Достық, береке, бірлік – Тәуелсіздік кепілі

2083

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесіне орай  облыстық ішкі саясат  басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ  ұйымдастыруымен Достық үйінде​ дөңгелек үстел өтті. «Достық. Береке. Бірлік – Тәуелсіздік кепілі» атты тақырыбында өткен салтанатты жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова,​ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов,​ этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жоғары оқу орындарының басшылары, көрнекті ғалымдар, қала және аудандардағы зиялы қауым өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Жиын модераторы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, бүгінгі таңда облыс аумағында өмір сүріп жатқан отыздан астам ұлт пен ұлыстардың Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын бекітіп,  ынтымағы мен ырысын арттыруда әрдайым мақсаты мен мүддесі бір екенін атап өтті.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Елбасының көшбасшылығының арқасында, ел болып бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, ұлттық рухы берік, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет болып құрдық. Еңселі ел, іргелі мемлекет атануымызда бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарына негізделген Қазақстан халқы ассамлеясының орны ерекше, – деді.

Жиынға бейнебайланыс арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан қосылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Ынтымақ, Бірлік, Келісім, ең асыл бақыт – ел үшін» тақырыбындағы баяндама жасады. Тәуелсіздік жолындағы ұлтымыздың арғы-бергі тарихынан сөз қозғап, елдің болашағын баянды ету жолында жас ұрпақты ынтымақ пен бірлікті, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға шақырды. Ал ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов  «Елбасы және Тәуелсіздік: Татулық пен келісім жолы» тақырыбында сөз қозғап, бүгінгі Қазақстан мемлекеті өркениетті ел ретінде, келешегі айқын, демократиялық  мемлекет ретінде әлемге танылғанын айтып, осынау даму жолындағы Елбасының еңбегін ерекше атап өтті.

Облыстық неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Светлана Крюгер – сонау жылдары тағдыр тәлкегімен қазақ еліне келіп, Қазалы жерінде қоныстанған арғы атасынан өрбіген төртінші ұрпақ екен. Бұл күнде қазақ шаңырағына келін боп түсіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін бойына тұтқан Светлананың Сыр топырағына деген сүйіспеншілігі көпшілікті еріксіз тәнті етті. Сол сияқты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, ҚХА жанындағы «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Елена Пак, облыстық «Кызылординские вести» газетінің жауапты хатшысы, журналист Кирилл Денисов те – Отанға адал қызмет етіп, жарқын болашақтың іргесін қалауда жасампаздықпен еңбек етіп жүрген жастар. Олар Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!» – деген сөзін үлгі тұтатындықтарын айтты.

Мазмұнды шараны қорытындылай келе Мира Қазбекова қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірі халқының да Тәуелсіздікті қастерлеп, бейбітшілік пен тұрақтылық аясында баянды болашаққа бірге қадам басатындығына сенім артты.

                                                                                             Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<