Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың?

551

0

Қазір жастардың уақыты ғаламторға байланып, сыртқы ортадан алшақтап кеткені жасырын емес. Әлеуметтік желі қолданушылары көбейген сайын, оның сан түрі пайда болып, жаңарып жатыр. Соның бірі – «TikTok».

Осыдан 5-6 жыл бұрын жастар Instagram желісін алдыңғы қатарға қойып,  тіркелушілер саны көбейген. Ал, қазір аз уақытта көпке танылған «TikTok» әлеуметтік желісі сананы бірден жаулап алды. Бірінен соң бірі үзілмейтін түсініксіз бейнебаяндар қалың көпшілік көңілінен шығып жүр.

«TikTok»-ты  қытайлықтар ойлап тапқан. Қызығы сол, 15-тен 60 секундқа дейінгі музыкалық бейнебаяндар түсіріп, оны өзге адамдармен бөлісуге болады. Сонымен бірге хат алмасып, тікелей эфирге де шығуға мүмкіндік бар. 2018 жылы іске қосылған бұл әлеуметтік желіге аз уақыт ішінде, әлем елдерінен миллиондаған адам тіркелген. Әсіресе,  жасөспірімдер арасында қолданысқа ие. Желідегі түрлі бейнебаяндарға лайк басып, пікір жазуға және басқа да қолданушыларға жазылуға болады.

«TikTok» – видео түсіруге арналған әлеуметтік желі.  СММ маманы, маркетолог мамандықтарын игеру арқылы табыс табу мүмкіндігі де бар. Аталған мамандық түрлері соңғы жылдары аса сұранысқа ие бола бастады. Шығармашылық жолын жарнамалау мақсатында видео түсіріп, оны оқырмандарына ұсынып, сол арқылы біршама табыс көзін арттырып жүрген мамандар да бар. Алайда, табыс табудың бұл түрі жастар мен жасөспірімдер үшін ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрудің жарнамасы сынды. Расымен бүгінде жастар табысты оңай жолмен табуды көздейді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, десек те, бұл желідегі бейнероликтерде көрсетіліп жатқан жағымсыз қылықтар, небір образдардың пайдасынан зияны көбірек екені белгілі.

Аталған әлеуметтік желі арқылы қызықты контент ұсынамын деп түрлі тәуекелдерге барып, шетелдің танымал тиктокерлеріне еліктеп жүрген жасөспірімдердің іс-әрекеті алаңдатарлық мәселе. Бүгінде мектеп жасына дейінгі балалардың аталған әлеуметтік желіге деген тәуелділігі жоғары деңгейде. Тіпті, балабақшаға барып жүрген балалардың қолдарында смартфон бар. Оны пайдалана отырып, әлеуметтік желіге, әсіресе «TikTok» желісіне түрлі видеоконтент түсіріп жатады. Бұл балалардың заман талабына сай бейімделу жағынан жақсы шығар, алайда ғаламтормен өскен ұрпақтың болашағы заман талабынан да маңызды екенін ескерген жөн.

Осы орайда аталған платформаға қатысты ата-аналар мен жастардың  пікірін білген едік. Жастар тарапынан ешқандай қарсылық болмады. Керісінше олар бұл әлеуметтік желінің бүгінгі қоғам үшін пайдасы зор екенін айтты. Ал ата-аналардың пікірі екіге бөлінді. Бірі оны баланың дамуына септігін тигізеді десе, енді бірі зиян екенін алға тартты.

Бұл тұрғыда көптеген пікірлер айтылды. Дейтұрғанмен жастардың көз алмай, уақыт құртып, арзан күлкі мен қызық үшін экран алдында ербеңдеп билеуі – шынымен де ойланатын жайт.

– «TikTok» – әлемдік деңгейдегі танымал платформалардың бірі. Бірақ мұның еш пайдасы жоқ. Себебі, жастардың көбісі лайк пен қаралым жинау үшін трендтегі видеоларды түсіремін деп әбігер болады. Ал онысы дұрыс шықпаса, ашуға булығады. Соның әсерінен көреалмаушылық, бақталастық, қызғаныш сезімі пайда болады. Мұның барлығы адам психологиясына әсер етіп, жүйке жүйесінің шаршауына әкеп соғады. Сондықтан, бұл дүниені мейлінше қолданбаған жөн деп санаймын, – дейді психолог Ақнұр Бектұрсын.

Аталған мәселе төңірегінде ой қозғағанда Абай атамыздың:

– Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың? – деген өлең жолдары еске түседі. Иә, халқымыз ұл-қыздарын тектілікке үйретіп, теріс қылықтан жирендірген.

Қазіргі кезде бұл қоғамда кең тарағанымен, отбасылық деңгейде шешілуі тиіс мәселе. Әрбір ата-ана бала тәрбиесінде жауапкершілік танытқаны дұрыс. Желілердің де қызығы бітер. Десе де соңы не болады екен деп күтпей, өз пайдамызға жарата білсек, нұр үстіне нұр. Ата-ана баласының нені көріп жүргенінен хабардар болса,  жасөспірімдерге үлгі болар дүние ұсына білсек, жоғарыда айтылған мәселелер шешімін табары анық. Бесіктен басталған тәрбиені жоғалтпай ұстау – басты міндет.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<