Ғылым адамзат игілігіне қызмет етеді

298

0

Сурет ашық дереккөзден

Энергетика бүгінде әлемдік өркениеттің маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Еліміздің экономикалық саясатындағы «Жасыл экономика» бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай, газ, көмір, т.б.) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.

Балама энергия көздерінің халыққа тигізер пайдасы орасан. Өйткені, қазіргі таңда ғаламшарымызда кенбайыту өнеркәсіп орындары мен басқа да шаруашылық құрылымдар жер қыртысының пайдалы қазбаларын мөлшерден көп тұтынады. Соның салдарынан пайдалы қазбалардың қоры жылдан-жылға сарқылуда. Осындай келеңсіз құбылыстар төмендегі жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Атап айтсақ, дүниежүзі халқы өзінің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін орасан зор энергия тұтынады, бұл энергия тапшылығын болдырды. Осы мәселенің алдын алу, энергия тапшылығын жою үшін баламалы энергия көздерін пайдалану өте маңызды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда орнатылған энергетикалық нысандардың жалпы көлемі 2,5 ГВт-қа тең болса, оның 1,1 ГВт-ы – жел электр станциялары, 1,1 ГВт-ы – күн электр станциялары, 267,4 МВт-ы – су электр станциялары және 1,8 ГВт-ы – биоэлектр станциялары. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы жаңартылатын энергия көздерінен 5,1 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілген. Бұл көрсеткіштің 2,4 млрд кВт/сағ жел энергиясы, 1,76 млрд кВт/сағ күн энергиясы, 934 млн кВт/сағ шағын су электр станциялары және 2 млн кВт/сағ биогаз электр станцияларының үлесіне тиді. Қазақстан Республикасында, өкінішке орай, атом энергетикасы саласы дамымаған. Экономикасы дамыған елдерде атом электр станциялары – энергияның негізгі көзі.

Қазақстанда АЭС салуда атом электр станциялары бар және өздерінің ядролық-энергетикалық бағдарламаларын әзірлеп жатқан елдер тәжірибесі сараланып, жалпы қуаты 2,8 ГВт-қа дейін жететін екі реактор салу жоспарланып отырғаны туралы ақпарат айтылғалы бері қоғамда кереғар пікірлердің пайда болуы – заңды құбылыс. Себебі «Чернобыль», «Фукусима» сияқты апаттардың зардаптары елдің есінен, жұрттың жадынан шыға қойған жоқ. Атом электр станциясының зиянын да жоққа шығара алмаймыз. Үлкен жарылыстар экологиялық мәселелерге әкеп соғуы мүмкін. Тек экология ғана емес, экономика да зардап шегеді, себебі станциядағы құрылғылар көп шығынға түсіреді. Кейіннен қайта қалыпқа келтіруге де аз уақыт кетпейді.

Осы қиындықтар көптеген қарама-қайшы ойларға алып келді. Алайда технология теңдессіз дамыған заманда ғылымның ғажайып жаңалықтары мен ұлы ашылуларын адамзаттың қажеттілігіне жұмсауға мүдделі болып, халыққа қауіпсіздігін түсіндіруіміз керек. Қазіргі атом электр станцияларында қолданылатын заманауи реакторлар көпсатылы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған және «Чернобыль», «Фукусима» сияқты апаттардың тәжірибесін ескере отырып жасақталғанын назарға алуымыз қажет. Әлемде электр қуатымен қамтамасыз ету үшін күніне 450-ге жуық ядролық реактор жұмыс істейді. Ядролық электр энергиясы нарығын зерттеуді Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (InternationalAtomicEnergyAgency) жүзеге асырады, ол МАГАТЭ деп те аталады. Аталған ұйым жыл сайын Nuclear Share of Electricity Generation атты зерттеу жасайды. МАГАТЭ-де интеграцияланған ядролық және радиациялық қауіпсіздіктің ұлттық жүйесі бар. Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану бойынша қызметтің негізгі құбылыстарын реттейтін заңдық және нормативті база жұмыс жасап тұр.

Жалпы атом энергиясы дегеніміз не? Әрбір атом энергия бөлшектерінен тұрады. Осы энергия атомның барлық бөлшектерін біріктіреді, ал егер оларды ажыратса (бөлсе), онда әлгі энергия босатылады. Синтез реакциясы кезінде екі атом қосылып, біртұтас атом құрайды. Атомдардың қосылуы кезінде жылу түрінде орасан зор энергия бөлінеді. Күн энергиясының үлкен бөлігі Күнде өтіп жататын синтез реакциясының нәтижесінде алынады. Ол термоядролық реакция деп аталады. Қазір халықаралық ғалымдар тобы МАГАТЭ басшылығында термоядролық тәжірибелік реактор құруда, ол дүниежүзіндегі тұңғыш термоядролық электр станциясының болашақ үлгісі болмақ. Екінші әдіс – бөлу, ыдырау немесе бөлшектеу реакциясы. Бөлшектеу бір атомның екіге бөлінуімен түсіндіріледі. Ол атомды атом бөлшектерімен, мысалы, нейтрондармен (ол атом құрамына кіреді) бомбылағанда жүзеге асады. Алайда бомбылағанның бәрінде де атом бөлшектене бермейді. Көптеген атомдарды бөлшектеу мүлде мүмкін емес. Дегенмен, уран мен плутоний атомдары тиісті жағдайларда ыдырайды. Уран түрлерінің бірі – уран-235 (оны уран изотобы деп те атайды) нейтрондармен бомбылағанда екі бөлікке бөлінеді. Уран-235-тің бір килограммы бір килограмм көмір жанғанда бөлінетін энергиядан миллион есе көп энергия бөліп шығарады. Уранның шағын ғана бір кесегі тұтас бір мұхит кемесінің, ұшақ немесе генератордың жұмысын қамтамасыз ете алады. Демек, болашақта атом энергиясы адамзат үшін басты энергия көзі болып қызмет етуі әбден мүмкін.

