Болжайды ақын ғана келер күнін

316

0

(Д.Аяшұлы. Жұлдызым жоғары. Қызылорда, «Тұмар», 2022)

Екі Дүйсенбек бар.

Бірі – жұрттың бәрі білетін, тап осы күндері бұрынғылар «тал түс» атандырған төл мерейлі мерекесінің қамымен томпаң қағып жүгіріп жүрген, шаруасы шағын, кәдуілгі жұмырбасты қарапайым пенде. Екіншісі – жұрт біле бермейтін, өмір өрнегі мен адам баласына ретсіз ашпаған Жан сырын өлең киелінің өзегіне өріп, бауырына жасырған пенделіктен жоғары, «періште болмыстан» сәл-пәл төмен тұрған ерекше жаратылыс.

Ел танитын Дүйсенбек Қызылорда қаласында тұрады, қарапайым газет қызметкері, бұйырған нәпақасын Сыр бойынан теріп жеп жүр. Ал былайғы жұрт тани бермейтін шын Дүйсенбек қайда тұратынын, түбі қай қияға тұрақтайтынын, шыр көбелек айналып шырыл қаққан шыбын жаны неден тоят табатынын өзі де білмейді. Бұл жолы, қолдан келгенше сол, бізге таныс әрі бейтаныс, мәтін қалқасындағы Дүйсенбектің жүрегіне тыным таптырмай түртпектей беретін өлең жайын сөз етсек пе дейміз.

Дүйсенбек достың аңғал-саңғал көңілі, ашық-тесік өмірі, кәсібіне сай нәсібі, осыған дейін қандай бейнет көргені, жанынан артық көретін еліне бермегі мен бергені, салдық дәуірі сайын дала төсінде қалған «сухой серілігі», тұрқы шағын болса да мінез бітімінің ірілігі, кейде тіпті араб, парсы, үнді халқының жауһары «Мың бір түннің» өзін жолда қалдыратын, ізінен құйын тұрғызған түрлі хикаят пен соған кереғар тым нәзік лирик болмысы жайында, бұйырса келесіде, кезеңі жетіп кезегі келген сол бір шақта күркіретіп айтып, бұрқыратып жаза жатармыз. 

Жалпы, дүниетанымы хақында қанша айтқанмен, шегіне шығу мүмкін емес қой. Кім болса да, қамшының қысқа сабындай тіршіліктегі өмірлік ұстын – өзіндік дүниетаным шеңберінің қалыптасуына әуелде «мына жағдай себеп болып еді» деп тап басып ажыратып бере алмайды. Бұл – жылдар бойы ой көкжиегінде саналы һәм бейсаналы түрде шорланып бітіп, ақыры болмысқа толайым әсер ететін жиынтық қасиет. Көптің білетіні соның ақырғы салдары ғана. Көзге көрініп тұрған жалғыз айғақ болған соң, айналып келіп соны қаузау беруді әдетке айналдырғанбыз.

Дүйсенбек дүниетанымын ғылыми шарттылық аясында қарастыруға да болар еді. Олай етуге, көзі тірі ақынның тынысын тарылтып алатын болдық. Шынтуайтына келгенде, дүниетанымға қатысты танымдық низам аясында көңіл көкжиегін айқындайтын қанша айырық болса да, айналып келгенде қандыауызға ілігер тұсы ортақ. Философ Жан-Поль Сатрдың сөзімен айтқанда «Кісінің «Мені» қандай болса, дүниетанымы да сондай». Мифтік сана ыңғайымен дүниені сезім-эмоция әсерімен қастерлеу арқылы бейнелі қабылдау, діни мистика сарынына ілесіп құлшылықпен ұлықтау, фәлсапалық логикаға сүйене отырып таным көкжиегінен өткізу – сөз иесінен шетін ерекшелік емес. Мұның ең қарапайым түсіндірмесі «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды!» дегенге келіп саяды. Анығы да, ақиқаты да – осы!

