ҰЛАҒАТЫ ҰРПАҚ ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН ЖЫРАУ

701

0

Кеше Қармақшы ауданында Сыр сүлейі, жампоз жырау Тұрымбет Салқынбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай мерекелік шара өтті.

Мерекеге қатысушылар алдымен жыраудың туған топырағы Ақтөбе ауылына барып, аудан әкімдігінің қолға алуымен қайта жаңғыртылып, күмбезделген жырау бейітіне құран бағыштады.

Мұнан соң қонақтар биыл 40 млн теңгеге жөндеуден өткізілген аудан орталығындағы Т.Салқынбайұлы атымен аталатын әуез мектебінде болды.

Ш.Төлепова атындағы аудандық мә­дениет үйінде өткен «Тау тұлға – Тұрымбет жырау» атты ғылыми-таным­дық конференция жырау мен жыраулық өнердің өлмес рухын паш етті.

Конференцияны аудан әкімі С.Мақашев ашып, барша жұршылықты жыр мерекесімен құттықтады. Мұнан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық фи­лиалы төрағасының орынбасары Е.Байтілес сөз алып, жыраулық мұра­ға көзінің қарашығындай қарайтын қар­­мақ­­шылықтарға алғысын білдірді. Абай атындағы Қазақ ұлттық уивер­си­тетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Т.Тебегенов, этнограф-жазушы Т.Дайрабай, жыраудың ұр­пағы И.Бекмаханов секілді ға­лымдардың баяндамалары тың­дау­шыларына мол мағлұ­мат тарту етті.

Тағылымды жиын соңы республикалық жыр­шы-жыраулар бай­қауына ұласты.

Балқы Базар, Дүр Оңғарлардың жолын жалғап, жы­­раулық өнері­мен өз өңі­рі­мізден бө­лек өз­бек, түр­кі­мен елі­не де танылып, мек­теп қалып­тас­тырған Тұрымбет Салқын­бай­ұлы ерекше дарын иесі болған.

Шығыстық үлгідегі «Көроғлы», «Жүсіп-Зылиқа», «Әуезхан», «Ақтам», секілді дастандарды таңды таңға ұрып айтып, өз жанынан «Мәжит пен патша қызы» атты дас­тан шығарып қал­дырған жыраудың рухани мұрасы бүгінгі ұрпақтың қазынасына айналып отыр. Кете Жүсіп, Жиенбай жыраулармен айтысқа түскен оның «Шырқау дауысы», «Гөй-гөй», «Күмісайжан» атты әндері де бар. Шығармалары «Пернедегі термелер», «Айтыс» жинақтарында жария­ланып, «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты жеке жинағы жарық көрген.

Міне, мәдениетіміз бен рухани өміріміздің бір ерен тұлғасы Тұрымбет жырау есімі осылай ұлықталды.

Ұлағаты ұрпақ жадында жаңғырды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<