Ғасырлық ғибрат жолында

1469

0

Халықтың демеушісі, дәріптеушісі болып, ақпарат айдынындағы заман ағыстарында желкенді кемедей жүзген баспасөз құралдары дүниеге қалай келді, қандай қиын соқпақтардан өтті, мұны білу – туған жердің тарихын, рухын тану.

Дәл осы мақсатты көздеген зерделі азаматтар облыс әкімдігінің қолдауымен «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық танымдық жинақты өмірге алып келді. Қызылордалық «Тұмар» баспасынан жарық көрген бестомдықты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған тарту десек те дөп түсеміз. Себебі, бұл еңбекте халқымыздың өткен өмір өрнектері айшықты әдіптелген, тәуелсіздік жылнамасын жазып шыққан баспасөз құралдарының бет-бейнесі сомдалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» атты мақаласында: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп ой түйген болатын. Бестомдық беттерінен осы ойдың сәулесін көреміз.

Соңғы мәліметпен алсақ, Сыр еліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының саны 100-ден асып отыр. Олардың отызға жуығының интернет желісінде веб-нұсқалары бар. Сөз жоқ, осы басылымдардың бәрі де егемендігіміздің нығаюына өз үнімен үлес қосты. Ал, тарихы 90 жылдан асатын аймақтың ата басылымы «Сыр бойы» және орыстілді «Кызылординские вести» газеттерінің орны бір бөлек.

«Сыр журналистикасының тарихы» жинағының 1-томы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғысөзімен ашылған. 

«Баспасөздің жалпы адамзат тарихында алатын орны маңызды, ол – халықтың рухани-мәдени өмірінің айнымас бөлшегі, ой кеңістігін дамытушы әрі қоғамдық сананы оятуда жол бастаушы күш», – деп сөз бастаған аймақ басшысы мұнан әрі өткен ғасырдың 20-сыншы жылдарында Қызылорда өңірінде жарық көрген алғашқы басылымдарды атап-түстеп, олардың тарихи рөліне тоқталады. Бестомдыққа «Сыр елі публицистикасының көркемдік кеңістігін көрсететін танымдық тағылымы мол, өскелең ұрпақ үшін аса құнды рухани дүние болады деп ойлаймыз», – деп баға береді.

Сонымен бірге кітапта «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаевтың, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбектің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайманның жалпы қазақ баспасөзіне жасаған талдау ойлары, Сыр журналистикасына айтылған пайым-пікірлері берілген.

Мұнан соң алдыңыздан «1925-1940 жылдары Сыр өңірінен шыққан қазақ басылымдары» деген тамаша тақырып ашылады. Бүгінгі жас журналистер кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында Қызылордадан «Денсаулық жолы», «Жаңа әдебиет», «Әйел теңдігі», «Жаршы» секілді журналдар мен «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Еңбекші қазақ», т.б. сынды газеттердің жарық көріп тұрғанын біле бермесе керек. Олар кезінде қандай тақырыптарды көтерді, ол жерде қандай қаламгерлер еңбек етті? Осының бәрі білем дегенге білім, алам дегенге тәлім емес пе?

Мысалы оқырманға «Әйел теңдігі» журналы жайында мынадай бір деректер берілген: «Әйел теңдігі» журналына жарияланған М.Дулатовтың «Қазақ әйелі» деп аталатын мақаласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыру бесіктен басталатыны, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атастыратыны, бұл «қарғыбау» деп аталатыны келтірілген. Ол «құда болу, киіт кию, мінт алу» сияқты жоралғымен жалғасатындығы, егер қызды атастырған адам қайтыс болса, оны «әмеңгерлік» жолмен ағасы немесе інісі, туысқандарының бірі алатындығы айтылады. Бұл жерде автор малы бар шалдың жас қызды атастыратындығын, «Қызды шал екең алмайды, мал екең алады» деген мақалдың туындағаны осыдан дейді».

Мінекей, журнал көтерген тақырыптың астарында сіз салт-дәстүрімізге байланысты қанша сырға қанығасыз.

Журнал 1925 жылы  5  мамырда өлкелік партия комитетінің жанындағы әйелдер бөлімінің газеті ретінде «Теңдік» деген атпен Орынборда шығарылған. 1926 жылы шілде айынан бастап Қызылорда қаласында «Теңдік» газеті журналға айналып, «Әйел теңдігі» деп аталады. Журналдың редакторлық қызметін 1925-1932 жылдары Сара Есова, 1932-1934 жылдары Нұржамал Сәнәлиева, Нағима Арықова атқарған. Кейіннен журнал аты бірнеше өзгеріске ұшырап, біздің заманымыздағы «Қазақстан әйелдері» атауына дейін жеткен.

Кітапта дәл осы сияқты басқа да баспасөздерге танымдық сипаттағы талдаулар жасалған.

Алғашқы томда аймақтың ата басылымы «Сыр бойы» газетінің тарихына арнайы бөлім ашып, айрықша тоқталған. Біз үшін ең қызығы да осы бөлім болғаны рас.

Бір кезде, анығырақ айтқанда 1970 жылдары «Сыр бойы» газеті «1938 жылдан бастап жарық көрді» деп есептеліп келген. Шын мәнінде газет 1929 жылдың 1 шілдесінде өмірге келіпті. 1985-1991 жылдары «Ленин жолының» («Сыр бойының») редакторы болған, тарих ғылымдарының кандидаты  Нұрділда Уәлиевтің осы газетте редактордың орынбасары болып жүріп жасаған зерттеулері арқылы газеттің өмірі тура тоғыз жылға ұзарыпты. Бұл тарихи дәлдікті анықтау үшін ағамыз Мәскеу, Ленинград мұрағаттарына дейін барып, көз майын тауысқан екен. Нұрділда ағамыздың өз ісіне деген сүйіспеншілігі, ізденгіштік қасиеті кейінгілер үшін өшпес өнеге.

Сонымен бірге газеттің ең алғашқы нөміріне жауапты шығарушы ретінде Б.Калюков деген атамыздың қол қойғаны, одан кейінгі жылдарда – М.Гатауллин, Г.Сагатов, Ж.Тілепбергенов, Ж.Орманбаев, А.Суюнов, А.Тоқмағамбетов, Қ.Қауымбаев, Н.Мұратбаев, Б.Смағұлұлы, Қ.Сарбасов, М.Сәтбаев, Т.Елемесов, Б.Сарбасов, С.Сейітов, Ж.Қонақбаев, Х.Сыздықов, З.Жарқынбаев, Ұ.Бағаев… осы тұстан бастап – Қ.Әбенов, Н.Уәлиұлы, Ә.Рахымбекұлы, Ж.Рахматулла, С.Пірназар, Ж.Ақсақалов, Н.Аманжолов, Ж.Әбдіраман болып, қазіргі бас редактор Қ.Шарабидиновке дейінгі аралықты жалғайтын редакторларды кейінгі толқын да жақсы біледі.

Неге редакторларды бөліп айтып отырмыз. Айтпақшы, сөз арасында түсінік бере кетейін, бір кезде газет басшылығында болғандарды жауапты шығарушы деп атаса, беріректе ол редактор, одан кейін бас редактор деп белгіленген. Мен өзім жеті бас редактормен қызметтес болдым, әлі де газет редакциясында қызмет етіп келемін. Газеттің қалай шығатыны, қандай тақырыпты көтеретіні, елмен етене болуы, көркемдігі, мазмұны тікелей бас редакторға байланысты.

«Сыр бойы» газетімен қатар өмір сүріп келе жатқан облыстың орыстілді басылымы «Кызылординские вести» газетінің де тоқсан жылдан әрі тарихы бар. Бірінші томның екінші жартысы осы газет туралы ой толғайды.

1930 жылы алғашқы нөмірі жарық көрген газеттің тұңғыш редакторы Клопотюк деген кісі болған. Мұнан кейін «Сыр бойының» да, «Ленинский путь» («Кызылординские вести») газетінің де редакторлығын Батырғали Калюков атқарған. Екі газеттің о бастан-ақ тағдырлас, тақырыптас екені осыдан-ақ анық байқалады.

Жалпы, Сыр елінің тұтас шежіресі осы қос баспасөзден табылады.

***

Екінші томда аудандық және қалалық мемлекеттік басылымдардың тарихы сараланған. Қоғам дамуындағы газеттің рөлі, газетте жарық көрген тақырыптар жайлы қызықты мәліметтер көп.

Осы томдықтарды нақты тарихи деректермен толықтыру ісіне жиырмаға жуық журналист қатысты. Облыстың мемлекеттік мұрағатында сонау 1930 жылдардың еншісіне жататын сарғайған газеттер тігінділерін аударып төңкерген әріптестеріміз көп нәрсені көңіл елегінен өткізе білген.

Республикалық мемлекеттік мұрағаттарға арнайы ресми хат жазылып, сұрау салынды, осы жинақтың жұмысшы тобы арнайы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына іссапарға шығып, жұмыс істеді, сөйтіп мәліметтер мүмкіндігінше толықтырылды.

Аудандық архивтерден де дерек жиналды. Бір кездері аудандық архивтердің кейбірінде өрт шығып, соның салдарынан бұған дейін сақталған газеттердің бірде бірі қалмапты. Кейбір аудандық редакцияларда да газеттің жылдар бойы сақталған тігінділері түгелімен тілсіз жауға құрбан болған. Кеңестік жылдары мемлекеттік мүддеге жұмыс жасағанмен, кейінгі жылдары жекешеленіп, соның әсерінен бірде-бір тарихи мәліметі сақталмаған газет редакциялары да кездесті. Ал, кейбір редакцияларда редакторлардың ұқыптылығының арқасында жап-жақсы тарихи деректер сақталған. Газетке қатысты барлық мәліметтерді жинастырып, газеттің маңызды нөмірлерін көзінің қарашығындай сақтап отырған редакторлар да бар. Осының бәрін бір ізге түсіріп, құрастырып, бұған қосымша тарихтың көзі тірі куәгерлерінен сыр тартып, естеліктер жазып алып, жан-жақтан мәліметтер жинаған әріптестеріміздің мойнындағы жауапкершілік жеңіл болған жоқ.

Бестомдықтың жалпы редакциясын басқарған «Сыр медиа» серіктестігі басшысы Аманжол Оңғарбаев мәлімет жинаушыларға қате жібермеу керектігі жайында қатаң талап қойды. Біреу айтты екен деп соның алдына түспей, әрбір мәліметтің дұрыстығын тексеруді тапсырып қана қоймай, өз тексеруінен де өткізді. Апта ішінде екі-үш мәрте шығармашылық топты жиып, әрқайсымыздың ұсынысымызды тыңдап, ақылдастық өткізіп отырды.

Екінші том негізінен «Айдынды Аралдан қарт Қаратауға дейін» деген көлемді тақырыппен таразыланады.

Мұнда облыстағы жеті ауданның және Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің шығу тарихы, оның алғашқы редакторлары, көтерген тақырыптары, қоғамдық рөлі, тағы басқа да газетке қатысты оқиғалар тізбегі жан-жақты көрсетілген. Бұл деректер бүгінде архив сөрелерінде қатталып жатқан газеттің өзінен, жеке авторлардың мұрағатынан, ардагерлердің естеліктерінен жиналған.

Мысалы Арал аудандық «Толқын» газеті 1930 жылы «Екпінді балықшы» деген атпен жарық көріп, оның өмірге келуіне үлкен еңбек сіңірген алғашқы редактор Әуелбек Қоңыратбаев болған. Әйгілі ғалым өзінің қызмет еткен жылдары туралы қызықты естелік айтады. Оны оқысаңыз біраз қызық мәліметтерге кезігесіз. «Екпінді балықшымен» бірге орыс тілінде «Аральский ударник» газеті де шығып тұрыпты. Міне, осындай тарихи деректерді білу біз үшін өте пайдалы екені айтпаса да түсінікті.

Мен өзім осы сегіз газеттің екеуінде – қалалық «Ақмешіт апталығы» мен Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде бас редактор болып қызмет еттім. Жазушы-журналист Әділхан Бәйменов негізін қалап, 1994 жылдың 15 сәуірінде жарық көрген «Ақмешіт апталығының» алғашқы нөмірінен бастап газеттің ыстық-суығын көргендердің бірімін. Ал, «Өскен өңірдің» біз білмейтін сырлары көп екен, олардың бәрін осы жинақтан таптық.

***

Үшінші томның да көтерген жүгі жеңіл емес. Бұл кітапта облыс көлеміндегі теле және радио хабарларын тарату қызметі туралы, сонымен бірге баспаханалар тарихы жайлы деректер берілген.

Кітапта заманауи цифрлық мүмкіндіктер арқылы Сыр бойынан республика аумағына тарайтын «Qyzylorda», «Қоғам ТВ» телеарналарының тарихы, тыңдарманның сексен жыл серігі болып, қазір жабылып қалған облыстық радио, жастардың жүрегін жаулаған «Сета» радиосы, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының қызықты мәліметтері мен оны ұйымдастырған, қызмет еткен кісілердің баяны жазылған.

Қазіргі заман талабына сай телерадио жұмысын интернет басылымдары да онан әрі дамытты. Белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев негізін қалаған «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі – Қызылорда облысында тұңғыш ашылған интернет газеті. Бұл газет аз ғана уақыттың ішінде республикалық жаңа медиа құралдарының арасында беделі бар БАҚ-қа айналып үлгерді. Мәселен, агенттіктің жаңа сайтында жаңа дизайнда тың медиажоба – аудиоподкаст бөлімі жұмыс істейді. Соның арқасында агенттік оқырмандары үшін күн сайын ақпараттық, сараптамалық, мәдени-ағартушылық және авторлық жобалардың аудионұсқасын «ақылды радио» жанрында тыңдау мүмкіндігі туды.

Баспахана ісі – көп адам біле бермейтін күрделі әрі пайдалы сала. Бұл кәсіптің қазаққа келуінің өзі оңай болмаған. Ол жайында 1915 жылы Міржақып Дулатов былай депті: «Қазақта баспахана жоқ. Кітап, газета-журналдарымыз ноғай, еврей, орыс баспаханаларында басылады. Пайданың көбі солардың қалтасында қалады. Баспахана ісімен таныстығы жоқ кісілерден 1,5-2 есе қымбат хақы алады. Егер баспахана ашудың пайдалы кәсіп екенін аңғарған қазақ байлары, саудагерлері болса, бұл істен қазаққа келер пайда көп болар еді».

Осының өзі баспахана ісінің кешеуілдеп дамыған сала екенін байқатады.

Мен 1993 жылы «Сыр бойы» газетіне жұмысқа келгенімде кеңес кезінен қалған ескі баспа құрылғысы жұмыс істейтін. Қорғасыннан әріп теретін линотип машинасы бар, сосын оны қалыпқа салып, бетіне май жағып, қағазға түсіреді. Ротация цехы деп аталатын жерде қолымызға жұққан майды бетімізге жағып жүруші едік.

Қазір заман дамыды, мүмкіндік мол. Бірақ, баспахананың қоғамға да, жеке адамға да әкелер пайдасын білгендер көп емес. Осы істің алғашқы қарлығашы, Сыр өңірі баспа ісіне серпін әкелген қызылордалық кәсіпкер Байбөрі Оңғарбаев болатын. Кітапта өткен күндердің осы естеліктері айтылады.

Үшінші томның ішінде меншікті тілшілер мен облыс әкімінің баспасөз хатшылары туралы да мәліметтер топтастырылған. Әріптестеріміздің суреті мен өмірбаяны, қай жылы қандай қызмет атқарғандары жайындағы деректер толық қамтылған.

***

Төртінші  томда   Сыр  өңірінде жарық көрген жекеменшік газет-журналдардың үлкен легі сөз болады. Негізінен газет-журнал сатып пайда табу деген сөз теңізден маржан тергенмен тең жұмыс. Сондықтан да болар, осы жеке ақпарат құралдарының көбі қаржылық қағажу көріп, өз жолын жалғай алмады. Бірақ олар елдік мүддеге, ұлттық идеяға бағытталған басылым ретінде Сыр бойы журналистикасының тарихында қалды. Өйткені, «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, басылымның халық үшін атқаратын қызметі зор, елге берер пайдасы мол. Сондықтан өкіметтің қолдауын күтпей, жеке газет не журнал шығару ісін сонау кеңестік дәуірге дейінгі кезеңде қолға алған азаматтар да болған. 

