Мал азығы: Субсидия беруге негіз жоқ

532

0

Бүгінде агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне 47 түрлі субсидия берілсе, оның 25 түрі мал шаруашылығына тиесілі. Осының нәтижесінде өңірдегі мал басы төрт түлік түрлері бойынша жыл сайын 3-17% аралығында көбеюде. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда ет өндірісі 1,8%-ке, сүт өндірісі 1,7%-ке, жұмыртқа өндірісі 3,1%-ке артқан.

Бір сөзбен, саланы қолдау шаралары үнемі жүргізіліп келеді. Дегенмен, облыстағы бірқатар шаруалар мал азығына қаржы бөлуді, жем-шөпті субсидиялауды талап етуде. Мәселеге байланысты өткен бейсенбіде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мал шаруашылығына көрсетілетін мемлекеттік қолдау тақырыбындағы жиынға сала басшылары мен ардагерлер, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері және жалпы қоғам белсенділері қатысты.

«Былтыр берілді, биыл неге берілмейді?»

Мәжілісте көтерілген негізгі мәселе – «Шопан ата» Қазақстан Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының облыстағы құрылымдарының мал азығына қаржы бөлу туралы талабы. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов өткен жылы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 12,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өтті.

– Биылдың өзінде саланы қолдауға 15,2 млрд теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Бұл – үлкен қолдау. Оның ішінде мал шаруашылығына 4 млрд теңгедей қаржы бөлінді. Алайда, биыл мал азығы шығындарын өтеуге қаржы қаралмаған. Сондықтан бірқатар шаруалар тарапынан «былтыр берілген субсидия биыл неге берілмейді?» деген сауал туындап отыр, – деді Серік Салауатұлы.

Айта кетсек, мал азығына субсидия 2014-2016 жылдар аралығында әр мал басына республикалық бюджет есебінен беріліп келген. Ал, 2016 жылғы Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығына сәйкес тек асыл тұқымды мал басына берілетін болды. Оған қоса, мәселені шешу жергілікті билік құзырына өтті. Яғни, бөлінетін қаржы да жергілікті бюджет мүмкіндігіне байланысты. Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев қолдау шаралары өз деңгейінде жүргізіліп, саладағы өнім көлемі жыл сайын 2,5-3% көлемінде артып отырғанын айтты.

– Жыл сайын мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан 3-4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп келеді. Мал басын асылдандыруға, аналық мал басын сатып алуға, сүт өндіру құнын арзандатуға, қолдан ұрықтандыруға субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында ауыл шаруашылық техникасын алуға 25-30%, жайылымдарды суландыру, ұңғыма, құдықтар қазуға кеткен шығындардың 50%-ін субсидиялауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысу үшін түрлі қаржы институттарынан алған несиелердің 10%-і субсидияланады. Нәтижесінде, шаруашылықтардың несие бойынша үстемақысы 6-7%-тен аспайды. Бұл да үлкен қолдау, – деді Талғат Тұрсынұлы.

Мұндай қолдау шараларының нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, 2014 жылы несие процентін субсидиялауға небәрі 403 шаруашылық қатысса, биыл 1289 шаруашылық қатысуда.

Жем-шөп екі есе арзандады

Талғат Дүйсебаев биыл мал азығына субсидия бөлінбеуінің себебіне де тоқталды. Өткен жылы орын алған қуаңшылық зардабынан мал азығы дақылдарының өнімділігі төмендеп, жем-шөп дайындауда көптеген қиыншылықтар туғызды. Бұл өз кезегінде мал азығы дақылдары бағасының күнделікті өсуіне әкеліп, жем-шөп құны екі есе қымбаттаған болатын.

– Қуаңшылыққа байланысты ҚР Үкіметінің резервінен мал азығына 1,7 млрд теңге, облыс бюджетінен 200 млн теңге қаржы бөлініп, облыстың 1100 тауарөндірушілеріне төленді. Биыл жергілікті бюджеттен мал шаруашылығын субсидиялауға 3,2 млрд теңге бөлініп, субсидия төлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, былтырғы күту парағына түскен өтінімдерге сәйкес республикалық бюджеттен қосымша 744,9 млн теңге бөлініп, тамыз айында субсидия төленетін болады, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, Сырдария өзеніндегі су тапшылығын жою үшін Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, 21 канал тазалау, 52 ұңғыманы қалпына келтіру және бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Қашыртқы суларды қайта пайдалану және елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 133 насос қондырғылары сатып алынуда.

Сондай-ақ, елді мекендерге 61 насос қондырғысы беріліп, 26 ұңғыманы бұрғылау, 14 каналды тазалау жұмыстары аяқталған. Көлдерді толтыру 75%-ке дейін жеткізіліп, шабындық пен жайылымдар суландырылған. Сонымен қатар, биыл ерте көктем айларында егіс алдында көлдер жүйесін толтыру арқылы 75,9 мың гектар шабындық жерлер суландырылып, малазықтық дақылдардың шығымы жақсарған. Нәтижесінде облыс бойынша малазықтық дақылдары былтырға қарағанда 4,9 мың гектарға артық егiлiп, 71,3 мың гектарға жеткен.

– Сондықтан аймақта жем-шөп тапшылығы жоқ. Облыс орталығының өзінде шөп сататын орындарда жоңышқа 700-750 теңгеден сатылуда. Шаруашылықтарда баға 350-450 теңге аралығында. Былтыр нарықта жоңышқа бағасы 1200-1500 теңге аралығында, шаруашылықтарда 800 теңге болатын. Осылайша, шөп қоры жеткілікті, бағасы былтырғыдан екі есе арзан. Жем бағасы да айтарлықтай арзандады. Бұл ретте, мал азығын субсидиялауға жергілікті бюджет мүмкіндігі шектеулі. Ал, өткен жылдағыдай ҚР Үкіметі резервінен қаржы сұрауға ешқандай негіз жоқ, – деді Талғат Дүйсебаев.

