Қаңғыған иттің көзін қалай жоюға болады?

763

0

Қаланың әр бұрышында қаңғыбас ит топ-тобымен жүр. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, сол қаңғыған иттің қапқаны туралы хабар көп. Соған қарамастан бүгінге дейін қажетті шаралар атқарылмады. Оған себеп – былтыр жыл соңында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды әзірлеуі еді.

Заңға сәйкес, көшеде қаңғып, қоқыс жәшігін торуылдаған итті атуға болмайды, яғни, итті атсаңыз да, аттырсаңыз да, заң алдында жауап беріп, айыппұл арқалайсыз. Жалпақ тілмен айтқанда, басыңыз бәлеге қалады.

Заң қабылданғаннан кейін тұрғындар шағымының көп болуына қарамастан біраз уақытқа дейін шара қолданылмағаны рас. Баяғыдай көлікпен көше-көшені аралап жүріп, қаңғыған итті сұлата салу тыйылды. Заң қабылданғалы ахуалдың қалай екенін облыстық ветеринария басқармасына хабарласып білдік.

Басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаев тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда екенін айтып, шағым түскен жағдайда аулау жүргізілетінін жеткізді.

– Бүгінде ветеринарлардың жасап жатқан ауқымды шараларының арқасында өңірде эпизоотиялық ахуал тұрақты. Алайда тұрғындар тарапынан қараусыз жануарларға байланысты түсетін шағым азаймай тұр. Жаңа заңға сәйкес, итті аулауға тыйым салынды. Дегенмен ит агрессивті болса, арыз ізімен көзін жоюға болады. Бұл заңда да қарастырылған. Осыған орай, министрліктің де іс-шарасы бекітілді. Қазір қала мен аудандарда шағымды қабылдайтын байланыс орталығы жұмыс істейді.

Наурызда заң күшіне енді. Оған дейін қаламызда 1300 ит ауланды.  Кейін тұрғындар арызы бойынша тағы 1000 иттің көзі жойылды.

Жалпы жыл сайын қаңғыбас, қараусыз қалған иттердің есебін жүргізу, сондай-ақ олардан жұғатын аса қауіпті құтыру, эхинококкоз ауруларының алдын алу бойынша вакциналау жүргізіледі. Мұндайда жануардан ауру белгілері анықталса, емдеу шараларын жасаймыз. Ал емдеуге келмесе, көзі жойылады. Қазір Қызылорда қаласындағы барлық әлеуметтік нысандардың айналасына, балалар ойын алаңдарына, әсіресе, базар маңына қосымша бақылау жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қаламызда биыл иесі бар 9500 ит пен мысық есепке алынған. Жыл басынан бері бұл үй жануарларынан жарақат алудың 59 жағдайы тіркеліп, тұрғындар медициналық көмекке жүгінген. Барлық жағдай бойынша жануарлар 10 күндік ветеринариялық бақылауға алынған, алайда аса қауіпті құтыру ауруының белгілері анықталмаған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жануарлар мен адамға ортақ жұқпалы құтыру, эхинококкоз секілді аурулардың алдын алу үшін былтыр облыс бойынша 24,8 мың  бас қаңғыбас ит-мысық ауланып жойылған.

Не десек те, бүгінде қаламыздың әр бұрышында қаңғыған ит көп. Олардың арасында құтыруға шалдыққаны да бар. Сірә, оны жоққа шығару мүмкін емес шығар. Аузынан ақ көбік ағып, балаға ұмтылған иттер туралы естігенде жан шошиды. Жалпы, құтыру дертінің белгілері қандай?

– Қазір қаңғыған ит көп екенін білемін. Олардың ішінде құтыру дертімен ауыратындары болады. Ең қауіптісі де солар. Мәселен, бізге құтыру ауруымен 2014-2021 жылдары ауруханада 1 науқастан тіркелді. Былтыр бір науқас түсіп, ем-дом жүргізілгеніне қарамастан қайтыс болды. Құтыру – жүйке жүйесінің ауыр зақымдалуымен сипатталатын, көбінесе өліммен аяқталатын вирустық ауру, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мира Әлмаханова.

Иә, қалай болғанда да қаңғыған иттен келер қауіп аз болмай тұр. Сондықтан облыста ауланған жануарларды уақытша ұстау орны даяр болғанша тұрғындардың қауіпсіздігін жіті бақылау керек сыңайлы. Әйтпесе, көше кезіп қаңғыған ит ойнаған бала, жаяу жүргіншіге тап беріп, жарақаттамасына кім кепіл?!

Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<