Міне, менің алдымда Дүйсенбек Аяшұлының Сыр бойы «Қаламгерлер қауымдастығының» төрағасы Аманжол Оңғарбаевтың демеушілігімен жарық көрген өзі тәрізді жұқалтаң жинақ жатыр. Көкіректен әлсін-әлсін өніп тұрған көзді бұлақтай бұрқ-сарқ қайнап, лықып келіп тұрған шырын сөзді шырайын шығарып, том-том етіп төгіп тастауға келгенде кежірлігі қысып, мойны жар бермей тұратын бұл жалқаулық дегенді қойсаңшы. Ең болмаса публицистика жанрына құрмет есебінде, алты қырдың шыңына екі қолға қос кітап ұстап көтерілуге де болар еді ғой. Жоқ, орын таппай қалғандай өзі шағын жинақтың соңына мақалаларын топтастыра қойыпты. Әулие тап Қожанасыр көкеңдей болмасаң, бүйтер ме едің?!

Негізі, біздің Дүйсенбек әлем әдебиетінің аужайын бір кісідей шырамытатын қазақ. Ондай телегейлігі жағынан, ақыл-ойдың алаңы – шатыраш шахмат тақтасында өзін еркін сезінетін, қырынан қарап тұрған аттың фигурасынан емес, Қадыр ағасынан айнымайды. Қаламгердің көркем, публицистикалық туындылары, сан түрлі тақырыпты терең талдаған журналистік пайымдары мен эсселері өз алдына бөлек талдауды қажет етеді. Өйткені оның оқығаны мен зердеге тоқығаны тәжірибеде үнемі таразы басын тең ұстап тұратынын бөліп айтпасқа болмайды. Сөз өнерінің сөлін алып, мөрін меңгерген, қай тақырыпқа салсаң да ескекті қара қайықтай қайқаңдай жөнелетіні өз алдына, бастығы айтқан кей тапсырмаға қырсыздау болғанымен, көтерген қоғамдық мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайтын мұндай маман көп емес.

Алдына шығып тартып, ту сыртынан итеріп, үнемі түртпектеп, жетелеп отырмасаң желдей есіп отыратын желдімая Дүйсенбек жоқ. Бой жасырып жүре беруге бейіл, мінезі ескінің жібегіндей есілген бұйығы дос өрнекті өлеңге келгенде қамшы салдырмайды. Жинақтағы Қызылордаға ниеттелген алғашқы өлеңінен-ақ «Мен болам қара талың өрт ораған» деп ақындық «Мен» тепсініп тұр. Сөзінің әуелінен бастап орқояндай ойқастап, әр шумағынан құйын тұрғызып, тармақ сайын өрт шығарып отырмаса ол сүлей Дүйсенбек бола ма?!

Өлеңмен қатар қойып егіз әліптеуге болатын, бейне жасау жолдары етене саланың бірі – кескіндеме ғой. Шеберіне қарай сәтті һәм сәтсіз шыққан кез келген қылқалам туындысын ойланбастан поэзия қатарына қосып жіберуге болады. Сол сияқты, әр картина өзегін көктеп өткен ой өз алдына өлең. Тап соның өзіндей болмаса да, соған сұранып тұратын өрнекті сөзбен өрілетін тақырып атаулы дүниені бейнелі қабылдау үдерісінен туындайтын дүниетанымдық пайымдар негізінде өрбитініне ешкімнің таласы бола қоймас.

Кескіндеме өнеріндегі картина геометриясы мен оны қабылдау, бояу мен түс тақырыбына ерекше мән берген белгілі физик-механик Б.Раушенбах «Пространственные построения в древнерусской живописи» атты еңбегінде бейнелеу өнеріндегі кеңістік ауқымын арши түседі. Бұл тұрғыда ғалымның жалпақ жұртқа ұсынған нысанды суреттеу әдістері (тізбекті, қатар, кері) арасындағы образды түю арқылы тірілту – перцевтив тәсіл ерекше ден қойғызады. Көркем әлемге жанасқан кез келген сөз иесінің ниетті мақсаты көздеген нысанына жан бітіру ғой. Олай болса, ғылыми айналымға кескіндеме һәм психология арқылы келсе де, өлең талдау тәжірибесіне толық сіңісе алмай, босағадан сығалап жүрген осы ерек әдісті Дүйсенбек әлеміне қолданып көрейік.

