Ақ көгершін

1451

0

Күз. Далада жауын. Жыпырлаған көгершіндер жердегі жемге таласып жүр. Самат көгершіндерді көріп, кілт кідірді. Бір бала шашып тұрған нанның қиқымын сумаңдаған көгершіндер қағып әкетіп жатыр. Ішіндегі ақ көгершін қиқым таластың ортасында жүрсе де аузына бір түйір ілінбейді. Ана шетіне бір, мына шетіне бір жүгіріп жүр. Өзі сүйкімді, нәзік. Күштілердің алдында шарасыз, әлсіз. Тағы бір жемге бар күшімен ұмтылып еді, үлкен көк көгершін іліп әкетті. Сонда да сүріне-жығыла алға жылжиды. Жердегі жемді шоқып тауысқан көгершіндер жыпырлап ұшып кетті. Ақ көгершін әлі жем іздеп жүр.

Қорғансыз құсқа аяныш сезіммен ұзақ қарады.


Сол күні Айжанмен танысты. Газетке шығаратын мақаласын машинкаға тергізуге барған. Университет дәлізінде қарсы алдынан аққұба өңді, жылы шырайлы қыз шықты. Ай қабақ, алау ерін, қыпша белдінің өзі! Қою қара шашы екі иығына төгіліп тұр. Әдемі қызыл көйлегі тал бойына жараса қалыпты. Кеудесіндегі бұлтиған қос анарына көзі түскенде бойынан тоқ жүріп өтті. Жүрегі атойлап, қызға есіл-дерті кетіп, қатып қалыпты! Сұлу қыздың мөп-мөлдір қос жанарына, үлбіреген еріндеріне ерекше ынтыға қарады. Бір кезде екеуінің көздері түйісе кеткені! Қыз бұған күлімсіреді де, көзін тайдырып әкетті. Ғашықтықтан есінен айрылған жігіттің бетіне ыстық леп соқты.

– Есімім – Айжан. Міне, мақалаңызды машинкаға бастырып қойдым! Ала беріңіз!

..І-м-м.

Әсем даусынан селк ете түсті. Алғысын ыммен жеткізді. Ол әлі өз өміріндегі ең ғажайып сәттің әсерінен айыға алмаған еді. Қыздың газетке беремін деген мақаласын машинкаға теріп бергенін естіді. Дұрыстап алғысын да жеткізе алмады.

– Сені ректоратқа шақырып жатыр! – деді біреу сыртынан үн қатып. Өз тобындағы қыздардың бірі екен.

-…Самат, саған не болды? Түрің біртүрлі болып кетіпті ғой.

– Жо-жоқ. Ештеңе болған жоқ. Ректоратқа барайын.


Арада бірнеше күн өтті. Саматтың Айжанға деген мөлдір сезімі жыр болып құйылды.

Шуағын шашып тұрса Күн,

Бір бақыт сыйлады жыр-сағым.

Мен бүгін сезімнің ақ құсын,

Сұлу қыз өзіңе жұмсадым.

Сезімнің ашылып қауағы,

Жүрегім дүрсілдеп соғады.

Махаббат баурады жанымды,

Ақ құсым сені іздеп барады.

Жыр жолдарын хатқа қосып, қызға біреуден беруге оқталды. Киноға шақырып, айлы түнде аппақ сезімін өлеңмен жеткізбек болды. Ол ойынан айнып қалды. Ештеңе айтуға батылы бармады. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер зымырап өтіп жатты. Ғажайып сезімнің құшағында өзін бақытты сезініп жүрді. Бәлкім, кездейсоқтық шығар, күнде бөлменің терезесінен сыртқа қарап отырып ақ көгершінді көреді. Ол мұның көзіндегі мұңды ұққандай мойнын созып қарайды. Бейкүнә құс өзі ғашық болған қыздан бір хабар әкелгендей көрінеді.


Он екі күн өткенде университетте Айжанмен кездесті.

Қызық болғанда Саматты ол өзі іздеп келіпті. Жанында құрбысы Шолпан бар. Самат қуанышын жасыра алмады. Екі қызды асханаға шайға шақырды. Үстел үстін жайнатып жіберді. Айжан бірден ашылып сала берді. Өзі ерке, еті тірі, қайсар. «Әй, жігітім, сен неге ұзақ уақыт хабарсыз кеттің? Маған хат та жазбадың» дегендей сұраулы жүзбен жігітке күлімсірей қарады. Саматтың жүрегі кеудесінен шығып кетердей аласұрды. Әдеп сақтап, ішіндегі алай-дүлей сезімін көзінің қарасымен білдірді. Самат болмысынан сабырлы, жігерлі жігіт. Бойы ұзын, жұқа шашы өң беріп тұрады. Қарапайым, жинақы киінеді. Үнемі ойдың құшағында жүргендей көрінеді.

Ғашықтардың сырласуы кешкілік жалғасты. Театрдағы қойылымға махаббат арқау болған. Далаға шыққанда ымырт үйіріле бастаған. Жігіт батылдық танытып, қыздың қолынан ұстады. Қыз басын жігіттің иығына сүйеп, ұнататынын сездірді. Ай сүттей жап-жарық. Күлімсіреп қараған қыздың бейнесіне ұқсайды. Ғашықтарға тілеулес болып тұрғандай. Екеуі де аяулы, ғажайып осы сәтті армандаған. Бір-біріне үнсіз ұзақ қарап тұрды.

Қоштасар сәтте Айжан күлімдеген көзін жігіттің көзіне қадап:

– Мен қандаймын? – деп сұрады.

Жөпелдемеде не дерін білмеген Самат:-

– Қуыршақтайсың! – деп әзілдеп жауап қайырды. Екеуі де мәз болып күлді.


Жаңа жыл қарсаңындағы кеш. Самат пен Айжан қала орталығындағы саябақта кездесті. Жүздері бал-бұл жанған ғашықтар бақытты еді. Айтылмаған сыр қалмады. Айжанның құрбысы Айнұр іздеп келмегенде әлі жүре берер еді. Бір күн бұрын Жаңа жылды бірге қарсы алуға уәделескен. Айжан құрбысын шақырыпты. Үшеуі №43 автобусқа мінді. Қаланың шетіндегі ықшам ауданға қатынайтын көліктің іші адамға лық толы. Жолаушылардың көпшілігі түрегеп тұр. Самат сол қолымен қызының қолынан ұстап, оң қолымен жоғарыдағы бел темірге жармасты. Автобус жүргізушісі де ғашықтардың көңілін аңдағандай Юра Шатуновтың тамаша әнін қосты.

Я не знаю, что сказать тебе при встрече,

Не могу найти хотя бы пару слов.

А недолгий вечер, а недолгий вечер

Скоро станет ночью темною без снов.

А недолгий вечер, а недолгий вечер

Станет ночью темною без снов.

«Ғашықтық ғаламат сезім! Өмірде бір адамды шын сүйгің келеді. Кіршіксіз, шынайы махаббатты іздейсің. Армандаған аруыңды кездестірсең, сенен бақытты жан бар ма?!.».

Әсем әннің ырғағымен әдемі ойдың құшағында тұрған. Автобуста Айжанға көңілі ауған бейтаныс жігіттің «батылдығы» оятып жіберді.

– Қарындас, керемет сұлу екенсің! Атың кім?

– Айжан.

– Айжан десе Айжан екенсің! Мынау ағаң ба? Неге қолынан ұстап алғансың? – деп сөзбен «тиісе» берді. Әңгімеге Айнұр араласты.

– Әй, жігітім, жайыңа отырсаңшы. Қыз көрсең, өзіңше батыр болып кетеді екенсің, өзің! – деп тыйып тастады. Әлгі «сері жігіт» те жағаласа кетті.

Саған біреу бірдеңе айтты ма? Екі көзің бақырайып кетіпті ғой, түге!

– Жап аузыңды!!!

Автобустағы «батыр» Айнұрды ренжіте жаздап, сабасына түсті. Айнұр өжет қыз екен. Ол танымал боксшының туған қарындасы болып шықты.


Жаңа жыл кеші. Мерекелік дастархан жайнап тұр. Құрбы-құрдастар әзіл-қалжың айтып, дастарханға отырды. Сағат тілі тура 12.00-ді көрсетті. Қолына аққайнар толы стакандарды ұстағандар даурығып, бір-бірін беттерінен сүйіп, құттықтауға кірісті. Бұрын бірін-бірі көрмеген жандар да тез тіл табысты. Көңілді музыка, ортадағы би сауықтың көркін қыздырды.

Басында бәрі тамаша еді. Көңілді орта. Шалқыған көңіл-күй. Кенет Саматтың жан-жүрегін мұң торлады. Ол Айжанды мұндай қыз деп ойламаған еді. Ойындағы Айжан: әдемі, нәзік, бәйкүнә, адал, әдепті…қыз. Керісінше ол қорғансыз, жеңілтек, көңілшек болып көрінді. Қай жігіт биге шақырса да қымсынбай биледі. Ойын ойнағанда бейтаныс жігітпен нағыз ғашықтарша құшақтасып, мәз-мәйрам болғанын көріп шыдай алмады. Сабырға жеңдірді. Әлден уақытта балконға шығып, оңашада ойларына ерік берді. Көз алдына Айжанды алғаш көрген кездегі ақ көгершін келді.

Аппақ қар. Құстар қардың бетіне шашылған жемге таласып жүр. Ортасында ақ көгершін. Аузында бір түйір дән жоқ. Анаған да, мынаған да мойнын созады. Әл-дәрмені азайған. Әйтеуір дүние таластың ішінде жүр. Ол басқаларды өзіндей ақкөңіл, мейірімді деп ойлайды. Жердегі жемді бөліседі деп үміттенеді. Өз несібесін таласып-тартысып жеген көгершіндер ұшып кетіп жатыр. Қанатын қомдап, ұшқысы келеді. Ұша алмайды. Ақ көгершін көзіне Айжан болып елестеді. Сен, бұл әлемнің көгершіні емессің! Қош бол!


Арада көп жылдар өтті. Самат пен Айжан жалындаған жастық шағы өткен қалада кездейсоқ ұшырасты. Екеуі де бір-бірін таныды. Баяғы Айжан емес. Қос жанары мұңға толы бір бейбақ. Самат шарасыздықтан селтиіп ұзақ тұрып қалды.

Төлен Тілеубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз