Ақын

680

0

Өткен ғасырдың 60-жылдары қазақ поэзиясы бұрын-соңды қол жетпеген жетістіктерге, асқаралы асулар мен биік белестерге көтерілді. Әсіресе, қазақ лирикалық поэзиясының философиялық тереңдігінің артуы, публицистикалық сипатының – уақытпен үндестігінің молаюы, ең бастысы ақындарымыздың әдебиетіміздің ұлттық дәстүріне біржолата, бірыңғай бет бұруы байқалып қана қойған жоқ, әдебиеттің бағыт-бағдарына, кезеңдік сипатына айналды.

Әдебиетіміздің бір топ талантты өкілдерінің: О.Сүлейменов, Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Т.Бердияров, Т.Айбергенов, М.Шаханов, Ф.Оңғарсыновалар, т.б. шығармашылықтарының шыңдалып, шырқау биікке көтерілген тұсы осы 60-жылдарға дөп келді. Қазақ лирикалық поэзиясында мазмұндық, формалық жақтарынан көптеген жаңарулар мен жаңғырулар, жаңалықтар жасалды. Қысқасы, қазіргі әдебиетіміздегі оңды өзгерістер, даму, ілгерілеу сипаттарының бәрі өз бастауларын сол 60-жылдардан алып жатыр.

Қызылордалық ақындардың да өз шығармашылықтарын жоғарыда аталған қазақтың талантты ақындарының ізін ала бере бастағанын білеміз. Олар: Қ.Сүйенішов, Ә.Рахымбекұлы, М.Әміреұлы, А.Сопыбекұлы және т.б. еді. Жерлес ақындарымыздың шығармашылықтарының алғашқы кезеңдерінен-ақ сол жоғарыда айтқан әдебиетіміздің кезеңдік сипатына үлес, үн қосу бағыттары байқалады. Қ.Сүйеніш, Ә.Рахымбекұлы шығармашылықтары туралы өз ойымызды кезінде жергілікті, орталық баспасөз беттерінде білдірсек, М.Әміреұлының шығармашылығы туралы айту мен жазудың реті бүгін түсіп отыр. Бір нәрсе анық, Қызылордада туып, шығармашылықтарын Алматы, Астана сияқты орталық қалаларда емес, аймақта, ауылда жүріп жасаса да, бұлар сөз жоқ әдебиетіміздің талантты өкілдері бола білді, бола береді де.

Әдебиеттің білгірі ұлы Зекең, академик З.Қабдолов суреткер тұлғасы туралы терең толғанады. Шын суреткердің 8 түрлі қырына тоқталады. Олар:

1. Сезім (сезімталдылық)

2. Бақылау (бақылағыштық)

3. Қиял (творчестволық фантазия)

4. Интуиция (болжампаздық)

5. Өмірбаян (тәжірибе)

6. Парасат (интеллект)

7. Шеберлік

8. Шабыт

Өзін де, шығармашылығын да көптен білетін Махмұтбай ағамыз туралы ойланғанда шынайы суреткерлік пен ұлы тұлғалар жөнінде айтатын Зекеңнің әңгімелері ойыма орала берді. Махмұтбай ағамызды алғаш көргенде-ақ, шынын айту керек, маған түр-түсімен қатты ұнады. Мұнтаздай киініп, тап-таза жүретін ағамыздың ақындығы осы сұлулықтан бастау алып,  жаратылып жатқандай көрінді. «Сұлу ойлау үшін, сұлу жүру керек» (А.Чехов) деген сөз туралы ойландым. Жүре келе, шығармашылығын танығаннан кейін Махмұтбай ақынның ойында да, бойында да жоғарыда Зекең айтқан қасиеттердің бар екенін байқадым.

Бүгінде 80-нің сеңгіріне иек артқан Махмұтбай ақынның болмыс-бітімінде шынайы суреткерге тән қадір-қасиеттің бәрі де бар. Оны бүгінгі күнге шығармашылық тұрғыдағы бапты қалыпта, шаршатпай жеткізген де сол ұлы жаратушы берген қасиеттері болып табылады.

Қолымызға ақынның «Ақ таңдар» атты кітабы тигесін асықпай, сабырмен парақтап шықтық. Мөлдіреп тұрған сырлы да сұлу өлеңдер, ойлы, мазмұнды, мағыналы дастандар көзімізге бірден түсіп, көңілімізді баурай түсті.

– Самал жел соғатұғын,

Саумалдай болатұғын.

Көгінде  жұлдызы да,

Жоғары қонатұғын.

Қызық шақ келді дейтін,

Қызғалдақ желбірейтін.

Өзен мен көлдері де,

Өзгеше мөлдірейтін.

Ашылған торғындай түн,

Армандай қол бұлғайтын

Аптабы салқындатып,

Ақпаны тоңдырмайтын. (17-б)

Бұл – енді нағыз табиғат лирикасы. Өнер мұраты сұлулықты жырлау болса, сөзбен сурет салудың үздік үлгісін жоғарыдағы өлең танытып-ақ  тұрған жоқ па? Ақын табиғаттың сұлулығын жырлау, таныту арқылы біздің сезімімізге шоқ тастағандай, туған жерімізді еске алып, елжірей түстік. Тұшындық, жүрегімізді шарпыған сезім отына бөлене түстік, табиғат сұлулығына ынтыққан қалпымызда жалпы сұлулық әлемі туралы тамсанып, ойлана бастадық. Өйткені, «Әлемді құтқаратын сұлулық» (Ф.Достоевский). Сұлулыққа сүйсіну, оны танып, тамсану арқылы адам өзінің жанын тазалайды, жүрегін мейірге толтырады.

Біз әдетте өлеңдердің дүниеге келуіндегі әдебиеттің бейнелеу тәсілдеріне мән бере бермейміз. Ал әдебиеттің бейнелеу тәсілін анықтау арқылы өлеңдегі ақын қызметін саралауға болады. Өлеңнің тектік табиғатын, жанрлық сипатын тап басып айтуда ақын қызметін танудың маңызы зор. Ақын бар өлеңде бірдей қызмет жасамайды, әр өлеңде ақын қызметі түрліше болады. Бір өлеңнің ішінде бірнеше күйге түсіп, сынаптай сырғыған сезімге сай өзінің қызметін өзгертіп отыру – жалпы ақындық өнердің табиғи сипаты, ерекшелігі. Бір өлеңнің ішінде бірнеше тақырыптың жүре беруі де осыдан.

Махмұтбай ақынның өлеңнің нысанына табиғатты, табиғат құбылыстарын алуына басқа бір өлеңін мысалға кілтірейік.

– Өрлікті таудан алдым,

Пәктікті таңнан алдым.

Өзгеше туған далам,

Өзіңнен аумағанмын.

Қиялым қырларыңнан,

Қуатым құмдарыңнан.

Жұпар жел, ауаңменен,

Жаныма жыр дарыған.

Сырым жоқ жасырын да,

Суың боп тасыдым да.

Самалың сабырымда,

Бораның ашуымда.

Гүлдерің – сезімдерім,

Түндерің көзім менің.

Жарқырып шыққан күнің,

Жалын жас кезім менің.

Атқан таң армандарым,

Сай-қырың – сайран бағым.

Өзіңсің, туған далам,

Жарқырып жанған бағым. (7-б)

Бұл өлеңде де табиғат бар. Бірақ бірінші өлеңдегіден басқаша күйде алынып отыр. Сөз жоқ екі өлең де – көркемдігі жағынан қамшы салдырмайтындай келісті дүниелер, ақынның жан сырын өзгеше бір күйде танытатын көркем туындылар. Бірінші өлеңде ақын табиғат суретін салумен шектеледі. Бірақ соның өзі өмірдің өзіндей  адамды сұлулыққа табындыратын ынтық дүние, нағыз лирика болып шыққан. Өлеңнің нысаны табиғат болса, ақын табиғаттың сұлулығын суреттеу арқылы өмір, өмірдің мәні мен маңызын үлкен суреткерлікпен жеткізе алған. Ал екінші өлеңде ақын табиғатты, оның құбылыстарын өз жанымен, жүрегінің лүпілімен бірлікте қосөрім жырлап отырған. Грузин әдебиетін зерттеуші А.Беселия ақын өлең тудыруда, жаратуда әдебиеттің бейнелеу тәсілінің үш түрін пайдаланатынын айтады. Олар: 1. Бейнелеу тәсілінің объективті түрі. 2. Бейнелеу тәсілінің субъективті түрі. 3. Бейнелеу тәсілінің субъектіленген объективті түрі, яғни аралас түрі.

