Абайды сұраған генерал

2048

0

Мен алпысыншы жыл­дар­дың басында әскери борышымды Литвада Каунас қаласының жанындағы стра­те­гиялық-ракеталық бөлімде атқардым. Он мың шақырым қашықтықтағы қарсыластар нысандарын 35-40 минуттың ішінде тас-талқан қылатын қаhарлы қаруды игеру оңайға соққан жоқ. Бірақ кешегі елін ортақ жаудан қорғаған, қан төккен жеңіс солдатының балалары бұл қиындыққа тез көніп, өзімізге бекітілген техникамызбен әскери мін­детімізді, Отанға берген антымызды адал орындадық.

Сөздің реті келгенде айта кетейін, 1964 жылдың мамыр айында әскери бөлім ұзақ жаттығудан кейін Куба дағдарысында мұхиттың арғы жағында мемлекеттік тапсырманы орындап, құпиясы ашылып, қайтқан ракеталарды залалсыздандыру, атып сы­нау және оны жою үшін «Капустин-Яр» атом-сынақ полигонына келдік. Бір айдай әскери жаттығудан кейін мемлекеттік сы­нақтан өтіп, шілде айын­да өз бөлімшемізге қайта оралдық. Осы жат­тығудағы еңбегімді бағалап, марапаттап, он тәулік еліме барып келуге демалыс беріп, СОКП мүшелігінің кан­­ди­даттығына қабылдап, ата-анама әскери бөлім командирі алғыс жолдаған болатын. Мені және басқа да кандидаттарды дивизияның саяси бөлім бюросына алып барды. Әр бөлімнен келгендер жүрегіміз дүр­сілдеп, асқан қуаныш сезіммен өз кезегімізді күтудеміз. Ішке ену кезегі келді. Әскери тәртіппен киініп, барлық қол жеткен белгілерді кеудеде тағып, алпысыншы жылдардың басында қолдан-қолға ти­гізбей сүйіп оқитын жазушы Александр Бектің «Арпалыс» кітабындағы Бауыржан туралы оқыған кейбір бейнелерді еске алып, сарбазға тән шалт қимылмен есікті жұла тартып еніп, екі өкшемді сарт еткізіп, қаздиып тұра қалдым.

Мүмкін менің алдымда кіргендер мұндай рәсім жасамаған болар. Түкті кілем төселген атшаптырым кабинеттің екі жағындағы орындықтарда отырған жоғары дәрежедегі офицерлер мен төрдегі генерал, оның жанындағы екі шендесінің назары маған ауып, шыбынның ызыңы естілмейтін жағдайға тап болдым. Тыныштықты біз­дің бөлімнің партком хатшысы бұзды.

Ол әскери тәртіппен рұқсат сұрап, мені СОКП мүшелігінің кан­ди­даттығына қабыл­даудағы бөлім партия комитеті бюро­сының ше­ші­мімен таныстырып, оны бекітуді сұрады. Шамасы дивизия партия комитетінің хатшысы болу керек, қырықтың үш-төртеуіне шыққан, қызыл шырайлы, сирек шашты, кеудесінде Кеңес Одағы Батырының жұлдызы бар генерал «жақсы, жақсы» деп екі рет қайталады. Көгілдір көзінің жылуын барынша сездіріп, менің ұлтымды, әскерге дейін не істегенімді, әке-шешемді, елдің жағдайын сұрап, мағлұмат алды. Әкемнің соғысқа қатысқанын, оның Сталинград майданында ауыр жарақат алғандығын, қазір әскери мүгедек екен­дігін тілім жеткенше айтып бердім. Ол жауабыма риза болды ма, түрі бұрынғыдан да нұрланып, «сұра, сұраңдар» деп қасындағыларға қарады. Бұрын генералдарды әс­кери жаттығу кезінде немесе шерумен өткенде көретінбіз. Оларға тікелей қарауға мұршамыз болмай, танаулап өтіп, жөнімізбен кететінбіз. Міне, бүгін аттары құлаққа айбынды естілетін үш генералдың алдында тұрмын, олар сұрақ беруде. Тау халқына ұқсас, мұрнының астында бармақтай мұрты бар генерал:

– Қазақтар Ұлы Отан соғысында жақсы соғысты, бұл жауынгер солардың ұл­дары ғой, – деді өз сөзіне өзі жауап бергендей.

Үстінде авиация әскери формасы бар генерал: 

– Мен, Николай Иванович, авиацияда болдым ғой. Біздің жаяу әскер­лер­дің құрамында ол аға­йындармен кездесіп тұрдық, – деп кешегі соғыс кезіндегі өмірлерін еске түсірді.

Мен бұрынғыдай   емес, етім үйреніп, өзімді еркін ұстап, отырғандарға көз жібердім. Әскери тәртіп дегендей, барлығы да бай­салдылықпен генерал­дар­дың сөзін тыңдап отыр, ешқандай артық қимыл, сыбыр сөз естілмейді. Біздер бюроға дейін партия бағдарламасын, коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексін жаттап алған болатынбыз. Ал СОКП тарихы мен партия съезіндегі мәліметтерді түнде тұрғызып сұраса да айтып беретін дәрежеге жеттік. Өз жағдайым мен дайындығымды жақсы білген­діктен, бағдарлама немесе моральдық кодекс­тен бір-екі сұрақ сұраса екен деп ішімнен ойлап қоямын. Бірақ жағдай олай болмады. Сөзді хатшы генерал өзіне тән байсалдылықпен бастады.

– Сен Абайды оқыдың ба? – деп маған байсалды жүзімен маңғаздана қарады.

Мұндай сұрақты осы жерде қояды деп үш ұйық­тасам түсіме кірмеген, тез жауап бере алмай тұрып қалдым. Генерал маған құдды мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Қосжанов Қайназар ағайға ұқсап кеткендей болды. 

Мен ойымды жинап алып жылдамдата:

– Оқыдым, жолдас генерал, – дедім.

– Оны кім жазғанын білесің бе? – деп сұрағын жалғастырды.

– Мұхтар Әуезов жазған, – дедім өз жауабыма риза болғандай генералдың жү­зіне байыппен қарап.

Ол менің жауабыма онша қанағаттанбағандай:

– Заманымыздың ұлы жа­зушысы Мұхтар Омар­ханұлы Әуезов жазған. Ұлы ақын, философ, демократ Абай Құнанбайұлын өмір жолы арқылы жазушы ол өмір сүрген кездегі бүкіл қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірі мен ұлттық салт-санасын, дәстүрін, бұ­рын оқырман қауым біле бермейтін жайын да жеткізе білген роман. Осы еңбегі үшін М.Әуезовке сталиндік сыйлық берілді. Қазір екі томдық «Абай жолы» романы Мәскеуде бірнеше тілге аударылуда, – дегенде бағанадан бері салғырттау тыңдап, «бізге не қажеті бар» дегендей ойдағы офицерлер бастарын көтеріп, генералдың аузына қарап қалыпты. Сөзін одан әрі жалғастырды:

– Жолдастар, ол – совет әдебиетінің алтын қорынан орын алған туынды.

– Иван ­Михайлович, – деп қатарында төр­тінші отыр­ған полковникке қарады. Жақында Мәскеуде саяси басқармада ұлт әдебиеттері мен кино­фильмдерін әскери бө­лімдер мен мәдени ошақ­тарға көптеп жіберу, ұлт мәдениеті мен әдебиеттерін оқып үйрену туралы арнайы мәселе қаралды. Бізде орыс тіліне аударылған ұлт әдебиеттері онша көп емес қой. Сондықтан да әскери кітап сауда ар­қылы «Абай жолы» романын алдырыңдар, бар­лық бөлімдердің қызыл бұрышында, оқу залдарында, кітапханаларында болсын, – деп тапсырма да беріп үлгерді.

– Кімде қандай сұрақ, ұсыныс бар? – деп өз жауабына өзі риза болғандай, бір шолып өтті.

– Бөлім партия комитеті бюросының шешімі бекі­тілсін!

Мен СОКП мүшелігінің кандидаттығына өттім. Боз­­­бала жастық шақтың қы­­зуымен махаббат туралы, соғыс тақырыбына жазылған шығармаларға бой ұрып, осы тақырыптарға жа­зылған кітаптарды бір оқыр­мандай оқыған мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» мектептегі әдебиет хрестоматиясы көлемінен әрі қарай оқымағаныма өкіндім. Сол жылдың тамыз айында елге демалысқа келгенде аудан орталығында кітапханашы болып іс­тейтін жеңгейден романды өзіммен бірге Литва жеріне ала кетіп, сүйікті кітабыма айналдырдым.

Міне, содан бері 56 жыл өтті. Есейдік, ер жеттік, ба­лалы-шағалы болдық, ақ­са­қалдық асуға да жеттік. Кезінде жан-тәнімізбен қыз­мет еткен Кеңес мем­лекеті тарап, келмеске кет­ті. Ұлы Абай, Мұхтар туралы жақсы мағлұмат берген генерал қазір бұл дүниеде жоқ болуы да мүмкін. Бірақ ұлыларды тек қана ұлылар таниды дегендей, бүкіл дивизияның зиялы қауымына Ұлы Абай мен Мұхтарды таныстырып, Ұлы Жеңістің мақтанышымен кеуделері аспандаған әскери ортада қатардағы солдат менің төбемді көкке жеткізген генерал есімнен шықпайды.

Рысбай КӘРІМОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<