Cмағұл ЕЛУБАЙ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙТІНДЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ АТҚАРУҒА ҚАҚЫСЫ ЖОҚ

157

0

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланғанына келер жылы 30 жыл толады. Күні бүгінге дейін биліктің тізгінін ұстаған кейбір азаматтардың орыс тілінде сөйлеп келе жатқаны халықтың әсіресе тіл жанашырларының жүйкесін жұқартып жібергені анық. Тіпті төзім де таусылып бітті. Ұлт жанашырларының көкірегінде тұншыққан ащы айқайды сезгендей жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин мен Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевпен кездесу барысында қалың қазақтың жанайқайын жарыққа шығарды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Үкімет пен Парламент бұдан былай мемлекеттік тілде жұмыс істеуі керек деп шегелеп айтты. Мұнда Елбасының қазақ тіліне деген жанашырлығы қайнап жатқанын айқын аңғаруға болады. Әрине, ол кісі Президент болғаннан кейін біз сияқты айқайлап айта алмайды. Осы сөзінің өзі қазақтың жанайқайы болып естілді. Бізді қайран қалдырғаны – Президенттің бұл ескертуіне қарсылардың бой көрсетуі. Бұл өте қорқынышты әрі қауіпті құбылыс. Яғни Қазақстанда қазақтардың өзі мемлекеттік тілді менсінбейді деген сөз. Олар ұлтаралық қатынасты бетке ұстап әбден үйреніп алған. Совет заманында да интерноционализмнің желеуімен жүзге жуық ұлттардың тілін өшіріп, мәңгілікке келмеске кетірген болатын. Бүгінгідей Тәуелсіз елде өмір сүре отырып, қазақтың тіліне деген идеологияның салқынын сезіну өте ауыр. Өкінішке орай мұндай дауыстар шенеуніктердің арасынан шықты. Мемлекеттік тіл заңының шыққанына 30 жылға жуықтаса да 30 ауыз сөз үйренуге құлқы жоқтардың бұл әрекеті олардың тіл үйренуге деген қарсылығы екендігі сөзсіз. Шамасы келсе жойып жіберуге дайын қазақтарды көзбен көріп жүргендігіміз де үлкен қасірет.

Әлі күнге дейін көптеген мекемелер әсіресе сот жүйесі, бизнес саласы орыс тілде жүргізіліп келеді. Солардың ықпалы болуы керек Үкімет те 15 министр жиналған жерде әлі күнге дейін орыс тілінде сөйлейді. Бұл зиялы қауым өкілдерінің ашу-ызасын туғызды. Біз мұны Тәуелсіздігімізге зияны тиіп кете ме деп айқайлап айта алмай, үнсіз тұншығамыз. Басқа не істейміз? Айтылған сөзді де олар құлаққа ілмейді. Президент айтқанда ғана өздерінің жаңылғандарын түсініп, табан астында қазақша былдырлай бастады. Сөйтсек бұлардың бәрі біледі екен. Кейбірі тіпті сайрап берді. Ал енді тіл білмейтіндердің қазақ тілін болашақта үйренеміз дегендері жәй әңгіме. «Тіл үйрену үшін біраз уақыт керек» деудің өзі қисынсыз. Қазақстанға келгеніне 5 ай ғана болған кәрістің, жапонның қыздары қазақ тілін өте жақсы үйреніп алған. Ал біздің шала қазақтарымыз қазақ тіліне қарсы осындай сұмдықты туғызып отыр. Қазақ тіліне деген қарсылық өз ұлтыңа, шынтуайтына келгенде Тәуелсіздікке деген қарсылық. Қазақтың Тәуелсіздігін күшейткен тілді олар өкінішке орай отқа жағып жіберуге де дайын. Ондай қазақтарды мемлекеттік қызметте қалай көтеруге болады? Мемлекеттің саясатын, мемлекеттің тәуелсіздігін, мемлекеттің тілін менсінбейтін, оны пайдаланғысы келмейтін, тіпті көрге тығуға дайын шененуніктерді қалай түсінуге болады? Тәуелсіздік идеясына қарсы мұндай шенеуніктерден қайткен күнде де арылуымыз керек. Яғни мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуге міндетті деген сөзді Елбасы аузынан көп ұзамай еститін болармыз деген үмітттемін.

Жазып алған:Гүлмира САДЫҚ

 

https://www.qazaquni.kz