Осы естелікті жазуға отырған сәттен мен алыстап кеткен балдәурен балалық шағыма оймен саяхаттап, бойымды сол кездерге деген бір сағыныш сезімі кернеп, толқыған көңіл-күй кешкенімді жасырмаймын. Оған себеп те бар еді. Ата-анамның көзін көрген алдымдағы ардақты аға – Тұрмағамбет Асанов сексеннің сеңгіріне шығып, ғұмыр биігіне жеткен сәтінде оның өмір жолы туралы менің айтуым, ой толғауым өте орынды және қажет деп есептедім. Өйткені Тұрмағамбет аға мен үшін туған ағамдай болып кеткен, әжелерімнің, ата-анамның көзін көрген, ұлағатын алған, біздің үлкен отбасымыздың бір мүшесіндей болған, жанымызға жақын жан. Сондықтан «көрген жандар сөйлесін» дегендей, аға туралы айту мені де жылы сезімге бөлеп, бастан өткен жақсы күндердің, қуанышты сәттердің шуағына бөлендіргені анық. Тұрмағамбет аға туралы сөз қозғау мені сонау құлын-тайдай шапқылап жүрген балғын балалық шағыма жетелейді. Аяулы ата-анам, мейірім шуағын төккен асыл әжелерім, бірге туған бауырларымның ортасында шат-шадыман алаңсыз жүретін күндерім, ұядай ыстық үлкен отбасым еске түсіп, сол күндердің жарқын елестері баурап алып, сосын өзім де тәтті сағыныш сезімінің құшағына еніп кетем. Тұрмағамбет аға мен біздің отбасымыздың арасын жақындатқан, әлі күнге жалғасып, жарасымын тауып, үзілмей келе жатқан сыйластық, ағалы-інілі қарым-қатынас қашан, қалай басталып еді?!
Жалағаш ауданының «Еңбек» колхозында дүниеге келген Тұрекең 1959 жылы Жалағаштағы Сталин атындағы №31 орта мектепті бітіріп, аудан орталығындағы механизаторлар даярлайтын курсқа жіберіледі. 1960 жылы «Кең профильді тракторист-машинист» мамандығын алады. Осыдан кейін ағаның қызу еңбек майданына араласуы басталады. Сол кездегі «Еңбек» колхозының бас механигі болған менің әкем – Алдаберген Бисеновтің қарамағында Тұрмағамбет аға еңбек жолын бастайды. Бозбаланың бойындағы қабілет-қарымын аңғарып үлгірген әкем оны көп ұзамай комбайнға отырғызады, сөйтіп 17 жасында механизатор болып көзге түседі. Ауыл еңбеккерлерінің қысы-жазы таусылмайтын, тынбайтын қайнаған еңбегі қызықтырса керек, оның үстіне трактор, комбайндардың тілін түсініп, қыр-сырын меңгеріп қалған ол ауыл шаруашылығы саласында жоғары білім алуды көздеп, ол мақсатына да қол жеткізіп, 1961 жылы Алматы ауылшаруашылық институтының «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» факультетіне оқуға түседі.
1965 жылы әкем «Жаңаталап» совхозына директор болып тағайындалды. Осы жылы 4-ші курс бітірген Тұрмағамбет Асанов «Жаңаталап» совхозына өндірістік практикаға келеді. Жалындаған жас жігіттің болашағына, алғырлығына, еңбекқорығына сенім артқан әкем:
– Практика уақытында демалысқа шыққан автомеханиктің орнына механиктің міндетін атқар, осы үйде боласың, мынау менің інім Серікбайдай сен де інімсің ғой, – деп, іш тартады. Бір жағынан Тұрекеңнің анасы Алуа әкемнің рулас апасы болып келеді.
Осыдан бастап менің үйдегі екі ағам – Серікбай және Сәбит көкеме Тұрмағамбет аға қосылып, біздің үйдің бір ұлына айналды. Үйде Кенжегүл, Сәпиян әжелерім бар, мен болсам бастауыш класта оқимын. Анам Зүбайра қазақи салтпен қайныларын, яғни Серікбайды «Төрежан», Сәбитті «Молдажан» деп атаса, Тұрмағамбет ағаны «Тұрманжан» дейтін. Ал Тұрекең мені үнемі «Қылышжан» деп еркелетіп сөйлейтін, сол ықыласынан әлі танған жоқ. Осылайша, менің алдымда үш ағам болды, мен соларға қарап ержеттім, өсіп-қалыптастым. «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы!» деген осы емес пе?!
