Жақсы нәтиже жауапкершілікпен келеді

346

0

ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстық маңызы бар қалалардағы базарларға талаптар енгізілетін болады. Яғни, облыстық маңызды қала аумағындағы орналасқан әмбебап базарлар жаңа форматтағы сауда нысандары қатарына көшірілуі тиіс. Бүгінгі күнге базарларды жаппай жаңғырту жұмыстарын бас­тап, саудагерлер арасында дүрлікпе жағдайлардың орын алмауын және жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңмен жүргізу мақсатында жаңғыртудың жос­пар кестелері әзірленуде. Соны­мен қатар, базарларды «Заманауи фор­маттағы сауда объектілеріне көшіру» бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, жаңғыртуға жататын базарлар бойынша «Сыбаға» базарының Тоқтыбаев көшесі жағынан салынып жатқан жалпы пайдалы көлемі 5250 шаршы метр болатын 2 қабатты 80 сауда орны бар «Қорқыт Ата» сауда үйінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда, барлық қажетті ішкі және сыртқы инженерлік желілер (су, кәріз, жылу, желдету) жүргізілген. Нысан жоспар бойынша алдағы шілде айында іске қосылмақ. «Асбол» базарының аумағында негізгі кіреберіс жағындағы ғимарат жаңа форматқа сәйкестендіріліп, стационарлық нысан ретінде қайта салынған. Ал, «Атамекен» сауда үйінің артында орналасқан контейнерлер алынып, жаңа стационарлы сауда нысанының құрылысын 2019 жылы бас­тау жоспарлануда.

«Жайна» базарының ғимараты талаптарға сәйкес келеді. Қазіргі кезде базар иесімен нысанның санатын Сауда үйіне өзгерту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта базар жанында орналасқан контейнерлі қатардың орнына жаңадан стационарлық нысан құрылысы жүргізілмек. «Сұлтан» базары аумағынан жаңа форматқа сәйкес стационарлық ғимарат салынып іске қосылған. Алдағы уақытта базар артындағы жайма қатарлар бұзылып, орнына  автотұрақ құрылысын жүргізу жоспарда бар. Бұдан бөлек «Бабас», «Гүлдана», «Тұлпар» секілді шағын базарларда да жұмыстар басталатын болады.

Облыс әкімі базарларды зама­науи та­лаптарға сай келтіру әлеуметтік маңызы зор мәселе екенін шегелеп айтты. Біріншіден, халыққа сапалы қызмет көрсетіліп, қауіпсіздік мәселесі ескерілуі керек. Қазір өркениетті елдерде ашық сауда орындары жойылған, оның заманы өтті. Соған сәйкес қызылордалық кәсіпкерлер де жинақталғаны дұрыс. Базар иелерін ауыстырудың қажеті жоқ, сол иелері жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек.

Аймақ басшысы төтенше жағдайлар департаменті басшылығына базарлардағы қауіпсіздік шараларының талапқа сай болуына басты назар аудару қажеттігін ескертті. Департамент өкілдері мынандай кемшіліктер анықталды деп актілерін дайындап қана қоймай, сол кемшіліктер түзелгенше қалалық әкімшілікпен, кәсіпкерлік басқармасымен бірге жұмыс жасауы қажет.  Ал, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жұмысын жариялы түрде жүргізгені дұрыс. Базарлардағы қоғамдық тамақтану орындарының тазалығы мен қолдан жасалған тамақтардың сапасы үнемі бақылауда болғаны абзал. Департамент мамандары жарты күн кеңседе болса, қалған жарты күні сауда орындарында бақылау жұмыстарын жүргізгені абзал.

– Кәсіп иелерінің тіршілігіне еш қарсылық жоқ. Жұмысын істеп, пайдасын көруі керек. Бірақ, олардың жауапкершілігі болуы тиіс. Сондықтан,  департамент жариялы түрде жұмыс істеуі керек. Талапқа сай келмейтін тағам дайындағандар талқылауға жатады. Ал, базарларда кезекшілік жасайтын жергілікті полиция қызметкерлері ауыстырылып тұрғаны жөн, – деді облыс басшысы. Бұл ретте базар басшыларымен жиі бас қосып отыруды тапсырды.

