Қаруды қаламға ауыстырған

343

0

Өмір – Алланың адамға бір-ақ рет беретін қымбат сыйы, жарық сәулесі әрі сынағы. Сондықтан адамгершілік қасиетті жоғары ұстап, төзімділік, табандылық таныту керек дейтін көнекөз қариялар. Өмір ағыны асау өзен сияқты жойқын, күшті толқындарға қарсы тұра алмасаң жағаға шығарып тастайды, қарсы жүзуге мүмкіндік бермейді. Кейде жұмсақ, кейде қатал болып кездесетін қиыншылықтарды, кедергілерді ақыл-оймен, сабырмен жеңіп, өмірдің әрбір сәтін мәнді де сәнді өткізе білу керек.

Бүгінгі мақалама арқау болған Қазыбек Әшірбекұлы ағамыз сонау 1946 жылы бұрын Тереңөзек ауданына, бүгінде Қызылорда қаласына қарайтын «Қараөзек» ауылында дүниеге келген. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тапқан-таянғанын соғыс үшін, жеңіс үшін жұмсаған мемлекеттің күйзеліп, ел жағдайының күрт нашарлап кеткен кезі еді. Соғыстан кейінгі жылдар ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр болды. Жұмысшы күші жетіспейді, техниканың көп бөлігі істен шыққан, жер өңдеу нашар дамыған.

Қазыбек аға сол ауылдағы №39 «Қызылөзек» орта мектебін аяқтағаннан кейін, 1965-1968 жылдар аралығында азаматтық әскери борышын Түркіменстанның Мары қаласында өтеп, елге оралды. 1968 жылы Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының шаруашылық бөліміне жүргізуші-қызметкер болып қабылданды. Онан әрі басқарманың мемлекеттік автомобиль инспекциясы бөлімінің дивизион жол бақылау инспекторы, анықтаушы, аға инспекторы, дивизион командирінің саяси іс жөніндегі орынбасары, басқарманың кадр бөлімінің инспекторы, аға инспекторы лауазымдарын абыроймен атқарды.

Екеуміздің таныстығымыз 80-жылдардың ортасында басталған. Туымы, жүріс-тұрысы, мінезі бөлек, аяғында жылтыраған былғары етігі, үстіне тап-тұйнақтай, құйып қойғандай, өзіне жарасымды милиция формасы. Қатал сияқты көрінгенмен, кейін мінезі жұмсақ, асықпай ойланып сөйлейтін қараторы офицерді жедел мәжілісте кездескенде есімде сақтап қалдым. Кейін оны тағы да басқармадағы саяси оқу сабағы кезінде көрдім, өте сауатты дәріс оқып, саяси сауаттылығымен таңғалдырды.

Жақынырақ танысып, басында «жолдас капитан», «жолдас майор» деп амандасатын едік, кейін Қазыбек аға, Қазекеге көштік. БАҚ-пен тығыз байланыс орнатып, мақалалар жариялап тұрады. Ағамыз қылмыс ашуда, құқықбұзушылықтарды анықтауда да көзге түскен. Бірақ ол туралы айтуды ұнатпайды. Тек кезінде жұртқа мәлім, қылмыс құрбаны болған азаматтың өмірін сақтап қалып, қарулы қылмыскерді құрықтағанын есіне түсіреді. Тапа-тал түсте қала орталығында пышақпен қаруланған қаскөй қылмыскер бірнеше дүкенге шабуыл жасап, ақша, қымбат тон иеленіп, келесі бір дүкеннен тағы да ақша алмақ болады. Сатушыға шабуыл жасап, ақша талап етеді, оны қорғамақ болған азаматқа пышақ жұмсап, қашып бара жатқанда Қазыбек ағамыз жауынгерлік самбо әдісін қолданып, қылмыскерді ұстап, қалалық ішкі істер бөліміне жеткізеді.

Ол милицияның күндіз-түні уақытпен санаспайтын ауыр қызметін атқарып қана қоймай шығармашылықпен ұштастырды. Тапанша мен алатаяқ ұстаған әріптестерінен, қаруластарынан айырмашылығы қалам мен қойын дәптер де алып жүрді. Арасында шабыт, ұшқыр ой келген кезде немесе күнделікті қызметте бір кездейсоқ оқиға туындағанда бірден қаламын іске қосатын.

Қазыбек ағамыз 1991 жылдың қараша айында ішкі қызмет майоры шенімен зейнет демалысына шықты. Ішкі істер министрінің арнайы бұйрығымен қызметтік киімді кию құқығы берілген. Оның 23 жылдан аса милициядағы қызметі тиісті орындар тарапынан еленбей қалған жоқ. Министр бұйрығымен I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Милиция үздігі», Қазақстан полициясына-20, 25, 30 жыл медальдарымен, министрлік пен ішкі істер департаментінің, облыс әкімінің, Қызылорда қалалық мәслихатының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен, «Қызылорда облысына 70 жыл», «Қызылорда қаласына 200 жыл» төсбелгілерімен марапатталды.