Мәселен,  1911 жылы Тройцк қаласында қазақтың зиялы азаматтарының бірі Мұхаметжан Сералин өз қаржысымен «Айқап» журналын шығарған және оның редакторы болған. Ал, 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап жарық көрген «Қазақ» газетінің басылып шығуына алғаш қаржы жинастырып әрі қалтасынан қаражат шығарған сырбойылық Ахмет ишан Оразаев болған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жарық көрген жеке басылымдардың бірқатары ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің бағытын ұстанып, қазаққа рухани азық болар асыл мұраттар жолында маңдай терін көзге құйып  жұмыс істеді. Газет пайда бермесе де өз шығынын жауып отырса, соны қанағат тұтты.Осындай қиындықпен күнін көріп, халықтан қолдау тауып, өз жолын қалыптастырған бүгінгі «Ақмешіт апталығы», «Халық» газеттері секілді бірсыпыра басылымдардың жанкешті еңбегі беріде қолға алынған жаңа газеттерге үлгі болды.

Кітапта барлығы 81 газет-журналдың тарихына шолу жасалып, олардың жүріп өткен жолын көрсеткен. Олардың 12-сі жоғары және орта оқу орындарының хабаршылары мен педагогикалық басылымдары екен. Бұл басылымдардың бүгінгі күні жарық көріп тұрғандары да, кезінде біраз еңбектеніп жабылып қалғандары да бар. Солардың ішінде 5-6 рет баспа жүзін көріп, өмір сүруін біржола тоқтатқан газеттер де кездеседі. Ақпарат айдыны кең болғанмен, нарық, бәсеке деген алып кедергілер де бар. Бұл қиындықтан өтуге тәжірибе де, бедел де, қолдау да керек.

Кітапта осындай басылымдардың тарихы мен тағдыры көрсетілген. 

***

Бесінші томды «БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары» және «Практикалық журналистика» аталатын екі бөлім құраған.

Кітап – энциклопедия сипатты, онда қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген тарихи тұлғалардан бастап, қолына қалам ұстап жүрген бүгінгі буынға дейінгі аралықтағы дарынды, көпке аты танылған журналистердің өмірдерегі суреттерімен қоса берілген.

Әлімсақтан Сыр бойы жазу-сызу өнерімен танылған тұлғалардан кенде болған емес. Тарихы терең топырақтан түлеп ұшқан талай-талай талантты буын осы өлкеден бұғанасын бекітті.

Тұлғалар тізімі ХІХ ғасырдың соңында 1877-1937 жылдары өмір сүрген қазіргі Шиелі ауданы Кердері елді мекенінде туған ағартушы, публицист, Қазан революциясына дейін «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында Сырдария губерниясының арнаулы тілшісі болған ағартушы, фольклортанушы, публицист, заңгер Қалжан Қоңыратбайұлынан басталып, кешегі  жасындай жарқ еткен, қызмет бабында жүріп тікұшақ апатынан қаза тапқан Сағитжан Бермағанбетовке дейінгі аралық түгел қамтылған. 

Байқап отырғанымыздай, кітапқа тек Сыр топырағында туған немесе Сыр елінде бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет еткен азаматтардың дерегі енгізілген.

Қорғасыннан компьютерге дейінгі бір ғасырлық кезеңді қамтитын газет дәуірі мен магниттік лентадан цифрлық құрылғылар деңгейіне дейінгі кезеңді бастан өткерген мерзімді басылымдар, радио мен телевизия майталмандарының еңбегі  қазіргі қалам ұстаған жастарға әрдайым үлгі болып қала береді. Мұны жай анықтамалық емес, Сыр бойы журналистикасының қайнар бұлағы деп есептейміз.

Кітаптың екінші бөлімінде – Жолдасбек Ақсақалов, Несібелі Рахмет, Шарипа Сақтапова, Нұржан Әбжанұлы, Тәжімұрат Әлжанов, т.б. секілді тәжірибелі журналистер және жоғары мектеп оқытушысы, баспа ісінің магистрі Аягөз Әбдіразақова журналистикаға бейімделу, жазу өнерінің қыр-сырын тану, оқырманмен байланыс орнату секілді күрделі мәселелер төңірегінде ой қозғайды, яғни, кейінгі жастарға дәріс береді десек те болады.

