Облыстық филармонияға Әлшекей есімі берілсе

1417

0

Келер 2022 жылы Сыр өңірінің айтулы күйшісі Әлшекей Бектібайұлының туғанына 175 жыл толады. Әлшекей туралы белгілі ғалым-зерттеуші Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» атты кітабында: «Сыр бойындағы жыршы-жыраулық дәстүр мен күйшілік дәстүрдің тек-тамыры арғы ғасырмен сабақтасып жатқаны күмән тудырмайды. Ғасырларды көктей өтіп жеткен сол ұлы дәстүрдің Сыр бойындағы ең жарқын тұлғаларының бірі – Бектібайұлы Әлшекей», – деп жазған. Шынында Әлшекей есімі өңірдің күйшілік өнер тарихында Қор­қыттан кейінгі тұрған тұлға екені бәрімізге мәлім.

Кеңес үкіметінен қуғын көрген күйші 1929 жылы Тәжік­станға табан тіреген. 1932 жылы қайтыс болып, сүйегі сол жат жерде қалып, күйлері елде ұмытыла бастаған.

Кейінгі жылдары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласының аясында Сыр бойында аты аңыз­ға айналған күйшіні ұмыт қалдырмау үшін көптеген іс-шаралар жасалды. Атап айтқанда, 2017 жылы қазақтың музыка мамандарының қатысуымен күйшінің 12 күйі оркестрге өңделіп түсіріліп, «Толқын» атты кітап баспадан шықты. Қызылорда қаласында Әлшекейге арналған «Жауһар мұра» атты күйшілер кеші өтті. Сол жылы Нұр-Сұлтан, Ақтау және Орал қалаларында қазақ оркестрлерінің Әлшекей шығармашылығына арналған концерттері болды.

Белгілі драматург, жазушы Жолтай Әлмашұлы «Әлшекей» ­(Күй-ғұмыр) атты сахналау­ға арналған тарихи драма жазды. Күйшінің өмірі мен шығармашылығы көптеген зерттеу­шілердің, жазушылардың еңбектеріне арқау болды және оның сарқылмас мұралары халқымыз­дың рухани байлығына айналды.

Сыр саңлағы – күйші Әлшекей Бектібайұлын халықтың жадында мәңгі қалдыру үшін Қызылорда облыстық филармониясына оның есімі берілсе құба-құп болар еді. Айта кетсек, облыстық филармонияларға әйгілі өнер адамдарының есімін беру өзге облыстар тәжірибесінде кеңінен қолданылған. Мысалы: Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы белгілі композитор, қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің, Ақтөбе облыстық филармониясы композитор Ғазиза Жұбанованың, оның қазақ халық аспаптар оркестрі композитор Ахмет Жұбановтың, Ақмола облыстық филармония­сы әнші Үкілі Ыбырайдың, Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Ғарифолла Құрманғалиевтың, оның қазақ оркестрі күйші Дәулеткерейдің, Маңғыс­тау облыстық филармониясы күйші Мұрат Өскінбаевтың, оның қазақ оркестрі күйші Абыл Тарақұлының, Павлодар облыстық филармониясы ақын Иса Байзақовтың, оның қазақ оркесті күйші Рүстембек Омаровтың, т.с.с. есімдерін иеленген.

Биылғы жылдың қараша айында Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қоғамдық қоры облыс басшылығына Қызылорда облыс­тық филармониясына күйшінің есімін беру туралы ұсыныс жолдады.

Оңғарбай ДӘНЕБЕКОВ,

Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қоғамдық қорының президенті,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<