Полицей, өрт сөндіруші, көпқабатты үйдің терезесін жуушы мен балықшы әлемдегі ең қауіпті мамандықтар қатарына жатады. Құқық қорғау органдарының бір саласы болып есептелетін полиция қызметінің саласы сан алуан. Басты міндеттері – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, тергеу салада әртүрлі мамандар қызмет атқарады. Бірақ шығармашылықпен айналысатын адамдар бірлі-жарым. Шығармашылықтың ішінде сатираға ден қойған адам туралы естіген емеспін. Қазыбек ағамыз кез келген журналист, жазушы бара қоймайтын сатира жанрына бет бұрды. Бұл ауыр жанр болғандықтан оған кез келген қаламгер жақындай бермейтіні анық. Кеңес заманында «Ара» журналында, кейде кейбір газеттерде жарияланып тұратын фельетон, әзіл-сықақ, сындар қазір жоқтың қасы, мүлдем жарияланбайтын болды. Қару мен алатаяқты қаламға айырбастаған ағамыз «Сақшыдан шыққан сатирик» атанды.

Қызметте жүріп те, зейнетке шыққан соң да мақалалары жергілікті және республикалық БАҚ-та үнемі, үзбей жарияланып тұрды. «Ленин жолы» газетінде штаттан тыс тілші болды. Кейін республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінде, «Ара» журналында, облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы», «Халық», «Ұстаз мәртебесі», «Кәсіпкер келбеті» газеттері мен «Әлімсақ» журналында фельетон, әзіл-оспақ, сын-сықақ тақырыптарына қалам тартып жүр. Ол туралы ішкі істер министрлігінің «Сақшы» газетінде «Ардагер» журналында мақалалар жарық көрді.

Қазбек ағамыз – «Әлімсақ» журналында ақылдастар алқасының мүшесі. Шығармашылық еңбегі де еленбей қалған жоқ. Ол Қазақстан Журналистер одағының дипломымен және оның жергілікті филиалының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ата басылым «Егемен Қазақстан» газеті тағайындаған жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлденің 2001, 2011 жылғы екі мәрте иегері болды. Ол ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожекеевтің ұсынысымен Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығына мүше ретінде қабылданған. «Күлкі керуені», «Жебе», «Ұлт пен мұрт» әзіл-оспақ, сын-сықақ дүниелері «Сырдария кітапханасы» 200 томдық жинағына енген. Ардагер ағамызды 75 жасқа толуына орай сол кездегі облыс әкімі қабылдап, оған лайықты құрмет көрсетті. Қазыбек Әшірбекұлының құқық қорғаушы ретінде абыройлы еңбек етіп қана қоймай, қаламгерлік қырынан халыққа танылғаны, өмірдің көлеңкесі мен күнгейін көкірегіне түйіп, кемшілікті қалам қуатымен қағаз бетінде сынап, көпшілікке ой тастағаны атап көрсетілді.

Ол кісі атақ-даңққа, шен-шекпенге қызыққан жоқ, жағу үшін ешқандай бастықтың асты-үстіне түскен жоқ. Өз ісіне шын берілген кісі, бірнеше толқын шәкірт тәрбиелеп шықты. Аса ауыр, қауіпті қызметті шығармашылықпен бірге алып жүрген ол ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі, ұйымдастырушы, жастарға патриоттық тәрбие беріп, оларды берген антына берік болуға шақырды.

 Қазекеңмен сұхбаттасқанның өзі бір ғанибет. Қай кезде сұрасаң да көкейіндегі ойын жасырмайды. Нақышына келтіріп, асықпай, баппен қызықтырып, майын тамызып тұрып милиция қызметінің небір оқиғаларынан бастайды. Облыстық милиция басшылары әрі ұстаздары, ағалары, әріптестері болған полковниктер Алтекең Сағымбаев, Әнуар Имандиев, Мылтықбай Пейісов, Қаржаубай Жартенов, Бердалы Ысқақов, Айтбай Қазбеков, Арыстан Аширов, Төлеш Әлиев, Бақыт Бекмамбетовпен бірге облыстағы қаламгерлер туралы ерінбей айтады. Шығармашылықтағы ұстаздары ретінде қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннен бастап, кешегі Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровті атайды. Себебі, осы кісілердің шығармаларын оқып өсті, нәр алды.

«Егемен Қазақстан» газетінде «Көңілашар», «Сөз сойыл» айдарымен ондаған әзіл-оспақ, сын-сықағы жарияланған. «Халық» газетінде «Даражан», «Әркімнің несібесі – әр жерден», «Кім қалай алады?», «Нарықтағы нақыл сөз», «Өсекшіге өсиет», «Заманның басты жұмбағы», «Жар таңдауда жаңылма», «Танып ал», «Қазір бәрі ақылы», «Құлақ жайлы қысқа әңгіме», «Қысқа қайырым», «Қос қылықтылар» сияқты әзіл-оспақ, сын-сықақ өлеңдері, нақылдарына орын берілген. Бұл – нағыз бүгінгі күнмен үндескен, уақытында жарияланып отырған сан алуан өзекті тақырыптар. Қазекең әзіл, сындары арқылы адамның жат қылықтары мен жақсы қасиеттері, уақыт талабы, нарық мәселелерін қозғаған. Осы газеттегі «Жиі неге жаңылып тұр?» өлеңінде Сыр елінің аяқастынан өзгеріп, тосын мінез танытатын шаңды ауа райына арнаса, «Жаратқанға жалбарыну» атты өлеңінде жалақор, парақор, жемқорлар мен бағаның көтеріліп, кемтар адамдарды қинайтыны туралы жырлаған.

Менде Қазбек ағам қызмет істеген милиция мен қазіргі полиция қызметкерлерін, халық алдындағы абыройын, олардың жұмыстарын салыстыруға мүмкіндік бар. Қазіргі әріптестерім ренжімес, кеңес ішкі істер органдарында он екі жыл қызмет істедім, ал Қазақстанның ішкі істер органдарында қызметте жүргеніме биыл отыз үш жыл болады. Әрине, қазіргі полиция қызметінің штаттық саны көп, қызметі аса күрделі, артылған жауапкершілік, міндет, бұрынғы милицияға қарағанда жеке құрам арасында қылмыс пен қызметтік тәртіпті бұзу деректері көп. Кез келген мемлекеттік қызметтің бағасын халық береді. Көпшілік арасында бұрынғы және қазіргі ішкі істер органдары қызметін салыстырғанда түрлі пікір бар. Бұл барша жұртқа аян, БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жариялануда. Адамгершілік қасиеттерін жоғары ұстаған Қазекең – «Милиция – менің қорғаным» деп бағалаған дәуірдің бірден-бір өкілі. Адамға көмек беруге, інілеріне ақыл-кеңес айтуға әрқашан дайын. Ағамыз – қандай да бір атаққа, мақтауға әбден лайық, адал азамат, биік тұлға. Департамент пен қалалық полиция басқармасының жеке құрамы алдында абыройы жоғары, үлкен де жас та бірдей сыйлайды. Полиция департаменті ардагерлер кеңесінің мүшесі, жас қызметкерлердің тәрбие жұмыстарына белсенді араласады. Өзінің ақыл-ойымен, сабырлығымен, көркем мінезімен жоғары адамгершілік қасиеттерімен бүгінде ардагерлер мен жас қызметкерлерге, шәкірттеріне, жалпы жұртқа үлгі болған тазалықтың, әділдіктің, тектіліктің, турашылдықтың символына айналған Қазыбек ағамыз әлі де арамызда, сапта.

«Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы сөз – жанның тынысы». Әрбіріміздің қадір тұтып, ақылдасып, пікір алысатын өзіне үлгі тұтатын адамымыз болады. Өте мәдениетті, ішкі дүниесі бай Қазыбек аға мен үшін сол адамдар қатарына жатады. Оның тағы бір артықшылығы – есте сақтау қабілетінің ерекшелігі.

Марабай ақынның «Асыл туған жақсының ақыл-ойы кең болар» деген сөзі Қазбек ағама арнап айтқандай. «Тектілік – адам бойындағы асыл қасиет, парасаттылықтың ұрпақтан-ұрпаққа тұқымқуалаушылық арқылы берілуі. Тектілік тек гендік түрде берілетін биологиялық қасиет қана емес. Нағыз тектілік сыпайылықпен, мейірбандықпен тікелей байланысты. Елін, халқын шын сүйіп, олардың мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым тектіліктің қадір-қасиеті артып, қоғамдағы қайшылықтар шешімі жеңілдейді» дейді осы мәселені зерттеп жүрген ғалым Аманжол Ақын.

Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады екен. Ағамыздың жақсы оқушы, кейін нағыз азамат болып қалыптасуы оның әке-шешесі, сосын ұстазының еңбегі болар. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттермен ерекшеленеді. «Биік төбеге шықсаң көзің ашылады, жақсымен сөйлессең көңілің ашылады» демекші ол кісімен сөйлесіп, пікірлесудің өзі бір ғаламат дүние.

«Жақсы менен жаманның аспан мен жердей парқы бар». Ұлы Абай өзінің он тоғызыншы сөзінде: «Адам ата – анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп-білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады…» дейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сол естілердің айтқан сөздерін ескеріп, өзі де естілер қатарынан орын алған азамат.

Ақын Нұржан Наушабаев былай деген екен: «Әдеп, ақыл, білімді үйреніп ешкім тумайды, көруменен ысылар». Алла тағала адам бойындағы осы қасиеттерді саты-сатысымен дамытып жетілдіруді жаратқан. Қазекеңнің жүріп өткен жолы тек жас полицейлерге ғана емес жас ұрпаққа, келешегіміз үшін тәрбиелік маңызы бар, ұрпақтар сабақтастығына септігін тигізетіні сөзсіз.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

заңгер, полковник, журналист.

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<