ЕКІНШІ ТОЛҚЫН: болжам расқа айналмасын десек…

502

0

Бүгінде коронавирус инфекциясының жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз. Бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеріп жатқаны баршаға мәлім.  Аталған індет күннен күнге өршіп, адам өміріне қауіп төндіруде.  Әлемнің 188 елінен 50 миллионан астам адам  індет жұқтырса, 12 миллионнан астамы аурудың белсенді фазасында болғандықтан  бақылауда. Қайтыс болғандардың ресми саны 1 млн 232 мыңнан асты. Ал елімізде вирус жұқтырғандар саны 114826-ға жетті.  Соңғы кезде эпидахуалдың біршама күрделене бастағаны байқалады.  Осы орайда қауіпті кеселдің болжамды екінші толқынына дайындық жұмыстарын пысықтап, індетпен күреске сақадай сай болудың маңызы зор.

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбді­қа­йымова және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың қатысуымен өт­кен брифингте коронавирус инфек­циясының болжамды екінші тол­қынына дайындық жұмыстары  жан-жақты баяндалып,  қауіпті кесел­дің белең алуына жол бермес үшін тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.

– ҚР Санитарлық-эпидемио­ло­­­гия­­­лық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағанбетова онлайн бри­фингте карантиндік шара­ларды аймақ бойынша күшейту жұмыс­тарының жүр­гізіліп жат­қанын айтты. Соңғы аптада елімізде коро­навирус инфекциясының таралуы өскен. Бірақ әр аймақта жағдай әртүрлі. Сондықтан карантин шаралары аймақтардың ахуалына қарай қабылдануда. Ал өңірде бүгінгі күні індет жұқтырғандар саны – 3262. Оның ішінде 3144 адам, яғни 96 проценті жазылып шықты. Эпидахуалға орай облыста кезінде барлығы 976 төсек-орын ұйымдастырылған болатын. Шілде айында жағдайдың күрделенуіне байланысты ол 2035-ке дейін көбейтілді. Бүгінде жағдайдың тұрақтылығына байланысты  емха­налар мен ауруханалар қалыпты жұмыс атқаруда. Қазір 210 инфек­циялық төсек-орын бар. Жүктеме 13 процентті құрауда, – деді Наурызбай Байқадамов.

Ал коронавирустың болжамды екін­ші толқынына дайындық бары­сында ай­мақта облыс әкімінің бақы­лауымен қа­­­жетті жұмыстар атқарылып, дайын­дық жүргізілуде.  Атап айтқанда, меди­ци­на­лық құрал­дармен жабдықтау жыл басында 85 процентті құраса, он айдың қоры­­тындысында 89 процентке жет­кен. Инфекциялық стационарлардың реа­ни­­­мация бөлімінің құралдармен жаб­­дық­талу көрсеткіші 75-тен 85 процент­ке жо­ғарылаған. Эпид­мау­сым бас­талғанда облыста 76 өкпені жасанды желдету ап­параты болса, бүгінде оның саны – 244. Маман тап­шылығын жою мақсатында өңірге 99 жас маман келген. Облыста 79 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға қызмет көрсетуде. Авто­көліктердің  жар­тысына жуығының тозығы жеткені белгілі. Осыған орай аймақ басшысының қолдауымен лизинг арқылы 26 санитарлық автокөлік алынса, алдағы күні тағы 14-і келеді деп күтілуде. Сонымен бірге 161 мобильдік бригада құрылған.  Оның 138-і қызметін атқарып жатыр. Оның мақсаты – тұрғындардың үйлерінде ем алуына жағдай жасау. Себебі адамдарды шоғырландырмаудың маңызы зор. Емхана­лар кез келген уақытта ауру ошағына айна­луы мүмкін. Әйтсе де, ем­ханалар штат­тық режимде өз жұмыстарын атқара беретін болады.

Ал облыстық санитарлық-эпиде­миологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова әлемде, респуб­ликада коронавирустың күрделі эпидахуалын ескере отырып, өңір­де бірқатар шектеулер әлі де жал­ғасатынын жеткізді.

– Әлемде, әсіресе Еуропа ел­дерінде, Ресейде карантиндік шаралар күшейтіліп жатыр. Республика көле­мінде де кейбір өңірлерде блок-бекеттер қайта қойылып, шек­теу шаралары күшейтілуде. Ал біздің облыста әзірге жағдай тұрақты. Жалпы, инфекцияның  инкубациялық кезеңін 14 күн деп айтамыз. Осы уақыт ішінде қарым-қатынастар тізбегі айқындала түседі. 27 тамыз -13 қыркүйек аралығында  он жеті-он сегіз күн бізде тізбек үзілген кезең болды. Тізбек үзілгенде адамнан адамға жұғу қаупі бәсеңдейді. Сондықтан қыркүйек, қазан айында бізде жаңа деректер бірлі-жарым ғана тіркелді. Оларды тексеру барысында бір-бірімен еш байланысы жоқ екені анықталды. Бұл тұрғындардың тәртіпке бағынуының нәтижесі деп білеміз. Бірақ осылай болды екен деп сақтық шараларын ұмытуға болмайды. Біз әлі де шектеу шараларын қабылдадық. Әсіресе, ұжымдық басқосуларға, той, жиын­дарға, отбасылық мерекелерді атап өтуге тыйым салдық.  Сонымен қатар ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрмелер, форумдар мен конференциялар өткізуге болмайды, – деді Әлия Мүтәліпқызы.

Брифингте облыс әкімінің орын­басары Наурызбай Байқадамов тұрғындарды әлі де болса көпшілік жерлерге бармауға, сақтық шара­ларын қатаң ұстануға, тәртіпке бағынуға, әсіресе, балаларды той-томалақ, түрлі ағайын-туыстар ара­сындағы жиындарға апармауға шақырды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз