Ажырасу артында ұрпақ тағдыры тұр

656

0

Бүгінгі қоғамда алаңдататын мәселенің бірі – ажырасу. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген ата-бабалар сөзінің жыл өткен сайын өзектілігі артып келеді, тіпті, күйіп тұрған тақырып десек, артық емес.

«Пәленшенің келіні кетіп қалыпты», «Түгеншенің қызы қайтып келіпті» деген сөздер қазіргі қазақ отбасында жиі айтылатыны, яғни, көп еститініміз соншалық, таңғалу былай тұрсын, әдеттегі жағдай секілді елеусіз қабылдайтын халге жеттік. Мәселен, мамандардың мәліметінше,  елімізде әр сағат сайын алты неке бұзылатын көрінеді. Ажырасу жөнінен әлемде алдыңғы ондықтамыз. Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде Ranking.kz мамандары дайындаған есепке сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке қиылған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға аз. Сондай-ақ, 2020 жылы ажырасқан отбасылар саны 22,5 мыңға жеткен. Ал 2019 жылы елімізде 59,8 мың неке бұзылған. Осыны алға тартқан сарапшылар пандемия елдегі ажырасулар санын айтарлықтай азайтты деп отыр. Десе де, кейінгі онжылдықтың көрсеткіштері көңіл көншітпейді.

БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының қолдауымен (ЮНФПА) жүргізілген зерттеу қорытындысына сүйенсек, 2000-2018 жылдар аралығында Қазақстанда ажырасқандар саны орта есеппен екі есе көбейген. Елдің барлық өңірінде, тіпті қазақы тәрбиенің қаймағы бұзылмаған ауылдардың өзінде шайқалған шаңырақтар саны арта түскен. Мәселен, неке бұзу деректерінің саны Шығыс Қазақстан облысында 1,3 есе, Алматы облысында 2,8 есе көбейіпті.

«Егер 2000 жылы елдегі ажырасулар саны барлық неке санының 30 пайызы болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін көтерілді. Мұндай динамика сақталса, алдағы уақытта әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады», – делінген зерттеуде.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, алдыңғы жылы шаңырақ шаттығы жиі бұзылған өңірлер арасында Алматы қаласы көш бастаған (3 мың), одан кейінгі орында – Алматы облысы (2,5 мың) және Қарағанды облысы (2,2 мың). Бір жыл ішінде некеге тұру санының айтарлықтай төмендеуі Шымкентте (17 пайызға азайған), сондай-ақ Солтүстік Қа-зақстанда (14,9 пайыз) және Қостанай облысында (14 пайыз) байқалды. Неке құрған жұптар саны тек Қызылорда облысында өскен, оның өзінде 1 пайызға ғана.

Біздің өңірдегі ахуал да көңіл қуантарлықтай емес. Мәселен, Қызылорда қалалық сотының мәліметіне сүйенсек, биылғы 10 айда өндіріске неке бұзу бойынша 1351 талап түскен. 1044 азаматтық іс аяқталып, 633 шешім шығарылған. Соның ішінде 620-сы қанағаттандырылған. Былтыр есепті кезеңде қалалық сотқа неке бұзуға байланысты 1432 талап түсіп, 752-сі қанағаттандырылған. Ал облыстық статистика басқармасы берген деректе облыс бойынша АХАЖ бөлімі арқылы биылғы 9 айда 274 неке бұзылса, былтыр бұл көрсеткіш 319-ды құраған. Басқарма мамандарының айтуынша, АХАЖ бөлімі арқылы ажырасатындар – ортақ баласы, мүлкі жоқ ерлі-зайыптылар. Ал ортақ бала немесе мүлік болған жағдайда неке сот арқылы бұзылады. Сондықтан  олардағы бар мәлімет осы екен. Солай-ақ болсын.

Сонда бір кезде сүйіп-күйіп қосылған жастардың бір-бірінен оңай жерінетіндей не болды екен? Жастарды жаңа өмірге бейімдей алмаған ата-ана кінәлі ме әлде қоғам ба? Мүмкін әлеуметтік жағдайдың  әсері шығар? Бәлкім, отбасындағы тәрбиенің осалдығы болар? Қалай десек те, өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, қуанышта да, қайғыда да бірге болуға серттескен жұбайлардың екі жарылуы, тіпті бір-бірін көрместей болып кетісуі жақсылықтың нышаны емес. Олай болса кінә кімде, кемшілік неде?