Өлеңді әркім өзі үшін жазатын шығар ғой. Десе де, өзгенің көңіл пернесіндегіні таппаған көрікті сөздің бәрі өлең болып жарытпайды. Біз аспан асты, жер үстіндегіні ой өлшемі арқылы алдымен «жанды» мен «жансызға» бөліп алып, соңыра кесімді үкім шығарып «өлдіге» санап жүрген қай нәрсенің де шын мәнінде «өлі» екеніне алдымен дәлел-дәйек керек. Оның түйіні Абай айтқан «Мені» мен «менікінің» айрылғаны» жүйесіндегі дүниетаным қисынына қатысты үзіліп түскен тылсым сырдан көрінеді. Сүлейлер нәр алған тұмаға ұмтылған дүр Дүйсенбекше пайымдасақ, «Айналдырған ой ұршық» арқылы өмір жібін өретін өлең тылсымның бұл байламымен келіспеске болмайды. Ол нені айтуға бекінсе де астарына осы астыртын келісім ілесіп, айдарынан жанға жайлы жел есіп отырады.

Жинақты бастап тұрған алдыңғы қатардағы мына өлеңге көз жіберіп көріңізші. Тақырыбы: «Өлеңіме өтініш». Жыр мәтініндегі сұрағы мен жауабы қатар өрілген «Бейнелеу мен кейіптің, / Құр сөздегі құны не? / Бағзы күнгі бәйіттің, /Жалғанайын тініне» деген шумақ арқылы ол қай өлеңіндегі болсын, басты ниеттің түп төркінін көрсетуге тырысады. Ескінің өзегіне жалғану – ілкі дәнекерлерге тән. Өмірде өлеңнен басқа түгі жоқ ақынның «іші басқа, сырты бөлек». Бір кеудеде екі адам. Бұл тарапта өзі де «Мені екіге бөлген кім?» деп таңырқайды. Табиғаты жағынан әлгі екеу бір-біріне кереғар. Оның себебін өзі мінсіз болудың айласын табу үшін мұңсыз болып көрінген кездерінің ішкі бауына байлапты: «Мінсіз болу мүмкін бе?» деп, / Мұңсыз болып көргенмін. / Ішім басқа, сыртым бөлек, / Мені екіге бөлген кім?»

Дүниенің үр дидарын ұлықтап, мінберін теңселтіп, қысқа өмірдің қиссасын жырлаған шайыр «…Өлеңіммен сырласарсыз жақын кеп. / Мені артына тастап кетті көп жақсы, / Ерте өлуге хақым жоқ» деп күрмейді, «Өмір қыссасы» аталатын сол қатардағы тағы бір өлеңін. Олай дейтіні, өзін аманат арқалаған жан сезіндіретін ілкі түйсіктен болса керек. «Саналыға сөз қалдыру мұратым» деген сыңар жолдан осы ниетті анық аңғаруға болады.

Арғы атасының «көзін көрген» кәрі жынмен оңаша сырласатын «Жұлдызым жоғары» өлеңінде ол шайырларша от шарпыған сезімге берілуден гөрі, қас ғалымға тән суық әрі сергек тұжырым жасай келіп, өзін құдайсынған ойлардан сақтандырып, аузынан шыққан бал лебізге де қарауыл қоя сөйлеуге үндейді. Ал жансыз табиғатты тірілтіп, кескіндемеге көшірген мына сыңар жолдағы «Ұлып соғып ұзап кеткен бөрі қыс» бейнесі немесе «Көк трактор күрік-күрік жөтеліп» деген жолдағы адам бейнесінен техникаға көшірілген әліптеулер сана түкпіріндегі түрлі әсерлер әлемімен астасқанда, оқып отырған жанның қиялын қиыстырған мың сан өрнекке жан бітіп, өлі табиғат пен безерген жансыз техниканыңда тамырына қан жүріп, статикалық бейнелер мәңгілік құрсауынан шығып көз алдында қайта тіріліп, тұмса дүние дүр сілкініп исіне бастайды.

Әрине, бұл сөз иесі мен оқырманның ортақ тілде түсінісіп, бір тақырып, егіз ұғым аясында сөйлесуі емес. Мұндайда екі адам көзге таныс нысанды көре тұрып, мүлдем екі басқа ойды тұспалдауы бек мүмкін. «…Ісімді әке-шешем туырлаған. / Жұма сайын мешітке жүгіремін, / Жүрегімді қайтейін жуынбаған» дейтін шайырдың санасын кеулеген тұманды ойдың арасынан әйгілі Грек мифологиясындағы алып күш иесі Гераклдың өзі тазарта алмайтын Алфей алқабындағы Авгий патшаның атқорасындай халдің өзін жыға танып, ажыратып болмайсың. Ол оның бәрін өлеңнің астарына «…Жаппаймын есігімді ерінгенде… / Серік бола саламын көрінгенге» деп асқан шеберлікпен, жымын білдірместен жасырып жібере салады. Сөйтеді де, оқырманға өз дүниетанымы жайында ой қорытуға мүмкіндік береді. Міне, осы, автор мен оқырман арасын көктеп тұрған екіжақты үдеріс оның поэзиясында перцевтив тәсіл арқылы шешім табады.