Өлең дүниеге бейнелеу тәсілінің қай түрінің негізінде келгенін біліп алсақ, өлеңдегі ақын қызметін дұрыс саралай алар едік, ақынның стильдік даралығын, яғни суреткерлік өзіндік қолтаңбасын дұрыс таныр едік.

Махмұтбай ақынның біз мысалға келтірген бірінші өлеңі дүниеге әдебиеттің бейнелеу тәсілінің объективті түрінің негізінде келгені көрініп тұр. Өлеңнің объектісі табиғат болса, ақын сол табиғатты суреттеген. Табиғат сұлулығын танытуда сөзбен сурет салудың әсем үлгісін жасаған. Ал лирикалық поэзияның күші – сөзбен сурет салуда. Ақынның талант құдіретінің, шабыты мен шеберлігінің тайға таңба басқандай танылатын тұсы да осы жер. Махмұтбай ағамыз осы өлеңнің өзімен-ақ нағыз суреткер, шынайы ақындық өнердің иесі екенін дәлелдеген деп ойлаймын.

Ақынның стилінен байқалатын бір ерекшелік – сыршылдық. Сезімді төгілтіп, мөлдіретіп, таусыла жырлайды. Стиль суреткер шығармашылығының белгілі бір кезеңінде тұрақты қалыпқа түсіп, орныға бастайды да ақын шығармашылығының қыр-сырын толық таныта алатындай күйде жетекші, белсенді роль атқарады. Бүгінгі Махмұтбай ағамыздың ақындық стилінен негізінен жас ақындардың стиліне тән асаулық, апыл-тапыл басатын тарпаңдық, не боларын білмей мазмұндық, формалық жаңалық іздеп, әр нәрсеге ұрынып, басын алып қашқан тұлпардай өнерде, поэзияда тосын мінез көрсету атымен жоқ. Керісінше өзеннің жылы ағысындай жайлы, балталаса бұзылмайтындай қалыпты, тұрақты бір күйге түскен, байыпты стильді ағамыздың шығармашылығынан байқадық. Өлеңдері өзіне ұқсап кеткен «Өлеңім өзіме тартқан» (Қ.Аманжолов) дегендей жай-күйді көрдік. Өлеңі өзіне, өзі өлеңіне әлдеқашан ұқсап кеткен Махмұтбай ақын – сыршыл лирик. Өмірде сырбаз, сұлу адамның өнерде сыршыл, сезімтал болуы заңды да ғой. Сыр мен сезімді ақын неғұрлым көбірек жырласа, оның ақындық талантының соғұрлым күшті болғаны. Бұл – дәлелденген әдебиет өмірінің шындығы. Ұлы Абайдың дарын қуатының, ақындығының күштілігі ақыл мен ойды емес, сезімді жырлауында екені бесенеден белгілі жағдай. Ұлы ақынның жүрек сөзінің алдына 70-ке жуық эпитетті келтіруі кездейсоқтық емес қой. Бұлайша жүрек пен сезімге басымдық беріп жырлау Абайға дейінгі де, кейінгі де ешбір қазақ ақынының қолы жетпеген поэзиядағы биіктік болатын.

60-жылдардағы лирикалық поэзияда Ғ.Ормановтың «Бұлақ» деп аталатын өлеңіндей туындылар көбейді. «Бұлақ» – нағыз классикалық үлгідегі лирикалық туынды.

– Сылдыраған тас бұлақ,

Көрдім таудан қайнаған,

Жағасында жапырақ,

Суын сипап ойнаған.

Көрінді ыстық ол маған,

Жас күнгі бір кезімдей.

Жас жігітке қараған

Жас сұлудың көзіндей.

Еске түсіп бала кез,

Жудым судан бетімді

Талай мөлдір қаракөз

Қарап тұрған секілді.

Бұл өлеңді табиғат лирикасы деп өте шыға алмайтынымыз қандай анық болса, өлең астарындағы лирикалық поэзияға тән қадір-қасиеттердің ашылуы тиістілігі де сондай ақиқат. «Бұлақтың» алғашқы шумағында көріп отырғанымыздай, ақынның табиғатты, табиғат құбылыстарын (бұлақты) суреттеуі мен сипаттауы ғана орын алса, өлеңнің екінші шумағынан бастап өлеңдегі ақын қызметі субъектілене бастайды, яки өлеңдегі табиғат суреті ақынның жан сырын, лирикалық кейіпкердің жай-күйін бейнелеуге ойысады.