Үй бола алмағандар неге көбейді?

Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлде жат ұғым  болған. Этнографтардың сөзінше, бұл үрдістің бұзылуына түрлі тарихи оқиғалармен қатар әлеуметтік жағдай әсер етті. Ата-ана мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінсін деген мақсатпен баласының құлағына «Он үште отау иесі» деген аталы сөзді құйып өсірген қазақ ұлын ерте үйлендірген. Алайда қалыңмал беріп, қыз айттыру дәстүрі 1925 жылы «Қалыңмал алуды жою туралы» декреттен соң сирей бастады. Сонымен қатар бұл үрдістің бұзылуына өткен ғасырдың 20-жылдарындағы ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін мен соғыстың ықпалы зор болды. Ал қалыңын беріп, қызын алған қазақ құдасымен байланыс орнатып, жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса ақылдарын айтып, ұрыс-керіс шықса бақылап, екі жақты жарастырып отырған. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөзінен аспаған. Тентегін тезге салып, ақылын айтатын ақсақалдардың, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, үй ішіндегі берекенің ұйытқысы болатын дана кейуаналардың арқасында қазақ отбасында ажырасу деген түсінік болмаған. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген этнограф Аманжол Қалыштың айтуынша, ажырасу өткен ғасырдың 40-50-жылдары кең етек жая бастады.

«Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90873 некенің 27391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160517 жұптың 44 928-і ажырасқан. Бұл, әсіресе Қарағанды, Павлодар мен солтүстікте, шығыс және орталық аймақтарда қатты белең алған» дейді маман.

Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде ажырасу елдің барлық өңірінде белең алып отырғаны белгілі.  Психологтардың сөзінше, жолдары екіге айырылған ерлі-зайыптылардың саны қаншалықты көп болса, олардың ажырасуына түрткі болған себеп те соншалықты көп. Отбасылардың ойран болуына көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік жағдайдың қиындығы, жұбайлардың бірінің есірткіге, ішімдікке тәуелділігі, опасыздық, сондай-ақ ерлі-зайыптының ұзақ уақыт бала сүйе алмауы себеп болады.

Расында, әр отбасы белгілі бір даму кезеңдерінен өтеді, әр кезеңде түрлі түйткілдерге тап болып, бұрын-соңды мойынға артып көрмеген міндеттер пайда болады. Мысалы, бірінші баланың дүниеге келуі. Өйткені мамандардың пікірінше, көптеген неке осы уақытта бұзылады екен. Сондай-ақ, балалар есейген кезде ерлі-зайыптылар өздерін баладан басқа ештеңе байланыстырмайтынын ұғады. Арагідік болса да, ондаған жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп келген отбасылардың екіге бөлініп жатқанын естігенде таңғалатынымыз рас. Мұндайда халқымыз «араға шайтан кірген» деп жатады. Міне, психологтардың айтып отырғаны  осы болса керек.

Ал Қызылорда қалалық сотының судьясы Нұрлан Төлеш қазіргі кезде ажырасудың белең алу себептерін материалдық жағдаймен, жұмыссыздық, әсіресе, ер азаматтың тұрақты табысының болмауымен, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінбеуімен, сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың екіге жарылуына екі жақтың ата-анасы, туғандарының араласуы секілді түрлі жайттармен байланыстырады. Сонымен қатар мемлекеттен көмек алу үшін қағаз жүзінде ажырасулардың көбейгенін де алға тартады.

– Қазіргі кезде ажырасуға негізінен материалдық жағдай, жұмыссыздық, ер азаматтың отбасылық жауапкершілікті сезінбеуі себеп болуда. Көбіне отбасында баласы үшін ата-анасы жауапкершілік арқалап, өз баласын өсіріп-баққаны аздай, солардың баласын, яғни, немерелерінің бар жүгін де өз мойындарына жүктеп алады. Сондай-ақ, қазір мемлекеттік жәрдемақы алу үшін қағаз жүзінде ажырасулар көбейді. Мәселен, көпбалалы немесе жалғызбасты ана ретінде жәрдемақы, баспана алу үшін айырылысып жатады. Бірақ кейінгі кезде баспана кезегіне тұрып, жеңілдікпен үй алуда жалғызбасты ана категориясы деп бөлінбейтін болды, яғни, оларға мемлекет тарапынан қандай да бір артықшылық берілмейді. Бұл да өз кезегінде ажырасудың азаюына оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз, – дейді Нұржан Жұмабекұлы.

Судьяның сөзін Қазақстандық қоғамдық даму институтының Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған мына дерек те толықтыра түскендей.  Олар отбасылық өмірге жағымсыз әсер ететін факторлар рейтингін шығарған екен. Қазақстандықтардың пікірінше, отбасылық өмірге мынадай жағымсыз факторлар әсер етеді: бірінші – материалдық қиындықтар (50,5%), екінші – мінездердің үйлесімсіздігі (40,4%), үшінші – махаббаттың болмауы (35,9%), төртінші –  арада баланың болмауы (25,4%), бесінші – жеке тұрғын үйдің жоқтығы (23,8%).

«Кестеде көрсетілген жеті фактордың төртеуі 2020 жылғы сауалнама нәтижелері бойынша да алдыңғы қатарларда болды. 2021 жылы «материалдық қиындықтар» 5,2%-ға көп дауыс жинады. Сондай- ақ, тағы бір әлеуметтік- экономикалық себеп  –  «жеке тұрғын үйдің жоқтығы» «зиянды әдеттерді» алмастырып, себептердің алғашқы бестігіне кірді. Екінші жыл қатарынан респонденттердің бестен бір бөлігі жағымсыз фактор ретінде туыстарының отбасылық өмірге араласуын атап өтті» деп жазылған жазбада.

Cауалнама 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада жүргізілген және оған қатысқан респонденттер саны 1200 адам.

Тұрмыстық  зорлық-зомбылық та ажырасудың артуына себеп болып отыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының жуырда жарияланған есебіне сүйенсек, әлемдегі әйелдердің үштен бірі ер адамдар тарапынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Ал Қазақстанда 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы өз өмірінде бірнеше рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылықты, тіпті екеуін бірдей бастан кешірген.

Пандемияға байланысты жарияланған карантин бүкіл әлемде, оның ішінде қазақ қоғамында да зорлық-зомбылықтың өршуіне әкеліп соқты. Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылдың алғашқы 8 айында елімізде 130 мыңнан аса отбасындағы зорлық-зомбылық фактісі тіркеліпті. 2019 жылы қазақстандық 2480 қыз-келіншек зорлыққа ұшыраған, 742 нәзікжанды өзіне қол жұмсаған. 

«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, жұптардың екіге жарылуына басты себептің бірі – сәби сүю бақытының бұйырмауы. Мұны жоғарыда келтірдік. 

Жұбайларды жарастыруға соттар да мүдделі

Қазақ отбасылары арасындағы ажырасу  мәселесі мемлекет басындағыларды, психологтар мен репродуктологтарды ғана емес, заң қызметкерлерін де алаңдатады. Екі бөлек кетуге түбегейлі бел буған ерлі-зайыптылардың сотқа жүгінетіні белгілі. Судья Нұржан Төлештің айтуынша, ажырасуға арыз жаза келген жұбайларды сот та ә дегеннен ажырата салмайды.

– Талап арыз түскен соң тараптармен 10 күн көлемінде медиаторлар жұмыс істейді. Егер татуласпаған жағдайда автоматты түрде судьяға жіберіледі.  Мұндай жағдайда сот ерлі-зайыптылардың өзара түсінісуіне, асығыс шешім қабылдамауына, мәселені ақылмен, байыппен шешуіне ықпал етіп, арнайы уақыт беріп жатады. Кейбір жұптар осы берілген уақыт ішінде татуласып, отбасын сақтауға екі жақтан тырысады. Ал кейбір жұптарға қанша уақыт берсең де шешімін өзгерте қоймайды. Сот процесі кезінде екі тараптың жағдайы байқалады. Екі-үш жыл некелік қатынасы ажыраған, бір шаңырақ астында тұрмайтын ерлі-зайыптылар болады. Олардың некесі берілген уақыттан кейін екі жақтың келісімімен бұзылады. Ал жараспай жүргеніне бір-екі ай ғана болған,  баласы бар жұптарға тиісті татуласу мерзімі екі айдан алты айға дейін белгіленеді. Негізінен ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың қара бастарының қамын ғана ойламай, бір-біріне кешіріммен қарауы маңызды. Өйткені, бірінші кезекте ажырасудың бала психологиясы үшін зардабы өте ауыр, – дейді судья.

