Облыстың ветеринариялық ұйымдарына жаңа қызметтік көліктер кілті табысталды

622

0

Бүгін Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ветеринариялық ұйымдарға жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады.


Аймақ басшысы салтанатты шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбегінің орны ерекше екенін тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты өз Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге үлкен мән берді. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыстар атқарылуға тиіс.


Себебі ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына және облыстың агроөнеркәсіп саласының дамуына тікелей әсер етеді.

Облыста ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында тиісті іс-шаралар уақытылы атқарылып келеді. Нәтижесінде соңғы жылдары жануарлар арасында аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр. Ветеринария саласындағы жұмыстардың сапалылығын арттыру үшін 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» жобасы жасалды. Ал ұйымдарды материалдық техникалық жабдықтау мақсатында биыл облыстық бюджеттен 111 млн. теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде өздеріңіз көріп тұрғандай, 2013 жылдан бері жаңартылмаған 15 қызметтік көлік ауыстырылды. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады, -деді Гүлшара Әбдіқалықова.


Ұйым мамандарына көлік кілтін табыстау рәсімінен кейін, ветеринария саласының ардагері Байғабыл Пірманов батасын берді.


Айта кетейік, 15 қызметтік көлік қала мен аудандарға жөнелтіледі. Атап айтқанда, Арал ауданына 4, Қазалы ауданына 1, Қармақшы мен Жалағаш аудандарына 2, Сырдария, Шиелі аудандарына 1, Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласына 2 көлік пайдалануға берілді. Келер жылы да ветеринария саласының материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыру көзделіп отыр. Яғни, 2022 жылы 30 автокөлік, 140 компьютер, 140 дана термочемодан алуға қаржы қаралды.

Мұнан бөлек, жыл басынан бері облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 15 түрлі жұқпалы аурудың алдын алу үшін республикалық бюджет есебінен 6 млн. доза, сондай-ақ энзоотиялық ауруларға қарсы облыстық бюджеттен 226,5 млн. теңге бөлініп, 625,1 мың. доза препараттар алынып, ветеринариялық іс-шаралар толық жүргізілді. Бүгінде атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде аймақтағы эпизоотиялық ахуал тұрақты болып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<