Раушанның әсемдік рәуіші

988

0

Кейіпкеріміз Раушан Болатбек тәуекелі көп кәсіпте шыңдалушылар қатарынан. Талабы мен талғамының, қабілеті мен қарымының арқасында іскерлігін дәлелдеп жүрген ол қала орталығындағы «Orken S» сұлулық салонының өркендеуіне үлес қосып келеді. Ең бастысы, тұтынушылар дән риза. Нақты істе нәтиже бар.

– Бұрындары косме­то­логияға қатысты арнайы курс­тардан қалмайтынмын. Шаштараз ісінде шың­дал­дым. Бір сөзбен айтқанда, талмай іздендім. Соның нәтижесінде осы салаға төселдім. Қазір шаш қиып, бояймын, тұтынушының ойынан шығуға барымды саламын. Салонда өзім секілді 10-нан астам маман бар, олар бет әрлеу, тырнақ әсемдеу қызметтерін көрсетеді. Мұнда келушілердің барлық қызмет түрін жоғары бағалайтыны және шеберлерге үлкен сенім артатыны қуантады. Биыл сұлулық индустриясында жүргеніме – 5 жыл. Нәзік жандарға сұлу­лық сыйлаудың өзі бір ғанибет деп біле­мін, – дейді Раушан.

Шынында, сұлу­лық сало­нына барған жан ең бірінші ойындағыдай шаш үлгісін жаңарт­қысы немесе бет-әлпе­тін жасартқысы келеді. Ол үшін клиент қандай салонға баратынын өзі таңдайды. Көңілінен шықса, сол жердің тұрақты клиентіне айналады, шықпаса басқа салон іздейді. Сондықтан тұтынушының таңдау еркін жаулап алу үшін салондар да барын салып жатады. Біз барған сәтте ішінің әсемдігі көз тартатын, барлық құрал-жабдықтары заманауи технологиямен жабдықталған, мұнтаздай таза ғимаратқа келу­шілер қатары қалың екенін байқадық. Бесаспап мамандар маникюр, педикюр, шаш қию, бояу, бет әрлеу жұмыстарын сапалы жасауда. Олардың барлығы келушілерді жылы қарсы алып, ізетпен шығарып салуға дағдыланған.

– Клиенттер күнібұрын жазылады. Қызмет көрсе­тетін баға прейскурантта жазулы тұрады, барлығы қолжетімді. Қысқасы, біз сән әлеміне енген жаңалықтан құр қалмауға тырысамыз, – дейді кейіпкеріміз.

Ғалам сұлулыққа құмар, әлем әдемілікке асық. Сон­дықтан да бұл сала жыл өткен сайын жандана берері сөзсіз. Талапты да талантты жас болашақта мемлекет ұсынған тиімді мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шаштараз ашуды да ойлайтынын айтты. Мақсаты – бала кездегі арманына қанат бітіріп, бизнестен береке табу. Біз Раушанға қарап, талай белесті бағындырарлық ынтаны байқадық. Іштей риза болып, «адам шын ниеттенсе, қолынан келмейтін дүние жоқ» деген пікірге қосылдық.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<