Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

617

0

Қызылорда қаласындағы Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінде облыстық білім басқармасының «Ғылыми бағдар беру шеберханасы» жобасы аясында «Білім берудің цифрлық трансформациясы: Білім. Ғылым» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді, деп хабарлайды Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі.

Онлайн режимінде өткен конференцияға АҚШ, Вирджиния штатының Вашингтон халықаралық мектебінің мұғалімі Хуррам Шехарьяр, Павлодар қаласындағы ХББ НЗМ мұғалімі, Джордж Вашингтон университеті Болашақ бағдарламасының стипендиаты А.Ермекова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы А.Ахметова, облыстық оқу орталығының директоры С.Асқаров және тағы басқа шет мемлекеттер мен еліміздің ғалымдары қатысты.

Ғылымға негізделген білім ордасындағы конференция жұмысы 4 бағыт бойынша жүргізілді. Қатысушылар білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайында болашақ мұғалімдерді дайындау мен білім берудегі цифрлық технологиялар, білім берудің әртүрлі деңгейлеріндегі педагогикалық аспектілер және әлемдік білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті ұстаз келбеті тақырыптарында талқылау өткізіп, өз тәжірибелерімен алмасты.

Айта кетейік, мектепте «Ғылыми бағдар беру шеберханасы» жобасы аясында оқу жылының көлемінде 21 ғылыми-кеңесшілер мен профессор-оқытушылардың қатысуымен 9 онлайн-тәжірибе алаңы өткізілді. Аталған іс-шаралар аясында ғылыми-жобалардың тақырыбын таңдаудан бастап, бағыттар бойынша зерттеулер жүргізу, нәтижесін жинақтау және қорытындылау, рәсімдеу талаптарына дейінгі аралықтардағы жүргізілетін жұмыстар кезең-кезеңімен түсіндірілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<