Талдау түйінді шеше ме?

«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған сөз. Бағдарламалық құжатта Президент бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті проблемаларға жеке-жеке тоқталған еді. Алайда бүгінде ауыл шаруашылығының аяғына тұсау болып тұрған тағы бір үлкен мәселе бар. Ол – осы салаға бөлінетін субсидия мен басқа да мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету кезінде жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыстары.

Осыған орай Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне еліміздегі агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау ісіне ауқымды талдау жүргізуді тапсырған болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев субсидиялау механизміне жүргізілген талдау қолданыстағы қағидалардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары екенін айқындап бергенін атап өтті.

– Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде субсидиялаудың басқа жүйесін енгізу бағытында жұмыстар жүруде. Бұл мәселе бойынша барлық аудандарда жиындар мен талқылаулар өткізіп, түсіндірме жасадық. Ұсыныстар әзірленіп, министрлікке жолданды. Өткен жылы бұл бағытта жүргізілген тексерулер қорытындысымен, жем-шөпке субсидия алған 72 шаруашылықтан 83 млн теңгені қайтаруға мәжбүр болып отырмыз. Себебі бұл шаруашылықтар жем-шөпті сатып алғанының дәлелдемесі ретінде тек шот-фактурасын ғана көрсетіп, оның растығын өз мойнына алған. Дегенмен, тексеру барысында шот-фактуралардың салық органдарына тіркелмегені, жалған құжат жасалғаны анықталып отыр, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, тағы 130 шаруашылықтан осындай заңсыздықтар анықталған. Соның негізінде сот органдарына арыз беріліп, басқарма 170 шаруашылықпен соттасуға мәжбүр болып отыр. Оған қоса, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларының да бірқатар қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғауға негіз болып, қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүруде.

Ашық және әділ жүйе қажет

Биыл мал азығын субсидиялауға бюджет мүмкіндігі де жоқ. Жиында облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай баяндама жасап, негізгі көрсеткіштерді тізбеледі.

– Облыс бюджетінің мүмкіндігі шектеулі. Әрі жүктемесі жыл санап ұлғаюда. Қазіргі таңда 19,7 млрд теңгенің қажеттілігі бар. Оған қоса балалардың қауіпсіздігін, мұғалімдердің айлық жалақысын, сапалы білім беруді қамтамасыз ету секілді кезек күттірмейтін мәселелерді шешу міндеті тұр, – деді Нұрғали Қордабай.

Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мал шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау төңірегінде ойларын ортаға салды. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрхожаев субсидиялауды толықтай автоматтандыру да мәселе туындатып отыр дейді. Саланы барынша ашық жасап, цифрландыру қолға алынды. Алайда осы тұста да ебін тауып, екі асап жүрген делдалдар жетеді.

– Себебі ауыл-аймақтардағы шаруа қожалықтарының барлығы цифрлы сауатты емес, барлығы компьютердің тілін, интернеттің қыр-сырын біле бермейді. Көп шаруа қожалықтары е-gov порталы арқылы өтінім берудің қарапайым қағидасын білмейді. Соның салдарынан ауыл фермерлерінің дені құжаттарын тапсыра алмай, субсидиядан қағылып қалып жатады. Бармақ бастылық та осындай жерден басталады, – деген Болат Нұрхожаев осындай қателіктер қайталана бермес үшін ауылдағы қарапайым шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты.

Қазақстан фермерлер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Өмірхан Пашкенов субсидиялаумен ауыл шаруашылығы жеке айналысып отырғанын, басқармаға құжат өткізуде шаруалар үшін көптеген қиындықтар барын атап өтті.

– Ең болмаса, субсидияға құжат қабылдауды аудандарда, ауыл шаруашылығы бөлімдерінде де жүргізу керек. Мен бұл ұсынысымды Ауыл шаруашылығы министріне де айтқанмын. Биыл елімізде төрт облыста ғана мал азығына субсидия беріледі екен. Сондықтан облыс шаруаларының да мал азығына қаржы бөлуді талап етуі негізсіз емес. Алдағы уақытта осы мәселелерге барынша көңіл бөлінуі керек, – дейді ол.

Облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлепов саланы ілгерілетудің тағы бір тетігі Агробанк құру екенін айтты. «Несиелендіру мәселесі сәтті шешім тапса, шаруалар жыл соңына дейін субсидияның ақшасын аламын деп құжат дайындамай, мал азығын уақытында несиеге алар еді», – деді Орынбасар Төлепов.

Жалпы, субсидия беруде мемлекеттің өзіндік ұстанған саясаты, кешенді тұжырымдамасы бар. Ауыл шаруашылығын қолдау, жұмыс орындарын ашу үшін қосымша қаражат бөлініп, қажетті жеңілдіктер жасалып отыр. Осының барлығын үйлестіретін тиісті министрліктер, жергілікті атқару органдары субсидиялау ісін қаншалықты айқын әрі ашық жүргізіп келеді? Мемлекет берген қаржыны кімдер, қалай игеріп жатыр? Субсидия мен жеңілдіктер қарапайым шаруалар үшін қолжетімді ме? Жиынға қатысушылар осы сұрақтар төңірегінде ұсыныстарын жеткізді.

Алдағы уақытта субсидиялау барысында жасалатын сыбайлас жемқорлықтың себеп-салдарын анықтау, тиімді жаңа жүйе қалыптастыру өте өзекті болып отыр. Жақын күндері талдау қорытындысымен бұл бағытта нақты өзгерістер енгізіліп, күшіне енетін болады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<