Күлкі туралы айтайын ба?

353

0

сурет ашық дереккөзден

Күлкі күні дей ме? Күлкі туралы айтайын ба? Айтпақшы, бұл сұрақ та емес, тақырып та емес, күлсеңіз күле беріңіз.

Күлкі – дәрі. Айналаңыздағыларға көңіл-күй мен күлкі сыйлай алсаңыз, онда сөз жоқ, сіз ұнамды, пайдалы адамсыз. «Күлсең басқалар да саған қосыла күледі, ал, жыласаң ешкім де саған еріп жыламайды». Бір данышпан осылай депті-міс. Бірақ бұған данышпандықтың керегі не, басымыздан өткен іс. Бәлкім, бұл менің өз сөзім шығар.

Жаратушының пендесіне берген ең үлкен нығыметтерінің бірі – күлкі. Жылағанда адамның әлпеті әбіржіп, күлгенде құлпырып кететінін бәріміз де білеміз.

Баяғыда Баяу деген хан елім тыныш, бай өмір сүрсін деп, қалың қолмен көрші елдерді жаулауға аттаныпты.

Осы өңірде ешкім алдын кеспеген, сөзін аттамаған, әлдекім ренжітпеген асыл, абыз қария бар еді. Хан аттанарда содан бата сұрапты. Сонда абыз ата: «Тыныштық орнатам деп соғыс ашпақсың ба?» депті ренжіп. Қатесін түсінген Баяу: «Ісімнің қателігін білдім, өзіме жаза кестім. Ол жазам – өмірбойы күлмеймін» деп ант етіпті. Содан ол Күлмесхан атаныпты. Күлмеген адамнан күй таяды екен, ақырында екі көзі суқараңғы соқыр болып қалыпты.

Міне, күлкінің мәнісі қайда жатыр.

Күлкіні зерттейтін арнайы ғылым бар, оны гелотология дейді екен. Адам күлгенде терең тыныс алады. Сонда өкпе көтеріліп-басылып, «тазаланады», қан айналымы жақсара түседі. Күнделікті он бес минут күлген адамның хәлі аптасына үш рет отыз минуттық жаттығу жасағанмен тең.  Түсініктірек қылып айтайық, бес минуттық риясыз күлкі жасыл бақ ішінде жарты сағат дем алғандай. Осының бәрін өзім білгендей айтып отырмын, оны гелотология айтады.

Саудада тұрып ашулануға, келушімен келіспеушілік жасауға болмайды. Ондай адамдардың саудасы жүрмейді. Ал күліп тұратын қызмет көрсетушінің түсетін табысы көп. Мысалы, даяшыны алайық, күліп жүретін даяшыдан кез келген клиент ұсақ ақшасын қайтаруды сұрамайды.

Күліп жүру үшін әзіл айта білу, ал әзіл айта білу үшін көп білу керек. Көп білгеніңді көп айтып жүрмесең де ол түрленбейді, ұмыта бастайсың. Біз кейде баланы «тұйық», «момын», «көп сөйлемейді» деп мақтаймыз. Бұл мақтанатын мінез емес.

Қазақ «аузында әзілі жоқтың, қойнында шоқпары болады» дегенді бекер айтпаған.

Бала деп қалдық. Балалар үлкендерге қарағанда жиырма есе көп күледі. Жылап тұрып күле салатын бала ғана. Ондай құдірет ересектердің қолынан келмейді.

Баланы күлдіру үшін бейнелі сөйлеп, жасырып жеткізіп әуреге түспейсің. Оларға аузыңды қисайтып, ерніңді дүрдитсең болды, оның бұлттан шыққан күндей жарқ ете қалуына сол да жетеді.

Бейнелі дедік пе, баяғыда аталарымыз бейнелі сөйлеген ғой.

Бір атамыз алыс туысының үйіне қона жатып келген әйелінен: «Ол үйдегінің екі пышағы бар ма екен, үш белгісі бар ма екен?» деп сұрапты. Бұл сөзді еріксіз естіп отырса да балалары түсінбейді. Өйткені, қазақ ұғымында үлкен адамдардың бала көзінше біреудің мінін айтуы – теріс тәрбие. Бұрынғы адамдардың астарлап сөйлеуге қалыптасуының өзінде осындай сырлар бар.

Осы оқиғаны індетпей-ақ, бейнелі сөз мәнін ашайық.

Жаман әйелдің екі пышағы болады, біреуімен нанын турайды, екіншісімен күйеуінің жанын турайды дейді. Ал жақсы әйелдің үш белгісі болады, жүзінде күлкі тұрады, қолында нан жаятын оқтау, ашуланса тілінде тоқтау болады дейді. Бұл «дейділерді» өзіңіз дегізіп аларсыз.

Біз бүгін біреуді күлдірейік деп әзіл іздемедік, шамалы мақал түгендегеніміз рас. «Біреу көріп күледі, біреу еріп күледі», «Көбікті қарда түлкі ойнар, көңілді көзде күлкі ойнар», «Ит десең ашуланып, күшік десең күледі», «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра». Қандай ғажап қазақ нақылы?!

Негізі «күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім» деген қазақ күлкі мәселесіне мейлінше немқұрайы қарамаған. Соны айтқанымыз ғой…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<