Кардиолог Гүлзат

704

0


Бас ауырып, балтырымыз сыздаса ең алдымен Алладан медет тілеп, онан соң дәрігер көмегіне жүгінетініміз белгілі. Ал пандемия кезінде ақ халаттылардың жүгі тіпті ауырлағаны анық. Індет ілмегіне іліккен әрбір жанды аман алып қалу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігерлердің ерлігі ештеңемен өлшеуге келмейді.


Қауіпті дертпен күресте қалың көпшілікке көмегін аямаған жанның бірі Сырдария аудандық ауруханасының кардиологы – Гүлзат Тыныштықбаева. Ол 1986 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Сырдария ауданы, Тереңөзек кентіндегі О.Абдулпаттаев атындағы №210 орта мектепті бітірген соң Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Педиатрия» мамандығы бойынша білім алған.


Еңбек жолын Сырдария кеңес беру диагностикалық емханасында жұқпалы аурулар кабинетінің дәрігері болып бастаған. 2014 жылы жалпы тәжірибелік дәрігер қызметіне ауысады. 2017 жылдан бастап осы ауруханада кардиолог маманы ретінде қызмет етеді. Пандемия кезінде провизорлық бөлімшеде індетпен күрестің бел ортасында жүріп, талай науқастың өміріне арашашы болды


– Былтыр дәрігерлер ауыр кезеңді бастан өткерді. Шілде айынан бастап аудандық ауруханада науқастарадың толассыз келуіне байланысты екінші провизорлық бөлімше ашылды. Күніне 11, 15 науқас түсетін. Сол кезде өзімді бейнебір соғыста жүргендей сезіндім. Күн-түн демей бөлімшеде арнайы киіммен науқастарға көмек көрсету маған да мейірбикелерге де, кіші буын қызметкерлеріне де оңайға соққан жоқ. Бірақ қажырлы еңбектің, ұжымның ұйымшылдығының арқасында, жан-жақтан, аудандық әкімшілік, кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде бұл індетті де жеңіп шықтық. Әлемді жайлаған қауіпті кесел арамызда жүректері жылуға, мейірімге толы адамдардың көп екенін көрсетті. Осы орайда мен Тереңөзек кентінің тұрғыны (өзі ештеңе айтпауымды өтінген еді) Фрунзе Оспанованың жанашырлығы мен жомарттығын ерекше айтқым келеді. Фрунзе Тәуіпбайқызы науқастарға және қызметкерлерге ыстық тамақ, айран, жетпей жатқан қажет дәрі-дәрмекті жеткізіп беріп, үлкен көмек көрсетті. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деуші еді қарттарымыз. Сол айтылғандай, ол кісінің қиын сәтте жасаған жақсылығы әлі есімізде, – деп ағынан жарылды Гүлзат Қапбарқызы.


Гүлзаттай дәрігерлеріміздің табанды еңбегінің арқасында ауруды ауыздықтадық. Бүгінде өңір «жасыл аймақта». Дегенмен, мамандар әлі де сақтық шараларына мән беріп, аурудан сақтанып жүруге шақырады.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<