Бүгін Сыр бойында өзінің вокал мектебін қалыптастырып, талантты шәкірттерді түлетіп ұшырған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Қаракөз Ақжігітқызы Ақдәулетованың 70 жылдығына орай еске алу кеші өтеді.
Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақтияр Тайлақбаев, ұстаздың төл шәкірттері Бибігүл Жанұзақ, Самал Байсейітова, Тахауи Рахметов, Алмас Кішкенбаев,
Руслан Садықов, Қанат Мәулен, Мақсат Мақұлбеков, Жадыра Белгібаева, Нұрболат Сейітмұратов, Құралай Мейрамбек, Ұлпан Әбдікәрімова және Қ.Ақдәулетова атындағы балалар студиясының өнерпаздары ән шырқайды.
Өнерпаздарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе бас дирижерлік ететін облыстық филармонияның симфония оркестрі сүйемелдейді. Біз жарқын бейнесімен, қайталанбас үнімен жұртшылық жадында қалған өнер иесі туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Сыр бойы – неше ғасырдан бері талай сандуғашты тудырған өлке. Содан да болар, халықта «Сыр елі – жыр елі» деген айнымас афоризм қалыптасқан. Тізбектесек, сонау есте жоқ ескі замандардан бастау алатын, Қорқыт сынды тұлғаның есімі ойға оралады. Оның заманында да талай жүйрік өткен шығар-ау… Бірін білдік, бірін білмедік. Бірін іздедік, бірін іздемедік… Біріне сыйынамыз, бірін ұмыттық… Олардың білінбегеніне, ізделмегеніне, ұмытылғанына өздері кінәлі емес екені анық. Тіпті адамдар да кінәлі емес. Бар кінә уақытта! Қай заманға да, қай тағдырға да төреші – уақыт… Қазақ «маңдайынан тағдыр сүйген» деп жатады… Меніңше, уақыт сүйген әлдеқайда ұзағырақ. Өйткені, Тағдыр пендемен бірге туып, бірге өлетін дүние. Ал уақыт – ұлы кеңістік! Кейде адам маңдайынан сол уақыттың сүйгенін байқамай да қалады. Оған себеп – бейқамдық. Ал енді бейқамдық – қазақтың негізгі болмысы.
Жоғарыдағы ұлы кеңістікке әркім-ақ ұмтылады. Абайдың: «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегеніндей. Әсіресе, таланты барлардың бойында болатын талпыныс – осы.
…Мен көрген «маңдайынан уақыт сүйген» өнерпаздың бірі Қаракөз Ақжігітқызы Ақдәулетова еді. Әнші! Шын мәніндегі әнші. Атақты бұлбұл әнші Бибігүл Ахметқызы Төлегеновадан тағылым алған талант иесі Қызылорданың Қызылжарма ауылында дүниеге келген еді. Жастайынан пысық, тәрбиелі болып өскен Қаракөздің бір отбасының кенжесі екенін және сол еркелігі мен еркіндігі оны өнер майданында талай қиындықтан алып шыққанын көзіміз көрді.
Қилы тағдырмен, «тар жол, тайғақ кешумен» Қызылорда пединститутын бітіргеннен кейін, менің сол жерде дәріс бергенім аға деп, дос деп жүрген әріптестеріме ұнамай қалып, тағы қуғынға ұшыраған шақта, Қызылорда музыкалық колледжіне сабақ беруге келдім. Сол сәттен бастап, Қаракөзбен бірге жүрдім. Мен оны жасы үлкен болған соң, «Қақа» деймін, ол мені өзіне қойылған атқа сай, «Лақа» деп еркелетеді. Кейде орыс тілді әріптестеріміз Қаракөзді «Кара» деп жатса, мен «Сал Қара» деймін. Кейде нағашы әжемнің аты Қаракөз болған соң, мен оны «әже» деп атайтынмын. Сал-серілік дәуреніміз солай тоғысты. «Әр істің қайыры бар» демекші, менің пединституттан «қуылғаным», сөйтіп музыкалық колледжге жұмысқа келгенім, кәсіби музыка мамандарының арасында жүргенім шығармашылығыма көп әсер етті. Облыстың барлық іс-шарасында Қақаңмен бірге жүреміз. Концерттерде, жиындарда, сапарларда. Қасымызда белгілі композитор Рамазан Тайманов, марқұм Ақмұрат Жетпісбаев, белгілі журналист Жағыппар Қарабала, кәсіподақ басшысы Райкүл Мансұрқызы, ұстаз марқұм Рахия Есназарова, режиссер Гүлсара Мәмбетова, мәдениет майталманы Жұмабек Әлиев. Кілең «сен тұр, мен атайындар». Бас қосылса, әңгімеміз – өнер, шығармашылық.
Сол бір жылдары, облыста мұғалімдердің «Наурыз шапағаты» облыстық өнер байқауы Райкүл Мансұрқызы Байназарованың ұйымдастыруымен өте бастады. Қазылар алқасында Қаракөз бастаған әйгілі топ. Талай қызыққа батқанымыз-ай…
Қаракөздің сол шақтағы жасап жүрген еңбегін жиырма төрт сағатқа сыйғызу мүмкін емес еді. Колледжде сабақ береді, әр оқушымен жеке-жеке ән салу машықтарына үйретеді. Опералардың күрделілігі сондай, ауылдан келген орысша да сөйлей алмайтын балаға дауыс қою, италиялық шығармаларға тіл сындыру қандай қиын екенін түсіне беріңіз. Қала берді, Алматыдағы өнер бағытындағы оқу орындары мен әйгілі байқау ұйымдастырушылары байланысқа шығып, кеңес, кейде тіпті көмек сұрап жатады. Арасында жүгіріп театрға концерттің дайындығына, қайта айналып, конкурсқа баратын жас жеткіншектерге ән салуды үйретуге отырады .
Қаракөзді қай кезде көрсең де, қасында бірнеше жасөспірім бала жүреді. «Бұлар кімдер?» дей қалсаң, олар сонау Қазалыдан, Аралдан, Қармақшыдан, не Жаңақорғанның бір түкпірінен келген мектеп оқушысы болып шығады. «Ән айтатын еді, баламды қарап, тәрбиелеп беріңіз» деп ата-анасы әкеліп тұрады. Біздің қазақтың бейқамдығы көзге ұрып тұрады сондайда. Баласы талантты, бірақ… әлі өз-өзіне қарай алатын жаста болмағасын, таза киіндіріп, тамақтандырып, жылы-жұмсағын алып берсе қане…?! Әлде, ол талантты балалардың ондай жағдайы жоқ та шығар-ау… Ондай жағдайы бар, төрт құбыласы бүтіндерге құдай да талант бере қоймас… Ауқатты адамдардың да балаларын өнерге баулып, «атақты» еткісі келетіндерін көп көрдік Қаракөз екеуміз. Қаракөз ә дегеннен: «балаңызда талпыныс бар, бірақ ол өнер адамы болмайды» деп айтқанын естідім. Расында, сол бала өнер адамы болған жоқ. Бірде маған «мынау сенің сіңлілерің, Жалағаштан» деп әзілдей күлді. Түрлері қарақошқыл қыз балалардың анау айтқан күтімі барға ұқсамайды. «Бір үйде бірнеше қыз бар, шетінен талантты, әдемі дауыстары бар, тек бұларға киім киюді, өзін ұстауды, қарапайым тазалықты үйрету керек» деп қойды да, маған жақындай түсіп, «білесің бе, кеше үйге апарып, жуындырып, тамақтандырып, аппақ төсек салып жатқызсам, таңертең төсегінде бит өріп жүр» деп сыбырлай күлді. Түске дейін әлгі қыздардың басының битін тазалапты. Кейін әп-әдемі қыздарды Қаракөз сахнаға алып шықты. Ол осылай еңбектенетін.
Қаракөздің осы еңбегінің арқасында қазіргі таңда қазақ сахнасы кәсіби білімді, дұрыс бағыттағы өнерпаздармен толықты. Оның тағылымын көрген талай жастар еліміздің мақтаныштарына айналды. Сонау жылдары «SuperstarKZ» конкурсында бас жүлдеге ие болған Алмас Кішкенбаевтың финалдық конкурсына Қаракөз Қызылордадан, мен Астанадан барып, тілекші болған сәтіміздің өзі бүгін бір тарих. Қазір Абай атындағы опера-балет театрының белді солисі Тахауи Рахметов, «Астана-опера» театры әншісі Бибігүл Жанұзақ, Самал Байсейітова, Нұрболат Сейітмұратов, Құралай Мейрамбек, т.б. ондаған, жүздеген таланттардың бағына Қаракөздің тікелей септігі тигенін қалай ұмытамыз?! Тек қазақ сахнасы демей-ақ, әлем сахнасы десем артық болмас. Оның да дәлелі жетерлік. Қаракөздің төл шәкірті әнші Феруза Арғынбаева да өмірден ерте кеткені өкінішті. Қазіргі таңда олардың шәкірті Әйгерім Алтынбек – әлемнің ең үлкен сахнасы La Scala жұлдызы. Әрине, мақтануға, марқаюға әркімнің шамасы келеді, ал оның артында қанша еңбек, қанша ғұмыр жатқанын жұрт біле бере ме?
Белгілі әнші Азамат Жылтыргөзовтің «Елена апай, бізді асырап отырған Қызылорда» дегені бар еді. Астанадағы ұлттық өнер университетінде тәлім беретін ұстаз-әншінің осы сөзі менің көз алдыма сонда Қаракөздің ұлан-ғайыр еңбегін елестетіп, тізбектеп өткен. Азамат Жылтыргөзов: «бізге оқуға келген жастардың дені Қызылордадан, ол жақта әнші-вокалистердің алтын ұясы бар, Қаракөз апай сынды анасы бар, біз солардың арқасында нан тауып жүрміз» дегені – шын мойындау, жоғары баға!