Мәжілісте жазғы тынығу лагерінің жай-күйі және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова баяндап берді. Оның атап өткеніндей, облыс бойынша 1-10 сынып аралығында 140464 баланың 136160-ы жазғы тынығу түрлерімен қамтылатын болады. Ол барлық оқушылардың 96,9% құрайды.  Балалардың жазғы демалысы 9 қала, аудан сыртындағы лагерьлерде ұйымдастырылады. Биылғы маусымда аталған лагерьлерге жалпы 9327 бала қамтылады. Жазғы тынығу лагерьлерінің материалдық-техникалық базасынан жөндеу жұмыстарына және балалардың тынығуына жергілікті бюджеттен 297,7 млн  теңге бөлініп, жұмыс жасалуда.

Биыл облыс көлемінде 485 мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс жасайды деп жоспарланса, ондағы қызметтер бойынша барлық міндеттер пысықталып отыр.

Облыс басшысы жазғы лагерьлердің жай-күйі туралы төтенше жағдайлар және қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру үшін орынбасары Руслан Рүстемовке  штаб отырысын өткізуді тапсырды. Сол секілді Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен облыстағы білім беру ұйымдарына жазғы тынығу лагерьлерінің сапалы дайындығын және мерзімінде ашылуын қамта­масыз етуді жүктеді. Бұл орайда балалардың демалысын мағыналы өткізуге кәсіпкерлерді, ардагерлерді, мемлекеттік органдардың атсалысуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бірінші тоқсанда атқарған шаралары туралы басқарма басшысы Қайрат Тоғызбаев хабарлады. Облыс қөлемінде, жер заңнамасының сақталуы бағытында атқарылған іс-шаралардың және жүргізілген бақылаудың нәтижесінде, 2017 жылдың қорытындысымен республика бойынша басқарма Атырау облысынан кейін екінші орынға тұрақтаған.

Осы жылы қазірге дейін анықталған заң бұзушылықтардың саны – 35, оның ішінде жерді пайдаланбау – 9, мақсатын бұза отырып пайдалану  – 9, өз бетінше иелену – 17. Оларға айыппұл және ескертулер түрінде әкімшілік шаралар қолданылған.

Басқарма басшысы біздегі жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау саласы бойынша қабылданып жатқан оң істермен танысу үшін көршілес облыстардан әріптестер келіп тәжірибе алмасып жатқанын, өз кезегінде басқарма қызметкерлері тәжірибе жинақтау мақсатында ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінде және Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облыстарында тағылымдамадан өтуде екенін жеткізді.

Мәжілісте облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқар­масының басшысы Марсбек Молдабаев облыс әкімінің тапсырмасына сай нысандарда құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау күшейтіліп, орын алған кемшіліктер мен ақаулар нысанды қабылдағанға дейін толық жойылуы қамтамасыз етіліп жатқанын мәлімдеді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 31 тексеру жүргізіліп, 10 нұсқама беріліп, анықталған кемшіліктер жойылған. Сонымен қатар құрылыс саласындағы заңнама талаптарын өрескел бұзған мердігер мекемелерді лицензиясынан айыру туралы тапсырма да күшіне енді. Мысалы, сот шешімімен «Береке» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысуға берілген лицензиясы алынса, «Ардақ» ЖШС-на лицензия­сын қолдану уақытша тоқтатылған. Мұнан бөлек, қозғалған 44 әкімшілік іс бойынша  кінәлі тұлғаларға 6,4 млн теңге айыппұл салынып, оның 5,9 млн теңгесі бюджетке өндірілді.

Облыс әкімі пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандар уақытында және сапалы түрде қолданысқа енгізілуін қатаң тапсырды. Бұл ретте тиісті басқармалар бірлесіп қимыл жасап, құрылысқа қатысты барлық мәселенің, қойылған міндеттің мұқият қадағалануы қажет екені және бір ескертілді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<