Жалпы халықты алаңдататын мәселелерге тоқталсақ. Біріншіден, атом станциялары құрылысы жөнінен ең қымбат нысан болып есептеледі. Расында, оны салуға жұмсалатын қаржыдан бөлек, шикізат пен мерзімі өткеннен кейін пайдаланудан шығаруға кететін қаржы көп болғанмен, атом электр станцияларының қызмет ету мерзімі орташа есеппен жарты ғасырға жуық.  

Екіншіден, АЭС жанында өмір сүретін адамдардың арасында лейкемия (ақ қан, рак) ауруы жиі кездеседі деген түсінік бар. Алайда статистика бойынша бұл аурумен Жердің кез келген нүктесінде адамдар шамамен бірдей деңгейде біркелкі ауырады екен.

Үшіншіден, базбіреулер АЭС шикізат ретінде пайдаланатын уран жақын болашақта сарқылады дегенді айтады. Алайда уранның Жердегі мөлшері алтыннан 600 есе көп. Бұл – шамамен 500 жылдық қор деген сөз. Оның 19%-ы  Қазақстанның еншісінде. Ол біткен күннің өзінде ғалымдар торий элементін химиялық өңдеуден өткізіп, одан оп-оңай уран ала алады. Ал торийдің қоры ураннан үш есеге дейін мол екенін айта кетейік.   

Төртіншіден, атом энергиясының бағасы жөнінде көпшілік арасында әртүрлі ой бар. Бұл энергияның 10 пайызын ғана уранның бағасы құрайды. Оған әлемдік нарықтағы қойылған баға да мұнай мен газға қарағанда әлдеқайда тұрақты. Бүгінде атом энергиясына деген баға тек газдан ғана қымбатырақ. Ал жел энергиясынан жиырма есеге дейін арзан тұрады.

Бесіншіден, адамдарды атом электр станцияларынан бөлініп шығып, қоршаған ортаға үлкен залал келтіретін газдың мөлшері толғандырады. Алайда соңғы есептеулер бойынша, АЭС-тен бөлінетін газ күн және гидроэнергиямен салыстырғанда әлдеқайда аз көрінеді. Атом энергетикасы станция салынған аймақтың экожүйесіне, қоршаған ортаға, ауыл шаруашылығына теріс әсер етпейді. Ел аумағында ауқымды атом электр станциясын пайдалану арқылы көмір мен газдан өндірілетін электр энергиясын алмастырып, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының жалпы көлемін орта есеппен жылына 8 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік туады. 

Бәрінен бұрын адамдарды атом электр станцияларынан бөлініп шығатын қоршаған ортаға үлкен залал келтіретін қалдықтар толғандырады. Алайда АЭС-тен бөлінетін қалдықтар полиметалл қалдықтарына қарағанда залалсыздандырылғандықтан қоршаған ортаға қатты әсер етпейді. Егер оны қоймаларда сақтасақ, оның қаупі 20 жылда жойылады.

Ranking.kz атом энергетикасының болашағы туралы талдау жасапты. Портал мәліметіне сәйкес, атом энергетикасын негізінен дамыған елдер пайдаланады. Олардың арасында АЭС арқылы электр энергиясын өндіру үлесі рекордтық 69%-ды құрайтын Франция көшбасында. Бельгияда бұл көрсеткіш – 50,8%, Швецияда – 30,8%, Швейцарияда – 28,8%, Оңтүстік Кореяда – 28%, АҚШ-та – 19,6%, Ұлыбританияда – 14,8%, Канадада – 14,3%. Ал реактор саны жағынан АҚШ бірінші орында – 92, Францияда – 56, Қытайда – 55, Жапонияда – 21, Канадада 19 реактор бар.

Болашақта атом энергетикасы дамып, электрмен және энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деген үміт бар. Өйткені қазіргі уақытта 18 елде жалпы қуаты 57,6 ГВт болатын 56 реактор салынып жатыр. Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркия сияқты елдер өздерінің алғашқы атом электр станцияларын салуда. Тағы 5 ел (Эстония, Польша, Египет, Сауд Арабиясы және Өзбекстан) алғашқы атом электр станцияларын салу үшін қажетті инфрақұрылымды белсенді дайындау үстінде. Чехия, Болгария, Франция, Венгрия, Аргентина және Бразилия қосымша реакторлар салу жоспары туралы жариялады.

Қазақстанның да энергетика саласындағы бұл көштің қатарына қосылу қадамы құптарлық жағдай. Өйткені адамзатқа берілген мол энергиядан қазақстандықтардың да үлесі бар және оны тиімді пайдалану өз қолымызда.

Бахытхан ӘБДІКӘРІМОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<