Тұрғындар алғысы

308

0

Естеріңізде болса, былтыр көктемде, дәлірек айтқанда, 17 нау­рыз күні Арал қаласында тұрғын үй апаты орын алды. Сол күні кешкі сағат 18.10 шамаларында Арал аудандық №3 өрт сөндіру мекемесінің кезекші бөліміне Арал қаласы, Жароков көшесі №2 мекен-жайда орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің екінші қабаты құлағаны туралы хабар түскен.

Одан кейін бір жыл уақыт өтті. Барлық отбасыға жаңа үй тұрғызылды. Оған дейін де аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдай бөлімінің мамандары жедел түрде оқиға орнына барып, жағ­­дайға байланысты дер ке­зінде көмек көрсеткені бар. Оқыс оқиғаның алдын алуда ау­дандық комиссия мүшелері де тартылып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс көлемінде шаралар жүрді. Бұны біз басылым бетіне де ақпараттандырдық. Абырой бол­ғанда, сол үйдің құлаған бө­лі­гінде адам тұрмайтын болып шыққан. Әйтеуір, бұдан зардап шеккен ешкім болмады.

Осы ай басында Арал ауданында іссапармен жүргенімде Мұхит Тәжікбаев есімді азаматпен кездейсоқ кездесіп қалдым. Аудан орталығындағы мәдениет орталығында сантехник болып жұмыс істейтін ол кезіндегі құлаған үйдің тұрғыны болып шықты. Бүгінде апатты үйлерден құтылып, 27 отбасыға арналған баспананың біріне қол жеткізген Мұхит аға  тілші екенімізді білгеннен кейін, өз алғысын төге жөнелді.

– Қауіп пен үрейде өмір сүріп, үй астында қалу қатерін сезініп, өзіңді үнемі қорқынышта ұстауды сіз өзіңіз елестетіп көріңізші. Шүкір дейміз. Тілегіміз орындалып, былтыр күзде тегін баспанаға қол жеткіздік. Облыс әкімінің тапсырмасы жедел орындалып, жаңа үйдің кілтін қолыма алғанда шексіз қуанғаным есімде. Міне, осылай. Мен ғана емес, бір кездері апатты үйде тұрған барлық отбасы аймақ басшысы мен осы істің басы қасында жүрген азаматтарға риясыз рахметін айтудан жалықпайды. Аудандағы жігіттерге көп рахмет. Өзім бес баланың әкесімін. Жұбайым ілгеріде қайтыс болды. Жағдайымызды жақсартуға ұмтылып, жұмыс та тауып берді, – дейді аралдық Мұхит аға.

Иә, аталған апатты үйдің 1986 жылы салынып, 1990 жылы тұрғындарға пайдалануға берілгенін білетінбіз. Сол оқиғадан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жедел түрде шешім қабылдап, аудан басшылығына тиісті тапсырма берген болатын. Сонымен қатар, 27 коммуналдық тұрғын үйдің жүргізілуін ұдайы назарда ұстады. Пайдалануға берілген осы үйлердің тұрғындарымен кездесіп, аралдық ағайынның шексіз ризашылығын да алған болатын. Орналасқан аумағы сәтті таңдалған бұл шағын аудандағы әр үйдің ауласында тұрмыстық қажеттілікке арналған қосымша учаскелері бар. Жарық жүргізіліп, су тартылған. Сондай-ақ, үйлерді тұрғызған мердігер компания өз қаржысы есебінен табиғи газ жүргізіп, жылытқыш пешпен де жабдықтап берген.

Ержан ҚОЖАСОВ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<