Тұрмағамбет аға 1966 жылы желтоқсан айында жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіреді. Оның институтта қызмет істеуге қалатындай толық мүмкіндігі болады, ондай ұсыныс та жасалады. Дегенмен, туған жеріне қызмет еткісі келген жоғары білімді жас маман 1967 жылдың ақпан айында «Жаңаталап» кеңшарының бас инженері қызметіне тағайындалады. Өзінің «Өнегелі өмір» атты кітабында мұны былайша суреттейді: «…«Жаңаталаптан» жіберілген бензовоз машинасымен Алдекеңнің үйіне келіп түстім. Үйдегі сары әжем, қара әжем, Зүбайра жеңешем менің қызметке келгенімді естіп қуанып, «талабың оң болсын!» деп жатыр…». Иә, ағаның әкемнің қасында жүріп, тәлім-тәрбиесін, өнегесін алып, шыңдалып, пісіп-жетілген нағыз маман болып қалыптасуы осы кезеңдерден басталады деуге әбден болады. Теориялық білімді өндіріспен ұштастырудың жарқын үлгісін осы жерде көрсете білді. Оны ағаның естеліктерінде баяндаған оқиғаларын оқи отырып, тәнті боласың. Сеялкаларды дұрыс себу нормасына қою, егіс алқабында тұралап қалған, ешкім жылжыта алмаған тракторды шеберлікпен, біліктілікпен орнынан қозғап, жүргізу, моторы кеткен бульдозерді екі-үш күн жөндеудің орнына 5-6 сағатта жөндеп, іске қосу, бұзылған техникаларды түнімен сабан жағып, соның жарығымен жөндеп, жұмысқа дайындау, облыста бірінші болып бригадалар, өндіріс бөлімшелері арасында рациялық байланыс, диспетчерлік жүйе енгізу, ізденіп жүріп, сонау Қиыр Шығыстан – Петропавловск-Камчаткадын өзімізде жоқ, қажетті бөлшектер тауып, алып келу, тағысын тағылар сияқты атқарылған жұмыстарды оқып отырып, қызығасың, риза боласың, тамсанасың. Өз ісіне деген неткен адалдық, берілгендік, тіпті жанкештілік! – дейсің. Ағаның сол кездегі тағы бір жаңашылдығын қалай айтпассың?! Кеңшарда механизаторлық курс ашылып, оған қыздар оқуға тартылады. «Қыздар – тракторға!» деген облыстық қозғалыстың көшбасында Тұрмағамбет аға тұрады. Оның осындай ізденімпаз, игілікті істері, жұмыс тәжірибесі кеңінен насихатталып, кеңшарда бірнеше рет облыстық семинар-кеңестер өткізіліп, облыстық газеттерде жарияланады. «Жаңаталап» кеңшары облыста, республикада, Одақта атағы шыққан алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналады. Соның нәтижесінде 1971 жылы совхоз директоры – менің әкем Алдаберген Бисенов «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болып, «Ленин» орденімен қоса «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталды. Ал бұл абыройдың ішінде Тұрмағамбет ағаның да зор еңбегі, қомақты үлесі жатқаны анық. Ол «Бисеновтің мектебінен» өткенін үнемі мақтанышпен айтады. «Жаңаталап» кеңшарындағы еңбегі үшін 1970 жылы «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, 1969-1971 жылдары Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс медальдарымен марапатталады.
Мұндай еселі еңбек көзге түспей қалсын ба, 1973 жылы Тұрмағамбет аға Жалағаш аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігін басқаруға жіберіледі. Іскерлігі енді аудан шаруашылықтарын дамытуға, нығайтуға бағытталады. Қолынан іс келетін, жұмыстың көзін білетін, аянбай еңбек ететін қабілетті маман қашанда қиын жерлерге, тұралап қалған шаруашылықтарға жіберілетіні аян. Сондай себеппен Тұрмағамбет Асанов 1974 жылы артта қалған шаруашылықтардың бірі «Аққұм» кеңшарына директор болып жіберіледі. «Аққұм» – біздің әулеттің атақонысы. Бұл жерде де ағаның қарым-қабілеті, іскерлігі жарқырап көрініп, жемісін берді. Осы шаруашылықты он жылдай басқарды, өзінің шебер ұйымдастырушы, іскер басшы екенін ісімен дәлелдеді. Ол ізденуден, жаңалықтарды ойлап тауып, өмірге енгізуден жалықпаған өнертапқыш. Мал азығын ұқсатып берудің жаңа технологиясы өндіріске енгізіліп, ол «аққұмдық әдіс» деген атпен кеңінен насихатталады. Күріш өндіруде кеңшар «жүз мыңдықтар» қатарына қосылды. Ауылда әлеуметтік нысандар бой көтерді, автоматты телефон жүйесі жұмыс істеді. Тұрекеңнің бастамасымен, ауыл орталығында Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың құрметіне Мемориалдық кешен салынды. Бүгінгі күндері ол облысымыздағы елді мекендер ішіндегі ең озық нысан ретінде тарихи мұра болып саналады. Осындай қажырлы қызметі, еселі еңбегінің нәтижесінде Тұрмағамбет Асанов 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мұнан кейін, яғни, 1982-1985 жылдары Жалағаш ауданындағы СПТУ-15 орта-техникалық училищеге басшы болып, ауыл шаруашылығына қажетті арнаулы орта білімді мамандар даярлау ісіне кірісіп, ұстаздық қызметке ауысты. 1986-1987 жылдары Қызылорда облыстық жолаушылар тасу автокомбинатында бас инженер қызметін атқарды, 1987-1996 жылдары Қызылорда совхоз техникумында оқытушы болып, көптеген шәкірттерді даярлап шығарды. Осында жүрген кезінде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы зілзала зардаптарынан жапа шеккен елді мекендерді қалпына келтіруге бүкіл қазақстандықтармен бірге қатысып, студенттерінен құрылыс жасағын құрып, Зайсан ауданында екі ай еңбек етіп, атсалысады. Осы еңбегі ескеріліп, «Зайсан қаласындағы зілзала зардабын қалпына келтірудегі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Ол отбасымен 1997 жылы Алматы қаласына қоныс аударды. Онда «Тайқазан техносервис» зауыты бас директорының орынбасары қызметін атқарып, 2006 жылы зейнетке шықты.
