Халықаралық музейлер күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, ұлт мәдениеті мен өнерін жаңғырту жолында өлшеусіз қызмет етіп, өз қолтаңбасын қалдырған көрнекті тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Ұлт рухын ұлықтаған тұлға» атты көшпелі көрме ашылды.
Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы негізінде жасақталған экспозицияда Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолына, сондай-ақ қызметі мен қайраткерлік тұлғасына қатысты құнды жәдігерлер қойылды. Оның ішінде, көрнекті тұлғаның қазақ елінің мәдениеті мен өнерін сол кездегі Одақ көлемінде кеңінен насихаттауда, өнер иелерін қолдауда атқарған ұшан-теңіз еңбегі еріксіз назар аудартады.
Көрменің ашылуында Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының маманы, Мәдениет қайраткері, Ө.Жәнібековтің шәкірті Рахия Жүзбаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр сөз сөйлеп, іс-шараның мазмұны тек тарихи деректермен шектелмей, рухани-танымдық тереңдікке негізделгенін атап өтті. Дәлірек айтқанда, көрмеге келушілер тек бір тұлғаның өмірбаянымен танысып қана қоймай, тұтас бір кезеңнің мәдени саясаты, ұлттық рухтың жаңғыруы және тарихи сананың қалыптасу үдерісін терең түсіне алатынына сенім білдірді.
Көрмеден орын алған Ө.Жәнібековтің ғылыми және шығармашылық мұрасына қатысты сирек құжаттар мен архив материалдары, одан бөлек, жеке пайдаланған бұйымдары да оның туған халқы үшін еткен адал қызметін айғақтап тұрғандай. Айталық, әр жылдары баспасөз бетінде жарияланған мақалаларының көшірмелері, авторлық қолтаңбасы қойылған ғылыми еңбектері, фотосуреттер мен тарихи хаттары – өз алдына бөлек құнды құжаттар. Әсіресе, экспозициядан орын алған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қайта жаңғырту және реставрациялау жұмыстарына қатысты ресми хаттар, жоспарлар мен архив анықтамалары қатысушылардың қызығушылығын арттыра түсті.
Рухани-мәдени мұраны насихаттау арқылы ел тарихы мен ұлт құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды жиында Өзбекәлі Жәнібековтің ел руханиятын көтеруде атқарған ерен еңбегі, өнер мен дәстүрді жаңғырту жолындағы жүйелі бастамалары және сол жұмыстардың бүгінгі нәтижесі жан-жақты таныстырылды.
Жиында сөз сөйлеген қоғам қайраткері Сәпен Әбдіқадырұлы көрменің тарихи-мәдени маңызына кеңінен тоқталып, ұлттық руханиятты жаңғырту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және дәстүр құндылықтарын дәріптеу жолында қалтқысыз адал қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібековтің халық алдындағы қайраткерлік тұлғасы қашан да биік екенін атап өтті.
– Экспозицияның әрбір бөлімі мазмұндық тұрғыдан жүйеленіп, қайраткердің өмір жолын кезең-кезеңімен таныстыруға бағытталған. Бір бөлімде оның мәдениет саласын дамытудағы ұйымдастырушылық еңбегі көрініс тапса, келесі бөлімде ұлттық мұраны жинақтау, сақтау және жаңғырту жолындағы атқарған қызметі кеңінен баяндалады. Сондай-ақ этнографиялық зерттеулері мен ұлттық өнерге қатысты бастамалары ерекше назарға алынған, – дейді облыстық музей басшысы Нұрмат Мансұр.
Ел тарихында есімі екшеліп жазылған Өзбекәлі Жәнібеков – Түркістан қаласының тумасы, этнограф-ғалым, академик, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, идеология және мәдениет саласының жетекшісі, Қазақ КСР Мәдениет министрі қызметтерін атқарған.
Мемлекетшілдік, қайраткерлік қырына зер салсақ, ол кеңестік кезеңнің кері саясатынан қаймықпай, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауидің рухани іліміне алғаш бетбұрыс жасап, «Диуани хикмет» кітабының қолжазбасы, тағы сол сияқты тарихи мұраларды сақтап қалуға күш салған. Бүгінде оның есімімен аталатын Әзірет Сұлтан қорық-музейінің құрылуына қосқан үлесі зор. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университет бар.
Сол кездегі ел астанасы Алматы қаласында 1987 жылы Наурыз мейрамы алғаш тойланғанын ақпараттардан білеміз. Осынау мерекені көзімен көргендердің естеліктерінде халықтың рухы көтеріліп, ел тарихындағы ерекше оқиғаның бірі болғаны айтылады. Әлбетте, бұл сол уақытта Мәдениет министрі лауазымын атқарған Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі екені сөзсіз.
Тағы бір дерек, 1989 жылы Ленинградта тұрған (қазіргі Санкт-Петербург) тайқазанды тарихи отанына оралтудағы еңбегі елдің жадында. Жалпы ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында алғаш музейлер жұмысын ұйымдастырып, тарихи маңызы бар мұраларды жинақтау, сақтау, насихаттауда айрықша қолтаңбасы бар. Айта кетейік, бүгінде қайраткердің өмірі мен ел тарихындағы еңбегі кітап болып жарыққа шығып, драмалық қойылым арқылы театр сахналарында насихатталып жатыр.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметін кеңінен насихаттау, оның ұлт мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегін ғылыми танымдық тұрғыда дәріптеу, өскелең ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыру арқылы ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған көшпелі көрме көпшілікке ерекше әсер етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме 31 мамырға дейін жалғасады.
Тарихи танымы мол іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





