Қызылордада 1 жасқа толмаған нәрестеден коронавирус анықталды

361

0

Соңғы тәулікте аймағымызда короновирустың 206 жағдайы тіркелсе, оның 142 дерегі облыс орталығынан анықталған. Жұқтырғандардың 42-сі 14 жасқа толмаған балалар, олардың ішінде 3-еуі 1 жасқа толмаған нәресте.


Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтты.
«Бүгінгі күні өткен жылдың шілде айынан кейін аурушаңдықтың 3-ші толқындық бас көтеруі орын алып отыр.

Ағымды жылдың сәуір айында ауру саны күрт өсіп, 1540 жағдай тіркелсе, шілде айының 15-ші жұлдызынанда індет жұқтырғандар саны 3341-ге жетті. Ал 29 шілдеден бастап тәулігіне 200-ден аса жағдай анықтала бастады. Қазіргі уақыттағы ең жоғарғы дерек саны 220. Бұндай жағдай былтырғы пандемияның кезінде болған емес, былтырғы шілде айында ең жоғарғы ауру тіркелген саны 118 болатын. Эпидемиологиялық ахуал өте күрделі», -деді Ә.Әбдіқайымова.


Бүгінге дейін аймақ бойынша коронавирус инфекциясының барлығы 10 741 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 59% клиникалық белгілерімен анықталса, симптомсыз түрінің үлесі 41%. Барлық тіркелген коронавирус инфекциясының 2% сырттан тасымалданған, 58% скринингтік тексеру нәтижесінде және 40% қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар болды. Тіркелген жағдайлардың басым бөлігі, яғни 62,4% Қызылорда қаласының үлесінде.

Сонымен қатар аудандар арасында жоғары көрсеткіш Жаңақорған, Шиелі және Сырдарияда тіркеліп отыр.
Облыста тіркелген 8095 ошақтың 2014-нің инкубациялық мерзімдері аяқталмай, әлі де бақылануда. Оның ішінде үй ошағының саны – 1800, ұйымдасқан ошақтар саны-214. Барлық ошақтарда қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, індетке қарсы, профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Ошақтардағы қарым-қатынастағыларға 14 күнге медициналық бақылау орнатылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз