Қызылордада «Смарт бокс» салынады

425

0

Халықаралық жастар күніне орай өңірде 50-ге жуық шара ұйымдастырылуда. Шаралар карантиндік талаптарға сай ашық аспан астында және онлайн форматта өтеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Мукеев жастар күніне жоспарланған шараларды жан-жақты баяндап берді.


9 тамызда жастар арасындағы интелектуалдық сайыстар басталып, шаралар легін спорттық жарыстармен жалғау жоспарланған. Одан әрі әр түрлі тақырыптардағы семинар-тренингтер мен байқаулар, экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Маусым айында бастау алған «Сыр дарыны» шығармашылық байқауы да мереке қарсаңында қорытындыланатын болады.


«Мерекеге орай өңірімізде бірнеше орталықтардың ашылу рәсімі өтті. Жалағаш ауданында «Coworking» және спорт орталығы өз жұмысын бастаса, қалалық жастар ресурстық орталығы жанынан заманауи би залы ашылды. Бұл нысандар жастарымыздың белсенділігін одан әрі арттыруға ықпалын тигезеді деген сенімдеміз», – деді Азамат Ырысдәулетұлы.


Брифингте «Сыр үміті» жастар қауымдастығының жыл басынан бері атқарған жұмыcтары да айтылды. Бұл туралы аталмыш ұйымның атқарушы директоры Талғат Тілес толығырақ баяндап, халықаралық жастар күніне жоспарланған шаралар мен алда жүзеге асар жарқын жобаларды сөз етті.


Қауымдастық қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты барлық шараларды онлайн форматта өткізбек. Ал ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай ұйым қала жастарына арналған «Смарт боксты» қолданысқа беруді жоспарлауда.

«Смарт бокс жастардың түрлі жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік сыйлайтын жаңа орта. Бұл жерде жастардың тегін интернетті пайдаланып, әр түрлі жанрдағы кітаптарды электронды форматта оқуына барлық мүмкіндіктер жасалатын болады. Заманауи техникамен жабдықталған смарт бокс әзірге қала орталығына қойылады. Егер жоба өз тиімділігін, жастарға қажеттілігін дәлелдесе шет аймақтарды да қамтуға жұмыс істейміз», – деді қауымдастықтың атқарушы директоры.
Сонымен қатар Талғат Оспанұлы аймақ жастары арасында «Жастар жобаларының хакатоны», «Облыстық студенттер фестивалі», «Ақыл battle» сынды жобаларды өткізу жоспарға енгендігін жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<