Сыр өңірінде «100 жаңа есім» жобасының аймақтық нұсқасы жасалады

281

0

Алдағы уақытта Сыр өңірінде «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай жағымды жаңалықты жеткізді. 

Ескерте кететін бір жайт, қазір жоба тек республика деңгейінде ғана іске асырылуда. Алдағы уақытта жобаның форматын жетілдіріп, әр сала бойынша қала және аудан көлемінде табысқа жеткен азаматтарды анықтау үшін жұмыс жасалады. Үстіміздегі жылы облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы жобаға қатысушы үміткерлерді тіркеу жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда аймақтың мақтаныш тұтарлық деңгейде табысқа жеткен 13 үміткер тіркелді. Олардың арасында Илья Ильин, Элизабет Тұрсынбай, Ғалымжан Бәйімбет, Қамшыбек Қоңқабаев, Мағжан Ералиев, Сағатбек Қуанышбайұлы сынды жастар бар. Былтыр аймақта 4 азамат республикалық деңгейдегі жобаның жеңімпазы атанған еді. Олардың арасында хирург-дәрігер Болатбек Баймаханов, тоғызқұмалақшы Әсел Дәлиева, селекционер-ғалым Александр Николаевич Подольских және педагог-психолог Сымбат Әбдірахманова бар еді. Өткен жылы Сыр өңірінен 84 азамат үміткер ретінде тіркелген болатын.
«Жыл бойына аталмыш жеңімпаздар халықпен түрлі кездесулер өткізді. Әрбір кездесудің тағылым аларлық тұстары көп болды. Рас, тарихи тұлғаларға толы Сыр өңірінен небәрі 4 жеңімпаз табысты деп танылуы аздық етеді. Сондықтан жобаның быилғы екінші кезеңіне барынша белсенділікпен қатысуға және табысты тұлғаларды танытуымыз тиіс», – деді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас. 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<