Әлеуметтік төлемдердің мөлшері артты

461

0

Жаңа жылдан бастап еліміздің азаматтарына төленетін төлемдердің бірқатарында өзгерістер бар. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Лиман Боранбаева ұсынған мәліметтерге қарағанда, Қазақстан Республикасының «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап  айлық есептік көрсеткіштің мөлшері (әрі қарай – АЕК) – 2525 теңге болған. Ең төменгі зейнетақы – 36108 теңге, күнкөріс деңгейі – 29698 теңге, базалық зейнетақы төлемі – 16037 теңге,  ең төменгі жалақы 42500 теңге болып белгіленді. Осыған байланысты, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7% -ке арттырылады. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты көбейтілді.

Мысалы, зейнеткердің  еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда  зейнет­ақысының  мөлшері 2018 жылғы желтоқсан айында базалық зейнетақы төлемімен қосқанда 66378+28284=94662  теңгені құраған болса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға көбейткенде 66378 х 7%=71024 теңге, оған  29698 теңге  базалық зейнетақы төлемін қосқанда 71024+29698 барлығы 100722 теңге алатын болады, яғни 6060 теңгеге көбейді.

Егер еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда  орташа зей­нетақы мен базалық зей­нетақы төлемін қосқанда 47659+20930 = 68589 теңге мөлшерінде зейнетақы алушы, Жаңа жылдан бастап  7 процентке арттырылғанда 47659 х 7% = 50995 теңге, оған  21977 теңге базалық зейнетақы тө­ле­мімен қоса   барлығы 50995+21977=72972 теңгені құрап, 4383 теңгеге ұлғайды.

2018 жылдың желтоқсан айында  ең төменгі зейнетақы мөл­шері еңбек өтілі  20 жыл  болған жағдайда  базалық зей­нетақы төлемімен қоса 33745+20930=54675 теңге мөл­­­­шеріндегі зейнетақы 7 про­­цент есебімен  33745 х 7% =36108 теңге, оған  базалық зей­­нет­ақы төлемін  қосқанда 36108+21977=58085 теңге болады немесе 3410 теңгеге арттырылды.

Биылдан бастап тағайын­далатын зейнетақы төлемін есептеу кезінде алынатын табыстың ең жоғары мөлшері 116150 теңгемен шектеледі (2525 теңге АЕК х 46 еселенген). Осы табыстан есептелетін зейнетақының ең жоғары мөлшері  базалық зейнетақыны қоспағанда (116150х75%) = 87113 теңгені құрайды , яғни ең жоғары табыстың 75 пайызынан аспауы тиіс.

Мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына  байланыс­ты мемлекеттік әлеуметтік жәр­демақы және тағы да басқа жәр­­демақы алушылардың тө­лем­­дері  5 пайызға арттырылды.

Мысалы, жалпы ауру салдары бойынша І топ мүгедегінің мемлекеттік әлеуметтік жәр­дем­­ақысының мөлшері  2018 жылы 54306  теңгені құраса,  2019 жылдан 57020 теңге болды, яғни 2714 теңгеге көбейді.  2 топ мүгедегі  43275 теңге  жәрдемақы алса, 2019 жылға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысының мөлшері 2163 теңгеге көбейіп, 45438 теңгені құрады.

Ал, мүгедек баланы  және кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-анасына, қамқоршысына берілетін жәр­демақының мөлшері   ең тө­менгі күнкөріс деңгейі 1,05 еселенген мөлшерінде  есеп­теліп,  (29698 х 1,05)=31183 теңге болды.

Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушыларға отбасының еңбек­ке жарамсыз, оның асырауында болған 1 мүшесі үшін  жәрдемақысының мөлшері 24325-тен 25540-теңгеге арттырылып, яғни 1215 теңгеге көбейді. Одан әрі отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған  мүшелерiнiң санына қарай коэффициенттерінің өзгеруіне байланысты мемле­кеттік әлеуметтік жәрдем­ақысының мөлшері де өзгереді.

№1, №2 тізім бойынша, яғни ерекше ауыр және зиян­ды жұмыс істеген адамдар үшін мемлекеттік арнайы жәр­демақылар,  арнаулы мем­ле­кеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалар жәрдем­ақыларының мөл­шері   айлық есептік көр­сет­­кіш­тің өзгеруіне сәйкес көбейді.

Атап айтқанда,  бала туылғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы мөлшері бірінші-үшінші бала туылғанда  2018 жылы 91390 теңге болса, 2019 жылы – 95950 теңге, яғни 4560 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туылғанда 2018 жылы 151515 теңгеден  болса, биыл 159075 теңге немесе 7560 теңгеге артты.  

Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланыс­ты берілетін жәрдемақының мөлшері туу кезектілігіне байланысты бірінші балаға 14544 теңге болса, екінші балаға  17195 теңгені, үшінші балаға  19821 теңгені, төртінші және одан да көп бала туылғанда 22473 теңгені құрайды.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<