Пробация есебіндегі азаматтар сан кәсіпті игеруде

954

0

Кейінгі кезде кәсіпкерлер қатарын пробация есебіндегі азаматтар толықтырып жүр. Аяғын шалыс басып, бірақ сол қателігінен сабақ алғандар қоғамға пайдасын тигізуді қалайды. Қолынан іс келсе аянып қалмақ емес.

Облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аумақтық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмектер белсенді көрсетілуде. Оның ішінде кәсіпке бет бұрған азаматтар қатары артты. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Қайтарымсыз грант алып, құрал-жабдығын түгендеп, шаруасын дөңгелентіп отыр.

Есепте тұрған азаматтар мал шаруашылығы, бетон өнімдерін шығару, шаштараз, компьютер жөндеу орталығы, бал арасын өсіру, кір сабын шығару сынды кәсіп түрлерін ширатып келеді. Мәселен, өткен жылдың он екі айында пробация есебіндегі 27 азамат «Бизнес Бастау» аясында «кәсіпкерлік негіздері» оқу курсын аяқтап, жобасын қорғаған.  Тың жобалары мақұлданып, 555 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алды.

Ал жыл басынан бергі көрсеткіш жөнінде облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация қыз­метіне басшылық жасау тобының бас маманы, әділет майоры Өмірзақ Сейдахметов айтып берді. Оның айтуынша, пробация есебіндегі азаматтар кәсіпкерлік саласын меңгеріп, бос уақыттарын қоғамға пайдалы іске арнаған.

– Биыл пробация есебіндегі 7 азамат Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде оқып, қайтарымсыз грант ұтып алды. Олар «кәсіпкерлік негіздері» курсын оқып, бизнес жоспарын құрды. Нәтижесінде 583 400 теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізді. Қазір оның екеуі құс шаруашылығын дамытуда. Үш азамат төрт түліктің бабын тапса, екі азамат дәнекерлеу цехы мен типография ашуды жоспарлап отыр.  Кәсіпкерлікке қы­зығушылық танытып, қолынан келетін ісін дамытуға мүмкіндік алып жатқан азаматтар қатары артуда. Оларды қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады, – деді ол.

Өмірде шалыс басып, сол әрекетінен опық жеген азаматтың бірі – Алмат. Ол қателігін кеш түсінді. Бірақ түзетуге болатынын біліп, жаңа қадам бастауға бекінді. Енді қоғамға кесірін емес, пайдасын тигізуге шешім қабылдады. Кәсіпкерлік бағытта білімін жетілдірді. Жобасын қорғап, қайтарымсыз грант иеленді. Бетон өнімдерін  шығаратын цех ашты. Өндіріске қажетті шикізатты жергілікті кәсіпкерлерден алады. Қазір шаруасы оңалып, тапсырыс артқан. Тақтатас, жол плиталары мен бордюрға сұраныс жоғары. Ол тұтынушының талғамынан шығу үшін әрбір тапсырыс­ты жауапкершілікпен орындайды.

Ал, Руслан есімді азамат жасанды тас шығаруды кәсіп еткен. Уақытын тиімді пайдаланып, әлеуметтік желіде жасанды тастың жасалу жолдарын үйренді. Қызығушылығы артып, кәсіп бастауға ниет білдірді. Ол мемлекет тарапынан кәсібін жаңа бастаушыларға арналған қолдаудың игілігін көрді. Қайтарымсыз гранттан ұтқан қаражатына құрал-жабдығын алды. Күнделікті тапсырысын тыңғылықты орындайды. Жасанды тас гипстен жасалады. Оны қатайту үшін пластификатор қолданылады. Тастың түсін түрлі бояулармен әрлеп, ерекше өң береді.

– Өмірде жастықпен шалыс қадам жасайтын кездер  болады. Бірақ оны дер кезінде түзеп, қайта оңынан бастау керек. Қателігімді түсініп, өзімді-өзім дамытуды қолға алдым. Қазір айналысатын ісім бар. Жасанды тастарға сұраныс жоғары. Көпшілік үйлерін сәндеу үшін жасанды тасты қолданады. Сондықтан бұл кәсіп түріне тапсырыс көп, – дейді ол.

Жақында Русланның қолынан шық­қан өнімдері облыстық көрме сөре­леріне де орналастырылмақ. Ізденімпаз жігіт алдағы уақытта мемлекеттік бағ­дарламаға қатысып, жеңілдетілген несие алуды көздеп отыр.

Ал, қалалық пробация есебінде тұрған Айбек есімді азамат ісмерлікпен айналысады. Тігін тігудің қыр-сырын меңгерген ол кәсіп ашып, шаруасын жандандырып келеді. Кейіпкер қызба мінезінің кесірінен темір торға тоғытылған. Жоғары білімі жоқ азамат жазасын өтей жүріп, білім алуға ұмтылады. Тігінші мамандығын оқыды. Дипломын қолына алғаннан кейін мамандар оны мекеменің өндіріс аймағындағы тігін цехына орналастырады. Айбек тігін тігу арқылы мінезінің өзгергенін айтқан. Себебі, ісмер болу шыдамдылықты, төзімділікті, ептілік пен икемділікті қажет ететініне көз жеткізеді. Ол осыдан екі жыл бұрын  жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылып, темір тордан босатылып, пробация есебіне алынады.

– Абақтыдан шыққан соң, қалалық пробация қызметкерлері әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаражатты иемденуге ықпал етті. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Кәсіпкерлік негіздері» курсын оқыдым. Бизнес жоспар құрып, жобам қолдау тапты. 555 600 теңге қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар алдым. Білімге деген құштарлық, мамандықты игеру менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Қоғамнан тысқары қалмай, қайта қолдаудың арқасында кәсіп игердім, – дейді ол.

Қазір Айбектің тапсырысы көп. Уақытының басым бөлігін тігін цехында өткізеді. Тұтынушының талғамынан шығу үшін барын салады. Сапалы да сәнді киімдер тігіп, көпшіліктің көңі­лінен шығып жүр.

Мақаланы дайындау барысында пробация есебінде тұрып, кәсіп ашқан бірнеше азаматтың ісін тілге тиек еттік. Олар жаза басып, қалған өміріне қолын бір сілтеген жоқ. Қайта бұрыс әрекетін түзеп, оң қадам жасады. Екі қолға бір күрек тауып, кәсіпкерліктің аясын кеңейтті. Арнайы мамандардың қолдауынан нәтиже шығарды. Ең бас­тысы, еңбек еткеннің ертеңі жарқын екенін дәлелдегендей.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<