Сөзіміздің әуелінде тілге тиек еткен бұл әдіс «перцевтив цикл» деген термин күйінде психологияда қолданылады. Бізге қажеті оның қай салада, қандай жағдайға орай пайдалануында емес. Бұл жүйе үш нысанды – кез келген мәлімет, оның жетілуі (модификация) мен бағытын құрауымен ерекшеленеді. Ең басты нәрсе: таңдалған қандай да бір мәлімет адам баласының зердесінде жетіліп, вариацияға түсу арқылы өзге түрге айналады. Міне, осы үдеріс өз кезегінде шайыр мен оқырман (тыңдаушы) арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді. Көп жағдайда пенде санада бұйығы әрі үздіксіз жүріп жататын мұндай ой ағынын түйсініп, сезіне бермейді. Ал адамның қай нәрсені болсын, бейнелі түрде қабылдай алуы «перцевтив цикл» жүйесіндегі мәлімет атаулының көзге көрінбейтін ағысы арқылы өз ниетін іске асырып отырады.

Көркем ой иесінің санасында жылы ағыстай үнемі жүріп жататын осы үдеріс алдымен белгілі бір ортада қалыптасқан жүйе арқылы мәлімет жияды. Мәлімет атаулы ілкі сенсорлық каналдар жүйесімен жетіліп, өзге түрге енуге бейім. Өз кезегінде ол да құбыла келе, әлгі мәліметті басқа модификация жүйесіне салады. Бейнелі түрде айтар болсақ, мұның сыртқы формасы жартасқа қарап тұрып айғай салған кісінің жансыз қара тастан алған «жауабы» тәрізді сағымданған ерекше сингуляр түрге ұқсас. Өлең табиғаты, оның туындауы мен қабылдануы осындай тылсым жүйені қамтамасыз етуі бек мүмкін. Ал ақын осының бәрін трансформациялау арқылы сананың көне қатпарындағы мәлімет көзімен ұштастыра алатын дәнекер. Дүйсенбек достың «Ерте өлуге хақым жоқ!» дейтіні – сол.

Құс қанатына өрнек салған санадан ілім сұрайтын шайыр «тозаңға тоқсан түрлі сипат берген шебер суретші, ұлы ақын, естен биік екі дүние егесі» ретінде Құдіретке жиі жүгінеді. Ескі өзекке жалғанудың жанды мысалы мұнда да тұнып тұр. Сөйтіп «Оған серік пәктік, / Маған серік құлқын. / Жақсылықты саттық, / Жаман жерім мүмкін» деп, таудай күнәсі үшін таңда өзіне сәжде қылатын періштеден ұялып, екі беті алма-кезек дуылдайтын шайыр өзін сақтап тұрған тәубеден ғана араша тапқандай болады.

Тап осы жерде біздің Дүйсенбек дос көзсіз көбелектей қанатын қағып-қағып жіберіп, діни фанатизммен әуейі, мойынсұнған құдайшыл ақын бейнесіне еніп кетеді. Шын мәнінде солай ма? Анық бейкүнә сақилықты сүйетін ол «Сыйлық» деген өлеңінде «Қол беріп арғы атама төре барған, / Бергі атам мың жылқыға еге болған. / Бұл ағаң түс көргенде, аян беріп, / Көген алмай, әулиеден өлең алған» деуіне қарағанда, арғы түбі тылсым тұңғиықтармен ұштасқан мұғжизалы абыз ерлерге барып иек артатынын байқауға болады. Ол ерекше күйді ажырату үшін тағы да сол дүниетаным мәселесі мен ақынның қарапайым дүнияуи тірлігінің арасын саралап, салмақтай түсу қажет. Бір кеудедегі екі түрлі кептің ақиқаты сонда ғана өзіндік бет-бейнесін көрсету үшін мифтік маскасын түреді.

