95 жастағы соғыс ардагері бақша баптап жүр

359

0

Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Қабақ Смағұлов ағаш өсіріп, бақша баптап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
95 жасқа толған майдангердің көңілі сергек, ширақ қимылдайды əрі анық сөйлейді.
«Балалық, жастық шағымыз аласапыран заманмен тұспа тұс келді. Əсіресе соғыс жылдарындағы ауыр еңбек, жақын-жуықтан айырылу оңай болған жоқ. Мен 1942 жылы майданға аттандым. «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді» деген. Жауға қарсы соғыстық, аман қалдық, бірақ жарақаттанып қайттық. Құдай маған өмір берді, денсаулық берді. Соның арқасында ерінбей еңбек еттік. Шүкір! Бірнеше шақырым жаяу да жүре берем. Үйдің алдындағы бақшаны баптаймын, жеміс ағаштарының артық бұтақтарын қиямын. Алма, алмұрт, қара өрік, сары өрік еккенбіз, балалар жейді ғой жемісін. Соларға қарап, ермек қыламын. Ал қазір өткен малға күнде қараймын деп айта алмаймын, балалар өздері бағады. Бірақ арасында мойын бұрып, жем шөбін беріп тұратыным бар», – деді қария.
Ақсақалдың қолындағы ұлы Төлеу мен келіні Жанардың айтуынша, Қабақ ата күн сайын мерзімді басылымдарды оқып, елдің тыныс-тіршілігімен танысып отырады.
«Атамыз тың. Көзі жақсы көреді. Құлағы да жақсы естиді. Газеттердің əр нөмірін жібермей оқиды. Тоғыз баласынан 21 немере, 20 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр», – дейді Жанар.
Айта кетейік, Қабақ Смағұлов 1923 жылы туған. Екінші дүниежүзілік соғысына 1942 жылдың маусым айында алынып, Орынбор қаласы маңында әскери жаттығудан өтеді. Содан кейін Мәскеу бағытындағы майдан даласында жауға қарсы шығады. 1942 жылдың желтоқсанында қолбасшы Рокоссовский басқарған ІІІ екпінді армия сапында Тула қаласын азат етуге қатысқан. 1943 жылдың ақпанында Орел қаласын жау құрсауынан босату жолында ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға түседі. 1943 жылдың қарашасында медициналық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарамсыздығына байланысты елге оралады. Соғыс аяқталысымен әскери комиссариат арқылы Қарағанды қаласын қалпына келтіру жұмысына араласады.
Майдангер Қабақ Смағұлов Отан қорғау жолындағы борышын адал өтегені үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені және «Ерлігі үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», маршал Г.К.Жуков атындағы медальдармен марапатталған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<