші Ксения Собчак жерлесімізге «Бірінші арнадағы» бағдарламаның кейіпкері болуды ұсынды. Алайда, ұзақ келіссөздерден кейін Гүлнұр шақыртудан бас тартқан. Оның өзіндік себебі бар.

– Негізінен бұған дейін модельдік агенттікте, сән көрсеті­лім­дерінде жұмыс іс­тедім. Әлемді жайлаған індет әсе­рінен ол жақ­тағы жұмыс тоқтап қалды. Отбасымда жал­ғыз қызбын. Әкем 15 жасымда жүрек ауруынан қайтыс болды, анам былтыр қыркүйекте коронавирустан көз жұмды. ­Туыс­тарыммен жақын аралас­пай­­мын, ешкімге масыл болғым келмейді. Сонымен пәтерақым, күнделікті жолым мен тамағыма ақша табу керек болды. Одан бөлек, оқуға төлейтін ақша жинап жатқан едім. Алматыдағы университеттердің бірінде сырттай экономист мамандығы бо­йынша оқимын. Оқу ақысы – 700 мың теңге. Дәмханада ыдыс жуып, бас аспазға көмектескенім үшін күніне жеткілікті жалақы аламын.  Дәмханада істейтін досым видеоны ортақ таныстарымыз бар чатқа жіберген екен. Әрі қарай оны желіге кім салып жібергені белгісіз. Бір күн ішінде қарапайым видео өмірімді өз­герт­ті, қолдау танытқандар, «хайп қуып жүр» деп пікір білдіріп жатқандар бар. Ресейлік БАҚ назар аударып, бағдарламаға қатысуға шақырды. Бағдарлама менеджері маған ұшу, қонақ үйде тұру ақысын төлейтіндіктерін, қомақты қаражат беретіндерін айтты. Үлкен мүмкіндік туды деп ойладым, сондықтан бастапқыда келістім. Алайда, бағдарлама сценарийін, сұрақтарды қарау барысында бір-екі мәселе туындады. Олардың Қазақстандағы сән саласына салыстырмалы түр­де қарауы, негативті пікір­лер ай­ты­латыны көңілімнен шық­пады. Арзан шоуға айналдырып,  «Қараңыздар, Қазақстанда осындай қыздың жағдайына ешкім қарамайды» дегенді айтып, ре­сейлік арулар конкурсының жеңім­паз­дарымен мені салыс­тыр­ғысы келетін емеурін байқа­дым. Сондықтан келісімді бұ­з­уы­ма тура келді, – дейді Гүлнұр.

Шынында, бұл – қарапайым бейнежазба, қыз баласының күн­­де­лікті үй шаруасындағы жұ­мы­сы. Бірақ, мұндағы мәселе әсем­дік байқауында топ жарған бойжеткеннің подиумды бір кез дәмха­наға алмастырғанында болып тұр. Оған кейіпкеріміз мынадай жа­уап қатты.

– Осындай байқауларда топ жарған сұлулардың енді өмірі өзгереді, жұлдызы жанды, ақ­сау­сақ, өзіндік пікірі қалып­тас­паған деген мін тағылып, қатты сөздер де айтылып жатады. Бірақ, әр адам әртүрлі. Отбасында тәлімді тәрбие алған, құндылықтары қалыптасқан, ар­манына өз күшімен жетуді ойлайтын қыздар көп. Өмірдің барлығы біз әлеуметтік желіге жүктеген көңілді сәттеріміздегідей емес. Бірде құлаймыз, бірде қайта тұрып, мақсаттарымызға ұмты­ла­мыз. Менде де солай. Бірақ, қоғамда түрлі пікірдің болуы заңды, – дейді ол.

Әлеуметтік желіде кеңінен тараған бейнежазбадан соң кей­бір алаяқтар Гүлнұрдың аты­нан фейк парақша ашып, көп­тен көмек те сұраған. Мұны көр­геннен кейін Гүлнұр өзінің ресми парақшасын қайта іске қос­қанын, онда хабарлама қал­дырып, көмек қолын соз­сам деген жандар көп екенін айтады. «Бү­гінгі таңда жеке шотыма 200 мың теңге қаражат жиналды. Біреу­лер 100, енді біреулер 300 теңгеден жіберіп жатыр. Оны оқуыма жұмсаймын. Мәселе ақшада емес, ниетте. Маған қолдау білдіріп жатқан әрбір жанға алғыс білдіремін. Мен осы жайттан кейін айналамызда көмек қолын созуға асық ақжүрек жан­дардың көптігін байқадым. Материалдық емес, адами құн­ды­лық маңызды әрқашан» деді ол әңгіме соңында.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<