«Талай мөлдір қаракөз

Қарап тұрған секілді» Ақын талантының арқасында бұлағымыз (өлең объектісі) адамдарға, қыздарға айналып кетті. А.Беселия айтқандай, әдебиеттің бейнелеу тәсілінің субъектіленген объективті түрі «Бұлақта» белсенділік танытқан. Лирикалық кейіпкердің жоғары интеллектуал, аса сезімтал, жан-жақты білімді әрі шынайы суреткер болуы өлеңге өзгеше өмір сыйлаған, жан бітірген. Лирикалық поэзияда пейзаждың, түрлі сипаттау мен бейнелеулердің, нәзік психологизм мен философиялық астардың Ғ.Орманов сияқты аға ақындардың шығармашылықтарында айқын көріне бастағанына жоғарыдағы «Бұлақ» сияқты туындылар үлгі бола алса, Махмұтбай ақынның біз мысалға келтірген екі өлеңі де – осы дәстүрдің ізімен дүниеге келген лирикалық туындылар.

Махмұтбай ақынның «Өрлікті таудан алдым» деп басталатын өлеңін қазіргі әдебиеттің елеулі табысы деп атауға болады. Өлеңнің лирикалық кейіпкері өз жанының барша қасиетін, жақсы мінез бен жоғары адамдық сапа – бәрін-бәрін туған жер табиғатынан өрбітіп жырлайды. Өлеңдегі табиғат не оның құбылыстары ақынның жан дүние, сезім сырларын айту үшін алынғандай. Көз алдыңда объективті дүние зат, табиғат құбылыстары ақынның сезім сырларын айтуға негіз болған қалпында өзгеріп сала береді, өзгеше өмірге ие болады. Табиғат құбылыстарынан тудырып өзінің жан дүние, сезім сырларын жырлау Махмұтбай ақынның шыңдалған шеберлігінен бұрын табиғи талантын, сирек суреткерлігін дәлелдейді. Өлең нысанын ақынның талант құдіреті арқасында домбыраның пернелері секілді, лирикалық кейіпкердің жан-жүрегінің, сезім-сырларының жай-күйін анықтайтындай нүктелерге – пернелерге айналдырып оқыдық.  Бұл қазіргі лирикалық поэзиядағы қол жеткізген ақынның үлкен жетістігі екеніне ешқандай дау жоқ.

«Ақ таңдардағы», «Жеті тарау, жетпіс толғау» бөлімінде 4 жолдан тұратын «миниатюралық» өлеңдер берілген. Бұндай формада өлеңдер жазу дәстүрі қазақ поэзиясында бұрыннан бар болғанымен, «Ақ таңдардағы» өлеңдер – тек Махмұтбай Әміреұлының өмірден, шығармашылық өнерден жинаған тәжірибесінің негізінде дүниеге келген шынайы туындылар.

– Кезің аз өзіңе-өзің сүйінетін,

Ал кезің қанша жанып күйінетін.

Өлшемсіз күнде осылай өкіндірген,

Өмір-ай, өзгеше ғой құдіретің.

Өмірдің әртүрлі қырлары мен сырлары жөнінде тоқсан толғанған, «оңашада ой қазып күрсінген» (Ф.Оңғарсынова) Махмұтбай ақын да ойды өзінің шығармашылығына темірқазық еткен. Сыршылдық пен ойшылдық Махмұтбай Әміреұлы шығармашылығының өн бойына тараған адамның 62 тамырындай, рельстің қос тініндей бірдей қызмет еткен, қос тірек болған сындарлы сипат. «Миниатюралық» өлеңдерді оқып шыққаннан кейін сыршыл ақынның өзінің шығармашылығын ойшылдыққа да құратынын байқадық. Ақынның бұл қадамы да нәтижесіз емес. 60 жыл шығармашылық қызмет еткен, өмірін өлең жазуға арнаған адамның, ақынның сыршылдық сипаттан ойшылдық сипатқа ауысып отыруы – шығармашылық өнердің өз стихиясы, барынша табиғи құбылыс. Демек, Махмұтбай ақын сыршыл ғана емес, ойшыл да ақын. Сыршылдық пен ойшылдық ақын шығармашылығын аспанға көтеріп тұрған адалбақандар секілді.

80-нен асқан ағамыздың өзіне зор денсаулық, шығармашылығына толағай табыстар тілеймін.

Бағдат Кәрібозұлы,

филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<