Түлектер туған жерде…

318

0

 Қызылорда – көрші елдің беделді ЖОО-да жүздеген түлек оқытуды ұйымдастырған жалғыз облыс. Иә, соңғы 4 жылдан бері Ресеймен қарым-қатынас нығая түсті. Шет мемлекет – жаңа түсінік, жаңа таным. Онда құр қыдырып барғанның өзі ой-өрісіңді өзгертеді. Ал білім алудың жөні бөлек. Айтулы университеттерде мықты маман, білікті кадр даярлауға мүмкіндік көп. Былтыр РФ Үкіметінің гранты бойынша білім алған алғашқы түлектердің 31-і елге оралды. Ал 45 студент оқуын магистратурада жалғастыруда. Олардың жайы түсінікті. Ал елге келген түлектердің тіршілігі қалай? Алған білім кәдеге жарап, жұмыс тапты ма?

Өткен жолы газетімізде «Жас­тар жылына» орай материал дайындадық. Сонда туған жерге оралған жастардың бірі Еламан Меңдіқұлға хабарласқан едік. Ол – «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлт­тық зерттеу технологиялық университетінің түлегі. Бүгінде «Қызылорда жарығы» ЖШС-да қызмет атқарады. Сөзі салмақты, ойы орнықты екен. Жастарға қа­тысты ұтымды ұсыныс айтты. Ал бұл жолы шетелдегі жастардың басын қосатын «Орда» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, сырбойылық Ақ­ниет Тобжанға хабарласуды жөн көрдік.  Облыстық ин­дустриялық-инновациялық даму басқармасының жас маманы атанған Ақниеттің жұмысы қауырт екенін байқадық. Тілі де, тірлігі де мығым. «Туған жер – темірқазығым» деп елге келіп, еңбекке бар ынта­сымен кіріскеніне іштей қуа­нып қалдық. Сөз арасында Ақ­ниеттен аудандағы өндіріс орындарына аттанған түлектер туралы ақпарат алғанбыз. Солардың бірі – Жаңақорған ауданындағы «СКЗ-U» ЖШС қызметкері Гүлсезім Раушан.

Дерек пен дәйек. 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясының жетекші техникалық ЖОО-да облыс мектептерінің 405 түлегі білім алуда. Өткен жылы  алғашқы 74 түлек оқуын бітірді. Олардың 45-і магистратурада оқу­ларын жалғастырса, 19 түлек аймақтағы ірі кәсіп­орындар мен мекемелерге жұмысқа орналастырылды.

Мәскеуден –

«СКЗ-U»-ға

Гүлсезім оқушы кезінде шекара асып, білім алу туралы мүлде ойламапты. Мүмкін оқушылар арасындағы «ең жоғары білім Астана мен Алматыда» деген стереотип әсер еткен болар. Бірақ, оған Ресейде оқу мүмкіндігі бұйырады. Осылайша, облыс орталығындағы №253 мектептің түлегі 2014 жылы Қызылордадан Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетіне қабылданған 84 студенттің бірі болды. Онда электроника және наноэлектроника мамандығын меңгерген.

– Мәскеуде жүріп байқа­ғаным, білім алуда сапалы бәсекелестік бар. Оқу, бағалау жүйесіндегі шынайылық тек сөзбен айтылмайды. Расымен қатаң талап қойылады. Іс-тәжірибені де Мәскеудегі мекемелерде өткіздік. Шетелде оқу барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыс әкімінің орынбасарлары біз оқып жатқан қалаға келсе, бізге соқпай кетпейтін. Мұндай елге сыйлы тұлғалардың айрықша көңіл бөлуі – үлкен демеу, бойымызда «Отанға оралған соң міндетті түрде халыққа пайдалы қызмет атқарамыз» деген сенім пайда болды. Жаттандылау көрінер, бірақ сапалы білімінің қарымтасы – тек елге еңбек ету. Тіпті, жұмысқа орналасуға да аймақ басшылығы тікелей ықпал етті. Өткен жылы оқу бітіріп келген соң облыстық әкім­діктің қыз­меткерлері хабарласты. Жаңа­қорған ауданындағы  «СКЗ-U» ЖШС-на маман болып жұмысқа тұруды ұсынды. «Сұрағаның іздемей табылса», қалай қуанбайсың?! Ертеңіне бірден өндіріс орнына барып, әңгімелесу кезеңінен сәтті өтіп, жұмысқа қабылдандым. Жас­тарға деген мұндай қамқорлық өзге елдерде жасала бермейді, басқа облыстарда мұндай мүм­кіндік те болмаған. Ел болашағы үшін жасалған мемлекетаралық келісімнің мәнін жақсы түсі­неміз, сондықтан қолдау мен қамқорлық танытуда аянбаған аймақ басшылығына алғыс айтамыз, – деді Гүлсезім Раушан.

Қазір ол – күкіртқышқылы цехының инженері. Бір қызығы, Санкт-Петербургта білім алған түлектердің бірі Жазира Смайлова екеуі бір бөлімде. Басшылық екі жас маманға «үнемді өн­діріс» тәсілдерін жетілдіру, ұсы­ну міндетін тапсырған. Ай­­та­­лық, жұмысшылардың уа­қы­­­тын үнемдеу, өндіріс зат­тарын, қаржыны тиімді пайда­лану жолдарын ұсынады. Бұл үшін, әрине, жұмысшылардың мінде­тімен қатар, қоймалардың ор­на­ласу ретін, қайда не сақ­талатынын білу өте маңызды. Гүлсезім сөз арасында алғашқы жұмыс орнының өте мықты тәжірибе алаңы, ірі өндіріс орны болғанына қуанатынын айтты.

Түйін. Мақаланы жазу барысында «Мәскеу көрген» бірнеше түлектермен тіл­десіппіз. Бірі де шағым айтып, уайым білдірген жоқ. Демек, бұл «жұмыс жайлы, көңіл тоқ» деген сөз. Жалпы, қазіргі уақытқа дейін Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінде – 150, МҰТЗУ-ның Орынбор облысы Новотроицк қаласындағы филиалында – 17, Мәскеу энерге­тикалық институтында – 16, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық универ­ситеттерінде – 106, Санкт-Петербург мемлекеттік өн­діріс­тік технология және дизайн универ­ситетінде 116 студент білім алуда.

2014 жылы облыс әкімдігі мен Ресейдің маңдайалды жо­ға­­ры оқу орындарымен мемо­ран­­думға қол қоюының мақ­саты, мектеп түлектерінің ең үз­діктерінен аймаққа кадр дайындау еді ғой. Енді Сыр елі «жалын қылып жылдарды, ба­­ғындырып шыңдарды» елге ор­ал­ған жастардан тек нәтиже күтеді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<