Мысалы, экономика тақырыбында жазуға машықтанған белгілі журналист Жолдасбек Ақсақалов: «Ең маңызды мәселе – экономикалық терминдерге мән беруіміз керек. Процент, рентабельділік, тағы басқа терминдерді қазақшалаудың қажеті жоқ. Себебі, олардың барлығы – халықаралық қауымдастықта әлдеқашан қалыптасқан ұғымдар. Жалпы, қорыта айтқанда, экономикада аса білімді қажет ететін пайымдаулардың керегі шамалы. Оқырманға ұғынықты болу үшін барынша қарапайым түсінікпен жазған абзал.  Бүгінгі күннің талабы да осындай», – дейді.

2018 жылы сәуір айында «100 жаңа оқулықтың» алғашқы сериясын таныстыру кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «гимн», «композитор», «пианино», «процент» сөздерінің аудармасын дұрыс емес деген болатын.

Сол сөздің астарына бара алмаған әріптестеріміз көп. «Сыр бойы» газеті осы талапқа көшіп, «пайыз» сөзін қолдануды қолай көрмеді.

Айтайын дегенім, тәжірибелі журналистердің айқын ойлары кейінгілерге анық бағыт-бағдар бола алады.

Көбіміздің өз құқықтарымызға немқұрайды қарайтынымыз да жасырын емес. Журналист моралі, журналист құқы деген мәселе – әр журналистің қорғаны. Кейде біз проблемалық мақала жазамыз деп екінші проблема тудырып жатамыз. Оған көбіне мақалаға кейіпкер болған тараптың наразылығы себеп болады. Бірақ, оның наразылығы не үшін туды, өз мүддесін қоғам мүддесінен биік қою ма әлде нақақ қиянат көріп отыр ма? Бұл жерде журналистке әрине, құқықтық сауаттылық керек.

Мұндай жағдай әлеуметтік желілерде көбірек кездеседі. Журналист Нұрлан Көбегенұлы бұл жайында: «Әдетте әрбір адам әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларды оқып, әсерленіп, жауап жазып жатады. Журналист те қоғамда болып жатқан оқиғаларға өзіндік пікір білдіреді. Осы жерде ескеретін жағдай, пікір білдіруге заң тыйым салмайды. Бірақ жазылған жайға, оқиғаға баға берудің және тұжырым айтудың қажеті жоқ. Жазылған жазба туралы хабарың жоқ болса, мағынасын түсінбейтін болсаңыз, көпке еріп кетуге болмайды. Сенің әрбір қаралымың, құптағаның, пікір жазғаның, бөліскенің қадағаланып отырғанын ұмытпаңыз. Әлеуметтік желіде ойланбай жазған бір сөзі үшін темір тордың ар жағынан шыққан азаматтардың саны көбейіп кеткені туралы ақпараттан хабарыңыз бар болар», – деп ескертеді.

Жалпы айтқанда, аға буынның кейінгі жастарға жол көрсетуі кітаптың осы бөлімінде сайрап жатыр.

Бір ғана мақаламен бес томдықтың көтеріп тұрған салмағына өлшем бола алмасымыз анық. Біздікі – шолу, өз көзқарасымызды білдіру.

Бестомдықтың жалпы редакциясын басқарған «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Оңғарбаев 1-томдағы алғысөзінде өңіріміздегі біраз бұқаралық ақпарат құралдары тарихының зерттеліп-зерделенбегенін айта келіп: «Біздің мақсатымыз осы олқылықтардың орнын толтыра отырып, Сыр журналистикасының тарихын түгендеу, қалам ұстаған буынның азды-көпті еңбегін дәріптеу, талдап-таразылау, ғылыми айналымға қосу болды. Осы мақсатымыздың қолда бар деректер негізінде хал-қадірімізше орындалғанына қуаныштымыз. Алды ғасырға жуық тарихы бар басылымдарды шығарған, жұмысын өрге сүйреген аға буынның еңбегі ескеріліп, ұрпақ жадында сақталса, Сыр журналистикасының тарихын түгендеуге татырлық дүние жазылса, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз», – дейді.

 Ғасырлық ғибрат жолын салған басылымдардың тарихи бейнесі болашақ келбетіне өз сәулесін түсіріп, рухани жарық беріп тұрарына біз бек сенімдіміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<