Зейнетке шығып, қолы босағасын шығармашылық, өлкетанушылық ізденістерге ден қойды. Бұл тұрғыда атқарған еңбегі өте ауқымды. Бойда бар дарынды қасиеттер қарап отырғызбайтыны анық, өзі өсіп-өнген өлкенің тарихын, өткен-кеткен белгілі тұлғаларын тереңдеп зерттей бастады. Талай-талай қызықты деректерді жинап, қағазға түсіріп, көпшілікке ұсынды, танытты, насихаттады. 2004 жылы «Өнегелі өмір» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Өзінің өмір, еңбек жолын баяндай отырып, менің ең жақын жандарымды, екі әжем мен ата-анамды, ағаларымды, ауылдың маған таныс адамдарын, тұрмыс-тіршілігін әдемі суреттеп, көз алдыма әкеледі. Сонысымен жүректі тебірентеді, жаныңды жадыратады.
Мұнан кейін 2005 жылы «Өмір-өзен» атты кітабы шықты. Ал «Керейт Ата ұрпақтары» (2011 ж.) және «Ұрпағымыз керейттің» (2013 ж.) кітаптары аттары айтып тұрғандай, шежірелік жинақ болды. Бұл дүниені дайындап, жарыққа шығарудағы ағаның еңбегі ұшан-теңіз. Ата-баба тарихын тануға, керейт руының шежіресін білуге, ұрпақ тәрбиесіне қосылған зор үлес, таптырмайтын тарихи жәдігер.
Тұрекең тарихи деректерді көп біледі, тұнып тұрған шежіре, өлкетанушы. Ол атақты Кенесары хан бастаған қазақтың ұлт-азаттық күресіне тікелей қатысқан, көтерілістің тарихын жырмен жеткізіп қалдырған, ханның жорық жыршысы, руы ашамайлы керейт Нысанбай жырау туралы зерттеулер мен ғылыми мақалалар жинағының жауапты редакторы болды, өзі де бұл тақырыпқа зерттеу мақаласын жазды. Нысанбай жырау Жалағаш ауданындағы «Еңбек» ауылының маңайына жерленген. Қазақтың көрнекті тарихшысы, академик Мәмбет Қойгелдиев ағамыз елге келгенде жанына Тұрмағамбет аға мен профессор Ғабит Әнешұлы Тұяқбаев екеуін қосып, сол жерді көрсеткен едік. Тұрекең ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығын таңдамай, тарих саласына түскенде қазақтың үлкен тарихшы ғалымы, танымал зерттеушісі болып шығар еді деп те ойлаймын.
Шығармашылық қабілеті өз алдына бір төбе. Ол – он шақты кітаптың авторы. Сөз саптауы, әңгіменің майын тамызып айтуы, әзілді де шеберлікпен жеткізуі кісіні қызықтырады, сөйлесе тамсана тыңдап отырасың. «Сырдан ұшқан сұңқар» (2014 ж.), «Ұрпаққа ұрпақ жалғасы» (2015 ж.), «Көшеней керейт» (2016 ж.), «Адам бір көшкен керуен» (2021 ж.) кітаптары қаламгерлік қырының айшықты дәлелі.