Кейде ол, шын мәнінде, екі адам кейпіне қатар өтіп кетуге болатынын тұспалдайды. Соған қарағанда, ой әлемінде «ұшып», қиял жетпес қияларға оп-оңай «барып-келіп», іле-шала дым білмегендей момақан күйге еніп, Қалдыгүл жеңгейдің құйған қою шайын сораптап отыра беретін болса керек. Әйтпесе жайдан-жай «…Бабамның тастап кеткен сөз сүйегін, / Кеміріп бір аш адам ішімде отыр» демес еді ғой. Бұл ешқандай да алдамшы сезімге негізделген қисық айна тәрізді иллюзия емес. Аталмыш түйсік сырындағы инкарнация құбылысын оның өлеңі өзінше тарқатып, ақынның әрекетін барынша ақтап алуға тырысады. Содан соң шабыт қысқанда «арқасын түнге сүйеп, таңға иегін артып», өзі ғана білетін тәтті күймен отыра беретінін қайтерсің. Ондағы көңіл көкжиегіндегі хал «Ренжіме біртүрлі деп мінезің… / Мен бір адам – ілгегі жоқ есікпін, / Енді маған сенем десең біл, өзің!» деген жолдардан ғана байыз тауып, мөлдіреп тұр.

Оның осы ыңғайдағы қай өлеңін оқысаң да, бәрі жиыла келіп ортақ цикл құрайды. Сондай бірегей жыр – «Келешектің» табиғаты тым ерек. «Жанымды жалғандықтан емдегесін, / Жалғаймын кеткендердің мен де көшін» деп өңешін тартып өксіген қара қобыздай болып күңіренетін Дүйсен достың дүниетанымы ахиреттік фәлсапаға бейім. Сөз жоқ, оның іздегені жанын жалаңаштай беретін жалғандық деген дерттің дауасы. Мұның емін таппайынша жан беруге де пейілді емес. Содан кейін ол ахиретін тап басып таныған басына ақтікен шығатын әулиелерше күңіренеді: «Тас белгімнің алдына тас түйініп, / Сондай бір күн туады, сен келесің…». Өлеңнің мұнан кейінгі шумағы бақи жайынан болжам жасайды: «Кемдіктің не қыласың бірді-екісін, / Жанарың тасқа тамған жырды оқысын. / Тосарсың құлағыңды жүрегіме, / Жалғанның тазалаған күл-қоқысын». Жүрегі тазарған жан ғана жалғанның күл-қоқысын тазалай алатынына риясыз сенетін ақын бұл биікке «көтерілуге» болатынын өзі де сезбеуі бек мүмкін.

Рухани тереңдік, Жаратқан жалғызға деген аңсар, ақиқатқа ұласу, жаратылыс сырын тануға құштарлықтан туатын сопылық әдебиеттің кемел үлгісіндей мына мөлдір шумақтар одан әрі бірі екіншісінің салмағын ауырлата түседі. Ақырғы дем таусылып, тіршіліктегі татар тұз-дәм сарқылған күні кім-кімнің де қабірінің басындағы қарайған құлпытасқа құйылып түсетін ақырғы сөз болушы еді ғой. Менің санама сызат түсіріп, сондай бір ауыр ойдың ағыны жылт ете қалғанда, мына өлеңнен секем алып, жүрегім сыздап, денем түршігіп сала берді. «Мен сонда түрегелем, тұрқым ерен, /Кеудеме жан салады шіркін өлең…». Шынымды айтсам, біртүрлі, қорқыныш ұялатады.

Тарих атасы Геродоттың «алғашқы ақынның есімі Өлең екен» деп болжам жасағаны есіңізде шығар. Сол әулие Өлең өзіне өмір сыйлаған аяулы шайырының ақ жуып, арулаған мүрдесін әлдилеп, кеудесіне үрлеп «жансалғаны» өлең тіліндегі өрнекте сондай сұлу көрінгенімен, суретке айналған сайын жүректі мұз қари береді. Мұнан кейінгі күйі тіпті алапат: «Адамдай-ақ ауылдан кеше кеткен, / Мәңгілік мекеніне бір түнеген». Уақыт пен кеңістік өлшемі біз ойлағаннан мүлдем бөлек, әрине. Бақида жылға санап жүрген мерзім бәлкім бір күн, тіпті бір минут. Шайыр түпсана арқылы ақиқатқа тартылған тылсым арасынан соны ажыратып, ерекше күй сазындай сезінген. Сол үшін де ол ауылдан кеше кеткен адамдай қабірінен оңай түрегеліп, басына келген қаралы бейбақпен қамсыз қауышатынына бек сенімді. Әрине, мұның бәрі болған, болатын және болуы мүмкін нәрселер. 

