Абай мұрасы – ұлт байлығы

1026

0

Биыл қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, халқымыздың ұлы ақыны, ағартушы, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деген өнегелі сөзі бар.

Жақында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен елімізде тұңғыш рет 10 тамыз «Абай күні» болып жарияланды. Алдағы уақытта бұл күн жыл сайын халықтық мейрам ретінде өткізіледі. Бұл – қазақ әдебиеті мен мәдениеті, ұлт руханияты үшін үлкен мәртебе. Биыл жыл басынан бері мерейтой аясында түрлі шаралар өткізілуде. Сонымен бірге «ABAITV» телеарнасы ашылып, көрер­мен қауымға жол тартты. Мұның барлығы Абай ақынның ұлылығын танытып қана қоймай, кемеңгер ойшыл, ұлы суреткердің уақыт талабын заманынан оза шауып түсінуі, дүние­танымы мен философиялық көзқарастарын тереңінен зерттеп, жаңаша танып-білуімізге жол салары сөзсіз.
Уақыт көшіне үн қосу – барша қазақтың парызы. Жуырда Қармақшы ауданындағы К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен «Абай мұрасы – ұлт байлығы» атты ақын-жыршылардың концерті болды. Шара онлайн форматта өтіп, facebook парақшасына жарияланды. Шараның мақсаты – Абай шығармаларын Сырдың сырлы мақам-сазына салып орындау.


Онлайн концертті жас ақын Сырым Әділбеков Абайдың 175 жылдығына арналған өзінің арнау жырымен ашты. Мұнан соң жыршылар Балтабай Бедебаев, Әйгерім Ешбаева, Алмат Азаматов және қобызшы Зияда Жаңабергенова үйірме шәкіттерімен Абай өлеңдерін нақышына келтіріп орындады.


Абай Құнанбайұлы шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік-қоғамдық, моральдық мәселелерін көтеріп, тәрбиелік мәні зор қара сөздерін жазып қалдырған. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жалынды жырымен бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<