Сала жетістігі – жаңа технология

354

0

 Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде денсаулық сақтау саласы жылдамдықпен дамуда және осы саладағы реформалардың барлығы да Елбасы бастамасымен жүзеге асып келеді. Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуінің негізгі шарттарының бірі – халық денсаулығының жақсаруы. Осы орайда республикада, оның ішінде облыста денсаулық сақтау саласында да ауқымды істер көп.

Атап айтқанда, салаға заманауи технологияларды енгізуге, материалдық-техникалық базасын күшейтуге, профилактикаға, науқастарды диагнос­тикалау мен емдеуге қаралған қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып, соңғы бес жылда 39,8 процентке артты. Медициналық көмектің сапасын жақсарту, қолжетімділігін арттыру мақсатында соңғы екі жылда 25 медициналық нысан қолданысқа берілсе, соңғы 5 жылда елді мекендердегі бастап­қы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың 63 проценті жаңартылды. Былтыр Арал, Қазалы аудандық орталық ауруханалары ел игілігіне берілсе, Шиелі, Жалағаш аудандық орталық ауруханасының құрылысы жүргізілуде.

Облыстағы денсаулық сақ­тау ­ұйымдарын заманауи ме­дициналық техникамен жаб­дықтауға соңғы бес жылда 8 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, нәтижесінде медициналық ­ұйымдардың материал­дық-техникалық құрал-жаб­дық­­тармен жарақтандыру көрсеткіші 34,9 процентке өсіп, 2018 жылы 79,26 процентті құра­ды.

Шұғыл медициналық кө­мектің сапасын арттыру мақсатында жедел жәрдем стансасы, стационарлық және амбулаториялық емдеу ұйымдарының «Көмек» және «КМИС» медициналық ақпараттық жүйесі арасында интеграция жасалды. Нәтижесінде алып келе жатқан науқас туралы ақпарат қабылдау бөлімшесіне түседі, хабар түскен бойда дайын тұрғын мамандар науқасқа шұғыл көмек көрсетеді. Бұл әдіс – науқас өмірін сақтап қалуға көп септігін тигізуде. Сонымен бірге, облыстағы 10 жедел медициналық көмек көрсететін стационардың қабылдау бөлімдері жаңартылып, триаж жүйесі енгізілді.

Аймақта денсаулық сақ­тау саласында мамандар тап­шы­лы­ғын жою мақсатында түрлі шаралар атқарылуда. Өткен жылдың 1 қаңтарына мамандар тапшылығы 205 дәрігерді құраса, биылғы жыл басына көрсеткіш 121 болды.

Мамандар тапшылығын азай­ту мақсатында 2016 жылдан бастап облыс әкімінің гранты негізінде 42 резидент еліміздің 5 жоғары оқу орнында даяр­лануда. Биыл 16 дәрігер, 2020 жылы 15 маман, 2021 жылы 10 дәрігер, 2022 жылы 1 маман резидентураны бітіріп келеді деп күтілуде. Одан бөлек, былтыр жергілікті бюджеттен 30 жалпы тәжірибелік дәрігер даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлініп, аймақтық саланы дәрігерлермен қамтуға мүмкіндік жасалды.

Өткен жылы мамандардың біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, 767 маман білімін жетілдірсе, 720 дәрігер шеберлік кластарында біліктілігін арттырған. Сондай-ақ, мамандардың кәсіби біліктілігін жақын және алыс шетелдерде шыңдауға да зор көңіл бөлінуде. Мәселен, былтыр 7 маман Кореяда біліктілігін арттырса, 157 сала қызметкері Қазан қаласында білімін көтеріп келді. 2018 жылы 130 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 52,3 проценті елді мекендерге жіберілді. Осының негізінде қазіргі таңда бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарының дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 95 процентке жеткен.

Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында салада ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильді цифрлық қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні саланы цифрландыру аясында 32 медициналық ұйымға ақпараттық жүйелерді енгізу 100 процентке қамтылса, интернет байланыс арналарымен қамтамасыз ету 85,2 процентті құрауда.

Ал биылғы жылы саланы қаржыландыруға 53,9 млрд теңге бөлінсе, 5 медициналық ұйымды күрделі жөндеу­ден өткізу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 13 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша жалпы өлім көрсеткіші 7,7 процентке, қатерлі ісік аурушаңдығы 5,6 процентке төмендеген.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<