Қармақшыда Ұлы Отан соғысы ардагеріне көше атауы берілді

362

0

Бүгін Жосалы кенті орталығындағы көшеге Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Сәдуақас Баймахановтың есімі берілді.

Көшенің ашылу салтанатында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз алып, соғыс және еңбек ардагерінің өнегелі өмірі мен еңбек жолы туралы айтып өтті.

– Бар саналы ғұмырын халқына арнап, артында өшпестей із қалдырып, үлкен құрметпен еске алуға лайықты азаматтарымыздың бірі болған Сәдуақас ағамызға көше атауы берілуі аға ұрпаққа деген құрметтің жарқын көрінісі. Қазақ жерінде бүгінгідей бейбіт таң шапағының атуына ұйытқы болып, болашақ ұрпақтың алаңсыз ғұмыр кешуі жолында аянбай тер төккен ағамыздың есімі халқымен мәңгі жасайды, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, іс-шараға арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Жұмашұлы және Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының кеңесшісі Сергей Андреевич құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді.

Іс-шара соңында майдангер ардагердің ұрпақтары атынан Асылбек Сәдуақасов әке есімін ардақтауға атсалысқан аудан басшылығына және қолдау білдірген аудан жұртшылығына ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, Сәдуақас Баймахановтың атына берілгелі отырған көшенің ұзындығы 120 метр. Аталған көшеге биылғы жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық асфальттанады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<