Баба рухы ұлықталды

2331

0

Қазақта ұрпағының болашағы, халқының азаттығы үшін күрескен тарихи тұлғалар аз емес. Солардың біріКедей би Жәнібекұлы. Өткен апта соңында Қазалыда ұрпақтары баба рухына арнап ас беріп, танымдық конференция өткізді.

Шараға қатысушылар алдымен Майлыбас бекетіне барып, Кедей ата кесенесінің ашылу салтанатына қатысты. Ал Қ.Пірімов ауылында өткен шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, ел ағасы Самұрат Имандосов, облыстық мәслихат депутаттары Мінәжадин Өтеев, Ибайдулла Тілеп қатысты. Шараға Алматы қаласынан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы,  ҚР ҰҒА академигі Б.Кәрібаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қазбай Құдайбергенов, Нұр-Сұлтан қаласынан жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов, Алматы облысынан ҚР Мәдениет қайраткері, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени, қорық-музейінің бөлім басшысы, этнограф-жырау Балтабай Ибраев, ақтөбелік өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, Қарағанды облысынан тарихшы Оңдасын Оразов арнайы ат арытып келді.

Алдымен «Тарих. Тұлға. Тағзым» тақырыбында конференция өтті. Оны ақын Мақсат Дауылбай жүргізіп отырды. Аудан әкімі М.Оразбаев шараның маңыздылығына тоқталып, игі іске сәттілік тіледі. Тарихи таным үшін жасалған жұмыстар өз жемісін беретінін айтты. Туған халқына суықта пана, ыстықта сая болған тарихи тұлғаларды ұлықтаудың, олардың еңбегі мен ерлігін зерделеудің маңыздылығына тоқталды.  

Тарихшы ғалым Талас Омарбеков кезінде «Тарихи деректердің жеткіліксіздігінен аймақтық қайраткерлер деңгейінде қалып қойған тарихи тұлғалар да аз емес» деген-ді. Сондай күйді кешкен тұлғалардың бірі – Кедей би Жәнібекұлы. Бұл пікірді ҚР ҰҒА академигі Б.Кәрібаев та қуаттап отыр. Сөз тізгінін алған ғалым «Кедей би және оның заманы туралы» баяндама жасады. Бұдан кейін Кедей бидің рухани жетекшісі Мағзаман әулиенің ғибраты жайында Қазбай Құдайбергенов тарқатып айтты. Әулиенің өмір тарихы мен дүниетанымын зерттеп, Мағзаман әулие мен Айтқұл би достығы жайында тың дерек тапқан жырау Алмас Алматов жиынға қатысушыларға құнды дерек ұсынса, Ақтөбе қаласынан келген өлкетанушы Б.Мырзабай орамды ойларымен бөлісті. Бұдан кейін конференция қонақтарына пікір алмасуға кезек берілді.

Шара спорттық жарыстара ұласты. Қазақстанның әр өңірінен жиылған білекті де жүректі жігіттердің алғашқы сайысы гір көтеруден өтті. 32 келілік гірді екі иығына басқалардан артығырақ мінгестірген Жәнібек Аралбаев пен Ондрей Жандәулет ауылына қой арқалап қайтты. Жалағаштан келген Абдулхасан Сейтенов, Төлеген Қайсар және Нұрлан Сембаев есімді жігіттер қаржылай жүлдеге ие болды. Үздік бестікті жосалылық Бағлан Еламан қорытындылады. Ал қошқар көтеруден болған таласта 193 рет отырып-тұрған шымкенттен келген Құттыбай Сырлыбай қошқарды иемденді. Оның жерлесі, арыстық, Азамат Мақұлбеков екінші орынға тұрақтады. Жосалыдан келген Бекмұрат Нысанбаев үштікті, жерлесіміз Нұрқожа Темірбекұлы мен Ү.Түктібаев аулының тумасы Дәулет Түлкібай төртінші, бесінші тұғырға тұрақтады.

Ас болған жиында қазақы күрес ұйымдастырылмай тұрмайтыны хақ. Біреу түйе палуан кім болды десе, арқасы жерге тимей, 350 мың теңгені ұтып алған аралдық Нұрым Сәлімгерейді айта жүріңіз. Келесі жүлделі орынды  қармақшылық Мақсат Шағабылов пен қызылордалық Ержан Абдуллаевтар иеленді. 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен  Саламат Жұқағұлов (Қызылорда қаласы) өзгелерден басым түсті.  Бұдан кейінгі саламақтарда Азамат Шайқұлов, Т.Тергембаев, Олжас Оразалының бағы жанды.

Ал 35 жасқа дейінгі құрамалар арасындағы волейбол жарысынан Бозкөл ауылының командасы – бірінші, Жалаңтөс – екінші, Құмжиек аулы – үшінші орынға тұрақтады. Ал қамал бұзар жігіттердің құрамасы арасынан «Қазалы» командасы жүз мың теңгені жеңіп алды. Құмжиек пен Ақсуат екінші, үшінші орынды місе тұтты. Сондай-ақ, басқа командаларға да қаржылай сыйлық үлестірілді.

Түс ауа жұрт Сыр сүлейлерінің жалғасы, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері атанған Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай сынды белгілі ақындар қатысқан ақындар айтысын тамашалады. Республикалық деңгейдегі дүлдүлдер доданың бас жүлдесін Мұхтар Ниязов жеңіп алды. Ашық аспан астында өткен сөз сайысының жүлделі орындарын Рүстем Қайыртай, Аруна Керімбек және Бексұлтан Орынбасаров өзара бөлісті. Ал жыр орындаудан Айбек Тәңірбергеновке тең келер жан табылмады. Серік Жақсығұлов пен Айдос Рахметов келесі жүлделі орындарға ие болды.

Қазақтың ас-тойы бәйгесіз өткен бе? Келесі сәтте ат жарысы басталды. Аламан мен құнан бәйге жеңімпаздары үшін баба ұрпақтары қос бірдей темір тұлпар тікке. Авокөліктер де иесін тапты. Осылайша, біраз жылдан бері қазақы дәстүрді аңсаған, ата-баба әруағына тәу етуді ойлап жүрген жұрттың ойлағаны жүзеге асты.

Ринат Әбдіхалық,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<