Былай қарасаң, қосүрей біреудің тіл ұшындағы сандырағы дерсің. Поэзиядағы осындай ерекше иірімдерді мәдени дәуірлердің ауысым аясындағы постмодернизм ұғымына тиесілі көзқарасқа жығып, әңгіме ауанын сол жаққа оңай аудара салуға әуестер көп. Ажалмен бетпе-бет келіп, аһ ұратын ғазиздердің ғұмырбаянында көбіне сол, бір кезде «болжап» айтқандары айна-қатесіз келетінін айғақтайтын мысал көп. Мен өз басым мұндай нәрселерді марқұм Есенғали Раушанов өлеңдерінен көп кезіктірдім. Көптігі сондай, бұл саладағы ғылым жеткен жетістіктің өзі бір керуенге жүк болардай. Біз сол ыңғайдың денінде құрғақ теорияға сүйенбей байлам жасай алдық па? Теориясыз да, медресе көрмей-ақ, ет пен сүйектен жаралған пенде осы ақиқатты, ерекше сопылық хәлді өлмей тұрып сезіне алуы мүмкін емес пе еді?

Мүмкін болғанда қандай! Оның сыры мына түйінді шумақта сияқты: «Тіршілік – кіндік тұстан төменгі мұң, / Өмірден биік қойдым өлең құнын. / Болжайды ақын ғана келер күнін, / Біледі Алла ғана менен бұрын». Ой, сабаздың баласының төгілдіре сілтеуін қарашы. Иә, бір оқығандағы әсерге ерік берсең күпір сөйлеудің көкесі деген – осы! Бірақ бұл ұғымның саналы өмірін өлеңге арнаған, тынысы түсініксіз тылсым әлеммен астасып кеткен ерек жаратылыс – шын шайырларға қатысы қаншалықты болуы мүмкін? Қатысы бар да шығар-ау, бірақ әзірге оны мойындап тұрған біздің Дүйсекең жоқ. Айтты – бітті, тасқа таңбалағаны Тәңірге аян. Өзі айтқандай-ақ, ақын тек келер күнін болжайды, ақиқатын Алла біледі! Мен өз басым мұнан күпірліктің көлеңкесін де көре алмадым.

Осы өлеңнен кейін құныға оқып келе жатқан жинақтың қалған парақтарын жаба қойдым. Әрі қарай онсыз да түсінікті еді. Оның үстіне Дүйсенбек дос «Жүректің жібек тіні» деген бөлімнен бастап «Ақын қыз, Әсел қыз, әсем қыз…» деп, оның бұрын неге жолықпай жүргенін айтып ашылып, шашылып, қызыл тілі салақтап, екі көзі алақтап, «Оң жаққа, біресе сол жаққа… Алысқа әкетер жол жаққа» далақтап, қыз-қырқын қуалап жөніне кетіпті. Бұл енді таза, өзіміз танитын, өмірдегі Дүйсенбек. Ағалық жасқа келген арда шайырдың поэзиясынан іздегеніміз оның дүниетаным мәселесі болатын. Шығармашылық шиырын шағын аяда шектеудегі әуелгі себепте осы еді.

Адамзат баласы жүріп өткен шұбалаң тарих жолында «Құдай» бейнесін қолдан жасап ала берген кезеңдер болған. Соның бәрінде адам мен табиғат, кейін тіпті Жаратушыға қатысты ұғымдар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылған, сол арқылы табиғат мінезін адамға, керісінше, адамға тән қасиет пен бейқасиет түрлерін жануардың мінезіне айналдыру архаикалық дәуірде әуелі дәнекерге, кейін келер күнді болжай алатын сөз иесі – ақынға жүктелген ерекше міндет.

Әуелде дін атаулының негізіне айналған қорқыныш пен үрей кейін белгілі бір дәрежеде табиғат аясында өзін қолайлы һәм қолайсыз сезіне беретін жан иесіне көшті. Қалай десек те, ескі жадты жақтаушы ақындық элита осы астыртын тепе-теңдікті ерекше сезіне білді. Сезіну күші әлі де сол зар күйінде. Құдіретті Құдай осындай түйсікпен жарылқаған біздің Дүйсен дос, келер күнді болжай алатын бірегейлер санатындағы Дүйсенбек бізге таптаурын қағидалардан қашық, ешкімге ұқсамайтын сол бұла болмысымен қымбат.

Берік ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<