Өңір делегациясы халықаралық форумға қатысты

3

0

Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өткен Дүниежүзілік урбан форумның 13-сессиясына Сыр өңірінің делегациясы қатысты. Аталған халықаралық алаң БҰҰ-Хабитат ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып, урбанизация, қала құрылысы, климат тұрақтылығы және заманауи инфрақұрылым мәселелерін талқылауға арналды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Форумға әлемнің 100-ден астам елінен 20 мыңнан аса делегат жиналды. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшы­лары, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар мен урбанистика саласының мамандары бар.

Қазақстан делегациясы құрамына Қызыл­орда облысының өкілдері де енген. Олар өңірдің тұрақты дамуы, қала инфра­құры­лымын жаңғырту және экологиялық баста­малар бағытында тәжірибе алмасты.

Форумда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған урбанистикалық даму саясатының негізгі басымдықтарына тоқ­талды. Атап айтқанда, азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, су қауіпсіздігі және климат тұрақ­тылығы мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар Urban Expo көрмесі өтуде, онда қатысушылар назарына Қазақ­станның ұлттық павильоны ұсынылды. Экспозиция қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, инфра­құрылымдық шешімдер және жаңа қала құ­рылысы жобалары арқ­ылы елдің тұрақты, жайлы әрі экологиялық таза қалаларды дамытуға заманауи көзқарасын көрсетеді. Green ID жобасына ерекше назар аударылды, бұл – көгал­дандыруға, климат тұрақтылығы мен қала­лық ортаның сапасын арттыруға бағытталған бастама.

Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласында тұңғыш Ұлттық урбан форум ұйымдастырылып, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен бизнес өкілдері бас қосты. Іс-шара өңірдегі тұрақты қалалық даму, заманауи инфра­құрылым қалыптастыру және урбанистика бағытындағы өзекті мәселе­лерді талқылауға мүмкіндік берді.