Ағаның сексен жасқа шаршамай келуі, тың қалпын сақтауы әуелі Алла берген денсаулықтың, сабырлы мінездің жемісі десек, онан кейін отбасылық бақытты ғұмыры, сенімді жансерігі мен тәлімді ұл-қыздарының арқасы дер едім. Осы арада тағы да артқа шегініп, сонау балалық шағыма оралуға тура келеді.
Тұрмағамбет аға «Жаңаталапқа» бас инженер болып ақпан айында орналасқаннан кейін, жаз шыға Құдай қосқан жары Күләш жеңгемізді ауылға алып келді. Күләш Мулиянова Шығыс Қазақстанның Зайсан қаласында дүниеге келген. Алматыда Абай атындағы ҚазПИ-де оқып, география-биология пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Тұрмағамбет ағамен 1966 жылы бас қосып, отау құрады. Біздің үйде тұрып келе жатқан ағаға жас отбасы ретінде кеңшардың 2 бөлмелі шағын үйі беріліп, олар сол үйге орналасты. Мен жеңгемді «апай» деймін, өйткені мектепте биология пәнінен сабақ беретін ұстаз. Ағам маған:
– Өй, апайың не сенің, ол сенің жеңгең емес пе?! – дейтін күліп. Менің «жеңеше» деуге аузым бармайды, сабақ беретін апайды қалай «жеңеше» дейсің. Анам Зүбайра Күләш апайды ұнатып, «өкіл қыз» етіп алғысы келген. Бірақ көпті көрген Кенжегүл әжем «оның жолы ауыр, шариғатта айтылған шарттары бар, соның бірін орындай алмай қалсаң күнәһар боласың, сондықтан «өкіл қызым» деп айдар тақпай-ақ сыйласып, қатысып жүріңдер» деп, үлкендік ақылын айтып, тоқтау салған екен.
Ағам мен жеңгенің отау құрып, қол ұстасып қатар келе жатқандарына да елу жеті жыл болыпты. Алла амандығын берсе, бұдан да ұзақ бірге жүруді нәсіп етсін. Олар төрт қыз, екі ұлды дүниеге келтіріп, өсірді, жеткізді. Балаларының бәрі де – жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапқан үлгілі ұрпақ. Анар қарындасым – физика-математика ғылымдарының докторы. «Сыры кетсе де сыны кетпеген» асыл жеңешем ағамның адал жары, отбасының шуағы, немере-шөберелерінің сүйікті әжесі болып отыр. Ұзақ жыл халық ағарту саласында абыройлы еңбек етіп, ҚазССР Халық ағарту ісінің үздігі атанды.
Күләш Мулиянованың шәкірттері мектептен алған білімін жалғастырып, жоғары оқу орындарын бітіріп, өндірістің түрлі саласында еліне абыройлы қызмет атқаруда. Олардың арасында «Жаңаталап» ауылындағы №117 Мақпалкөл орта мектебінің түлектері: Үрзағипа Ильясова, Роза Бисенова, Нәби Маханов, Насыраддин Төремұратов (ғалым), Мағрипа Әшірбекова, Әбзали Бердалиев, Гүлжаһан Батырбаева, «Аққұм» ауылындағы А.Бисенов атындағы №38 орта мектептің түлектері Гүлнар Ешпанова, Марал Ақдәулетова, Гүлзира Күлмаханова және Қызылорда қаласындағы №212 мектептің түлектері Гүлсара Жұбайдаева, Сызбек Ахметов, Бисенкүл Жүсіпбекова, Гаухар Ниязбекова, Алтынкүл Наурызбаева (ғалым) және Анар Күзембаева бар.
«Ағадан – ақыл, ініден – ізет» деген бар, бұл нақылды біздің қарым-қатынасымызға қарата айту әбден жарасады және осы жолдан таймай келеміз. Бала күнімнен Серік, Сәбит көкелеріммен бірге өз ағамдай болып кеткен Тұрмағамбет ағаны солардың ізіндей, көзіндей көрем. Ол кісінің айтып отыратын, жазып жарыққа шығарған естеліктері – мен үшін аса бағалы рухани ескерткіш. Ол әкемнің жылдық асына келгенде өзі де сырқаттанып жүрген, сонда анам Зүбайра «Тұрманжан, бері жақында, сені төрт кемпірдің атынан сүйейін» деп, төрт рет бетінен өпкенін, бұл олардың соңғы жүздесуі болғанын, төрт кемпір дегені – анам Зүбайра, Кенжегүл мен Сәпиян әжем және өз анасы Алуа апам екенін тебіренбей оқу мүмкін емес.
Ару қала Алматыға қоныс аударған аға-жеңгеммен әрқашан қуана қауышып отырамыз. «Жақсы аға – орман, жақсы іні – қорған» екенін көрсетіп келеміз деп айта аламын.
Қылышбай БИСЕНОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы
ҰҒА академигі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<