Сабыр мен сыйластық бәрін жеңбек

Материалды дайындауда көпбалалы ананың да пікірін сұраған едік. Ол кісі отбасындағы ұлттық тәрбиенің өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын, жаһандық үрдістерге еліктеудің абырой әпермейтінін, ең бастысы сабыр мен сыйластық деген ұғымнан ажырап бара жатқанымызды алға тартты.

– Қазіргі жастардың үйленбей жатып ажырасуына біріншіден отбасындағы тәрбиенің ролі көп.  Себебі, халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тамаша тәмсіл бар. Ұл болсын, қыз болсын ата-анасынан көргенін бойына сіңіреді. Отбасында әке-шешесінің жанжалын, ұрыс-керісін көріп өскен ұл-қыз өзі шаңырақ көтергенде де соны қайталайды. Бала үшін ата-анадан артық үлгі, ата-анадан асқан биік тұлға жоқ. Бірақ соны үлкендер жағы естен шығарып алады. Әсіресе, әйелге көп нәрсе байланысты. Өмір болған соң қиындығы мен қуанышы қатар жүреді. Сондайда ер азаматына сүйеу болып, барға қанағат, жоққа тәубе ете білу әйелдің ақыл-парасатын, өнегесін көрсетеді. Бүгінгі қоғамда өкінішке қарай, ер азаматының бетінен алып, төсіне шабатын шайпау әйел, әкені әке, ағаны аға ретінде сыйламайтын көкбет қыз көптеп кездеседі. Қазіргі кезде әйелдерге ерікті бергеніміз сонша, оларды қайтара алмайтын күйге жеттік. Мұның бәрі ұлттық тәрбие тінінен ажырағанымыздың көрінісі деп білемін.

Сабыр деген қасиет бар адамда. «Сабыр – иманның жартысы» деп жатады ғой. Қазіргі адамның бойында сол жетіспейтін секілді. Сабыр, ұят, обал деген ұғымдарды жастардың санасына сіңіріп өсірмей болмайды. Өмірден еш тәжірибесі жоқ, жастық жалыны бойларында тасып тұрған жұп бірінен-бірі жеңілгісі келмейді, біріне бірі кішіреюді кемшілік көретіні белгілі. Осы орайда ер азаматты сыйлауды санасына сіңіріп өскен қыз болса дер кезінде тоқтайды, ал білмесе қиын. 

Екіншіден, ажырасудың белең алуына әлеуметтік желілердегі қызылды-жасылды жарқыраған дүниелер, жердегі «жұлдыздардың» аста-төк, молшылық өмірі әсер етуде деп ойлаймын. Еліктегіш жастар солардай болмадық, күйеуім шетелге қыдыртпады, мол ақша таппады, қымбат көлік мінгізбеді, зәулім үйде тұрғызбады деп өкпесі қара қазандай болады. Сонан барып күйеуінің тапқан табысын місе тұтпайды, арты ұрыс-керіске ұласады. Ал оның арты ажырасуға тіреледі.

Мұндай жағдайларды жан-жағымыздан  жиі көріп жүрміз. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Жаһандық үрдіс деп, әркімнің әрнәрсесін өмір салтымызға енгізе беру, соларға еліктеу абырой әкелмейді, – дейді көпбалалы ана, Күміс алқа иегері Алтынкүл Тоқтарбайқызы. 

Ардагер ана сөзінің жаны бар. Қалай болғанда да қазір қоғамдағы ажырасу алаңдатып тұр. Мәселенің шешімі ажырасу деп түсінетін жастар қатары күн өткен сайын артпаса, азаймай отыр. Осы орайда ұлттық тәрбиені ұлықтап, оны насихаттаудың маңызы зор екені белгілі. Жуырда қалада «Анаға тағзым» орталығының кірпіші қаланды. Оған облыс әкімінің өзі қатысты. Орталықтың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қыз балалардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, ақылды-парасатты, сымбатты бойжеткен, әйел, ана болуға баулу, үлгілі көпбалалы аналардың өмір тәжірибесін жастарға өнеге ету. Орталық құрылысы келер жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.  Әрбір қазақ шаңырағы болып, тұтас ел болып отбасы құндылықтарын  насихаттап, жастарға жұбайлық өмірдің қыр-сыры жайында жан-жақты дәріптелсе, ажырасу да азаяр ма еді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<