Базар жырау өмірінің соңы

1718

0

Көре алмаушылардың жаласымен патша үкіметінің қудалауынан бой тасалап, балқы Базар Хиуа хандығы жеріне жер ауып барады. Барған жерінде жағдайы жақсы болмай, науқастанып жүреді. Бұл хабарды Бұқарада Көкалдашта «Мір араб» медіресесінде оқып жүрген Тұрмағамбет Ізтелеуов есітіп, қасына бір жолдасын ертіп Хиуа жеріне барып, іздеп тауып, Бұхараға алып барған. Бұқарада көп жерлерді аралап, көріп, біраз кісілермен кездеседі. Сол жылдары Бұқарада медреседе оқып жүрген тәжік халқының атақты ғұламасы Садридин Айнимен кездесіп, сұхбаттасқан. Бұхарада Тұрмағамбет Базар жырауды емдетіп, біраз уақыт тынықтырып, жағдайы жақсы болған соң, керуеншілермен қазіргі Өзбекстанның Үшқұдық ауданы Құлқұдықтың Жалпақтау деген жерінде тұрып жатқан нағашыларының ауылына жеткізген.

Сол жылдары шөмекейдің Аспан руының Айтқожа аталығынан шыққан елге танымалы бай Тұрабайға үлкен ас берілген. Асқа бір жағы Қарақалпақ, бір жағы Сыр бойы, сонау Бұхар таманы елдері шақырылған. Ас қазіргі Құлқұдық ауылында өткен. Асқа жиналған елдің сан есебі болмаған. Өте көп халық қатысқан екен. Осы асқа Бұхарадан қайтқан балқы Базарда барып жырлаған.Түскен үйі айтқожа Боқан байдың үйі. Кешке Базар жырау жырлағанда тыңдауға келген елдің көптігі сонша отырған елдің аумғы дауыс жетер жерге дейін созылыпты. Жұрт тегіс көріп, тыңдасын деп үлкен қазақы үйдің туырлық, үзіктерін сыпырып тастап, ортаға үлкен сандық қойыпты. Базар жырау сол сандықтың үстінде отырып жырлаған. Басқа үйде жырлап отырған қазақ, қарақалпақ, түркмен жырауларды тыңдап отырған жұрт ол үйден Базар жырлап отырған жерге ауып кеткен айтушы еді көрген кісілер. Бұл – 1910 жыл. (Осы аста көкпар шауып, салым салған кісі бала кезімізде бізбен көрші тұрды. Дараз ата деп атаушы едік, руы Шөмекейдің Аспаны, Айтқожа аталығынан.) Келесі жылы Құлқұдықтың Ақбөгет фермасы орталығының арқа жағында бір шақырымдай «Базардың көңі» деген жерде ауырып, нағашысы Ержанның үйінде өмірден озыпты.

Базар жырау қайтыс болған соң, қос атпен Ақбөгетке 150-200 шақырым Жаңадария мен Қуаңдария бойында тұрып жатқан жырау отбасына көптен бірге жүрген жолдасы Бүкір Бәкірді хабаршы етіп жіберілген. Жаназасына өзінің мініп жүретін Қаражорғасын сояды. Жер шалғай жыраудың бала-шағасынт күтуге уақыт тар. Базар жырау ірі денелі кісі болған, жерлеуге екі нардың ортасына екі бақанды байлап, арқанмен торлап, Базар жырау денесін салып Ақбөгеттен 5-6 шақырым жердегі Жалпақтаудағы зиратқа жерлеп жатқанда, жерлеуге үлгеріп, Жалпақтаудың биігінен «Ой, бауырымдап» Қарасақал Ерімбет, Бүкір Бәкір бастаған бір топ адам келді дейді, соның ішінде Балқы Базардың баласы Нұрлыбек, әйелі Айсұлу анамыз да бар екен. Айсұлу анамыз Жалпақтаудың басынан төмен қарай түсіп келе жатып, ұзақтан былай деп жоқтап айтқан дейді: Қуанышым қайратым, арыстаным, Жаласымен жаулардың алыстадың. Тым болмаса бір сағат күтпедің бе, Мен ауылдан шыққаннан дауыстадым. Зар еңіреп ұлың мен қызың келді, Бізбен бірге зар жылап жырың келді. Қалың елің бетіңнен бір сүйе алмай, Балқы Базар өлгенің шының ба еді – деп, тек топырақ тастауға үлгерген екен. (жоқтау өлеңді Алмас Тауасқановтан жазып алдық)

Жырау қабірін қалақ бортастармен жауып, бас жағына белгі ретінде өзінің Қаражорғасының басын көмген екен. Әйелі жүзін көрмекші болған екен, бірақ мұсылманшылыққа тура келмегесін, аштырмаған. Жалпақтау – Қызылқұмның ортасында биік сазды шат, тау емес. Суды тереңдігі 100 метрдей шегенді құдықтан алады. Үшқұдық қаласына 145 км Бұл әңгімені үлкен ақсақалдардан есіткен едім. Мен өзім Ақбөгет фермасы орталығындағы Базар жырау атындағы мектепте мұғалім болдым. Жалпақтаудағы Базар жырау бейітіне жиі барып, құран оқып, зияр ат жасап тұрушы едік. Оқушыларды да алып барып, жырау туралы, өлеңдері туралы айтып таныстыратынбыз. Үлкен қариялардан есіткен әңгіме еді.

Оразов Оңдасынның парақшасынан алынды.

Жырау туралы әңгімені фотолармен және қосымша деректермен толықтырып, қайта жариялап отырмыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<