Бөкей ұлы Жәңгір

1476

0

Осыдан 220 жыл бұрын Нұралы ханның ұлы Бөкей сұлтан 1801 жылы 11 наурызда орыс императоры I Павелдің рұқсатымен 22725 адам, 2 млн бас малмен Жайық өзенінің ішкі жақ бетіне көшіп, қоныс­танады. Патша үкіметінің 1806 жылы 19 мамырдағы жарлығымен Еділ мен Жайық аралығында орналасқан Бөкей хандығына 6500 десятина жер бөлінеді. Ол солтүстігінде Самар, шығысында Орал губерниясы мен батысында Астрахань губерниясымен, оңтүстігінде Каспий теңізімен шектескен. 1812 жылы 1 мамырында Бөкей І Александр патшаның арнайы грамотасымен «Қыр­ғыз-қайсақ кіші ордасының» ханы болып тағайындалды. 1815 жылы 21 мамырда Еділдің теңізге құяр сағасына, Астрахань губерния­сының Байбек деген жеріне өз өсиеті бойынша Сейіт баба қорымына жерленеді.

Ағартушылық саласында қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлихановтан 34 жыл, бірінші қазақ ұстазы Ы.Алтынсариннен 40 жыл және қазақтың ұлы ойшылы А.Құнанбаұлынан 44 жыл бұрын еңбек еткен Жәңгірге тоқтала­йық.

Жәңгір – Бөкейдің баласы, Әбілқа­йыр ханның шөбересі. Толық аты Жихангер «Әлем билеушісі» мағынасын білдіреді. Жас кезінде Жәңгір бастауыш білімді үйдегі мұғалім-молдадан алады. Содан кейін әке қалауымен Астрахань губернаторы Андревскийдің үйінде тәрбиеленіп, европаша білім алады. Ол орыс, парсы, араб, татар ішінара неміс тілін де игереді. Әкесі өз тағының мұрагер етіп жас Жәңгірге өсиет қалдырғанымен, ол жетілгенше уақытша хан Бөкейдің інісі Шығай сұлтан Нұралиевке ант берді. Тек 1823 жылы 22 маусымда І Александр патшаның жарлығымен Жәңгір таққа отыр­ды. Ол билікті нығайту, басқару жүйесін өзгертуге ерекше мән берді. Бірақ бұл Жәңгірдің өзі ойлап тапқан жаңалық емес, жоғарыдан отарлау саясатын ұстанған Ресей патшалығының пәрменімен болып отырған өзгерістер еді.

1826 жылы Жәңгір Ресейге І Николай патшаның тәж кию шарасына шақырылады. Сол сапарында қала салуды қолға алып, сәулетші Тафаев бастаған құрылысшылар бірнеше жыл ханның қалашығын көтерген. Жәңгір қазақ тарихында тұңғыш рет 1826 жылы шешек ауруына қарсы егу ісін ұйымдас­тырып, 1828 жылы Бөкей хандығының географиялық картасын жасатты. Ал 1831 жылы сусыған құмды тоқтату үшін ағаш отырғызуды қолға алдырды, 1832 жылы үлкен сауда жәрмеңкесін, дәріхана ашты. Келер жылы мұсылман мешіті, 1838 жылы архив мекемесін қалыптастырып, 1840 жылы ветеринарлық пункт, пошта байланысын іске қостырды.

Жәңгір XIX ғасырдың 30 жылдары ортасында хан ордасында орталық мектеп ұйымдастыру мүмкіндігін ойластыра бастады. Бұл мектеп балаларды ресейлік арнайы оқу орындарына түсу үшін дайындауға керек болады. Мектептің ашылуы 1841 жылы хан ордасында өтті. Оған  жұмсалатын шығындарды хан өз мойнына алды. Өмірінің соңғы күніне дейін (1845ж) хан өз табыстарының арқасында мектепті ұстады, оқушылардан емтиханды өзі алды. Бұл мектеп сол дәуірде бүкіл қазақ даласындағы жалғыз білім ошағы болды, яғни Жәңгірді қазақтың алғашқы ағартушысы деп айтуға толық негіз бар.

Жәңгір европалық өркениет үлгілерін енгізумен қатар, ордада мұсылманша білім беруді жолға қойды. Бұл аймақтан араб, парсы, түркі тілдеріндегі деректемелік құжаттар жиналып, Қазан университетінің ғылыми қорына тапсырылады. Сол қолжазбалар ішіндегі ең елеулі 6 құжаттың ілім, білімдік құндылығын ескеріп, Қазан университетінің 1844 жылы өткен бір ғылыми кеңесінің отырысында Жәңгір Бөкейханұлына профессор атағын беру туралы шешім қабылданады. Қазақтың ханына осындай жоғары лауазымды атақтың университет ректоры Н.И.Лобаческийдің қолымен табыс етілуі халқымызды Қазан төңкерісіне дейін түгелдей дерлік сауатсыз санау сандырағының болшевиктік уағыз бұрмалауы екенін байқатады.

Жәңгір ханның атсалысуымен 1841 жылы 6 желтоқсанда ашылған орыс-қазақ Орда мектебінің орны ерекше. Сонымен қатар ол қазақ топырағында тұңғыш кітапхана ашқан. Мектепке арнайы үй салдырып, оқулықтар алдырып, қамқорлығын аямаған. Мектептегі оқу сапасын, тәртіп, тәрбие жа­йын үнемі бақылап, емтихан қабылдауға өзі қатысып, озат оқушыларды күміс ақшамен марапаттауды ұмытпаған. Хан еңбегі еш кетпей мектепте білім алған шәкірттердің көпшілігі Орынбор, Омбы, Петербор, Мәскеу, Қазан, Уфа, Саратов қалаларындағы жоғары оқу орындарын бітіріп, бірқатары Орда өңіріне оралса, қайсыбірі Кавказ, Ресей аймағында, Балтық бо­йында қызмет етеді.

Солардың арасынан ел басқаруға еңбек сіңірген зиялы азаматтар шықты. Хорунжий офицері, қажы Мұхамбет Қарауылұлы Бабажанов 1851 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын тәмамдап, Оралдағы әскери бөлімге қызметке тағайындалады. Оның да көп көңіл бөлген мәселесі оқу-ағарту еді. 1861-1871 жылдары басылымдарда өз ұлтының білімге, ғылымға құштарлығы жайлы бұл жөнінде Жәңгір мектебінің зор маңызын мәлімдеді. Этнограф, тарихшы, географ ретінде императорлық қоғам хабаршысына мақалалар жариялады. 1862 жылы Үлкен Орда қыртысынан биіктігі екі аршынан асатын әйелдің тас мүсінін тауып, Петербордағы этнография қоғамына табыс етті. Императорлық география қоғамына Басқұншақ көлінен шығып жатқан күкірт қышқылына бай тұздың шаруашылық маңызын хабарлады. Оның география қоғамының күміс медальмен марапаталуы – мінсіз еңбектің куәсі.

М.Бабажановпен бірге кадет корпусын бітірген Мақаш Баймұхамбетовтың ел басқаруға икемділігі ескеріліп, хан ордасына кеңесшілікке қабылданады. Осындай талантты түлектердің бірі – Иманғали Меңдіханов болатын. Ол Орынбордағы семинарияны ойдағыдай бітіріп, Ақтөбе қаласында ұстаздық қызмет атқарды. Бірнеше әдеби шығармаларды жазған. Сондай-ақ Жәңгір хан арнайы стипендия тағайындап, Египет мұсылман университетінде оқыған Ғабдулғазиз Мұсағалиев Алматы облысында (қазіргі Ақсу) мұсылман мектебінде ұстаздық еткен.

Жәңгір хандықты басқаруға кіріскен кезде қазақ даласындағы сая­си жағдай тым шиеленісіп кеткені белгілі. Жер бөлінген кезде жіберілген кемшіліктерге байланысты ол қатаң шаралар жүргізуге мәжбүр болды.

Жәңгір жүргізген саясаттың нәтижесі 1836-1838 жылдарғы әйгілі Исатай, Махамбет бастаған халық толқуына әкелді. Бірі Жәңгірді қазақтың тұрмыс-тіршілігін дамытуға сүбелі үлес қосқан реформатор десе, «хан емессің лаңсың, қара шұбар жылансың» деген ақын Махамбет ағымымен, үстем тапты ұнатпайтын кеңестік идеологияның ықпалымен жағымсыз бейнеде көрсетеді. Бұл ханның қателігі емес еді. Бұл жас билеуші үшін ауыр қасірет және жазылмайтын жан жарасы болды. Себебі, Жәңгір жаратылысынан үлгілі тәрбиесімен адал пейілі тұрғысынан өзінің саналы ғұмырының соңғы күніне дейін өз халқының жайсыз оқиғаларына қабыр­ғасы қайысып, қайғыра білген асыл тұлға.

Қорытындылай айтқанда, Елбасы «Біз қазақпыз, аруаққа сы­йынған халықпыз» дей келіп, бабалар рухын әрдайым еске сақтап отыруды ескертті.

«Бір нәрсе бар дүниеге таң қалған,

Сұрап келем білімді адамдардан.

Басқа жұрттың хандары жақсы болып,

Біздегі хандар неліктен жаман болған», –

Қадыр Мырзалиевтің осы өлеңінде Ресейдің және басқалардың патшалары жақсы болды, біздің хандар үнемі жаман болып көрсетіліп келді деген ойды айтқан еді. Біз де оны қостаймыз.

Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<