Қаракөзбен қатар жүрген күндерім ең мазмұнды, ең шуақты сәттерім болды. Қаракөз алдындағы шәкірттерден бөлек, жан-жағына, маңайына да шуағын шашып, ақыл-кеңесін аямайтын еді. Менің әндерімнің бағыты мен мазмұнына да үлкен жолбастау көрсеткенін ұмытқам жоқ. Ең алғаш «Көздеріңе ғашықпынды» тыңдағанда, «осы әнің классикалық ән, ұлттық нақыштағы классика» деп бағалады да, менің ән салғанымды да «сен анау Халық әртісі болып жүрген Пәленшеева әншіден бірде-бір кем емессің. Тек көбірек распевка жаса» дегені бар. «Қазақ елі» деген әнімді естіп, «Лақа, мынау әнің 50-100 жылдан кейін де айтылатын ән. Жарайсың!» деп шын қуанғанын көрдім.
Қатар жүріп, әзіл-қалжыңымыз жарасқан құрбымдай еді. Қаракөз педагогика институтын, кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда білім алған кәсіби маман, тума талант, мен тек тіл маманымын, музыкалық сауатым жоқ. Бірақ «живот знает, музыкальный сауат не хватает» деп күлеміз. Кәсіби білімім болмаса да, кәнігі мамандар мойындаған шығармалар жазған мен үшін қашан да Қаракөз бен композитор Рамазан Таймановтың пікірі маңызды еді. Екеуі екі жақтан менің шығармашылығымды талдап, менің той-тобырдың деңгейіне түспеуіме, өміршең шығармалар жазуыма, оларды жоғары деңгейде орындай алуыма ықпал етті. Шығармашылыққа келгенде ешкімді «аямайтын» Рамазан ағам көзімді бақырайтып қойып, талай «сойып салды». Қазір біреуге сәл сын айтсаң, жауығып шыға келеді ғой, мен орынды сынға ешқашан ренжіген емеспін. Қайта қасымда «мынауың бұлай, анауың алай» деп жөн көрсететін үлкендер болғаны қандай жақсы?!
Кейін біздің басшылықтың «түртпегі» көбейгесін, Астанаға қоныс аудардым. 2014-2015 жылдары Астана мен Алматыда үлкен шығармашылық кештерім өтті. Бір концерт беру үшін қандай қиындықтардан өтетінімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қасақана жолыңды жабатыннан бөлек, сыртыңнан үшкіртіп, дуа жасайтындар мен аяқасты бәле іздеп, ұрынатындар да өре түрегеледі. Тіпті сахнаға шығып бара жатқанда ең ауыр сөзін айтып, көңіл күйіңді бұзғысы келетіндер де, телефоныңа қарғыс сөзін жазып, тұқыртатындар да табылады. Сондай бір сәтте, Қаракөз қасымнан табылды. Менің концертімнің сәтті өткеніне тілеулестік айтып, ілтипат білдірудің орнына, зіркілдеп тұрған басшысымақты көрген Қаракөз: «Мынау не сұмдық? Лена қазір сахнаға шығады. Қазір сахна сыртын босатыңыздар! Әншінің жүйкесін құртпаңдар!» деп, барлығына тойтарыс берді. Көзімнен жасым ыршып, сахнаға шықтым да кеттім. Одан кейін Алматыдағы Республика сарайында өткен шығармашылық кешіме, балаларды киіндіріп, жуындырып, дайындап алып келіп, сахна сыртында өзіммен бірдей болысып жүгірген де, туған жерімнен келген жалғыз тілекшім де өзі болды. Б.Байқадамов атындағы академиялық капелланың менің шығармашылық кешіме қатысқаны, сол капелладағы атақты әншілердің Қаракөздің қатар оқыған жолдас-жоралары екенін сонда білгем. «Анау Хор қатарында тұрған ағаларың менің группалас, достарым, барлығы Мәскеу, Санкт-Петербург консерваториясын оқыған білімдері бар мамандар. Саған риза болып жоғары бағалап отыр» деп сәлемін жеткізіп еді. Өнер адамына осыдан артық қандай мадақ болсын?! Қаракөз бірде «Лена, сен біздің қызылордалық вокалист-әншілермен бір концерт жасашы» деді. Бірақ үлгермедік. Әлемді тәжді тажал жайлады. Өнер үшін бүкіл ғұмырын сарп еткен, ұрпақ үшін аянбаған, ауылдан ұзап шықпаған қарадомалақ балаларды өзі дайындап, әлемнің түкпір-түкпіріне байқауларға апарып, өсірген, шыңдаған, тәлім берген ұлы ұстаз, ғажайып адам, адал дос, ақылман ана, қамқор жан Қаракөз Ақжігітқызынан айырылдық. Қаракөз десе, Қаракөз еді-ау… Мен үшін арқа сүйер тау құлады! Алдымдағы ақылшы ұстаз өлді! Жанымдағы сырлас достан айырылдым!
Тірі болсаң, 70 жасыңды тойлап жүрер едік-ау…
Сахналық бейнең мен болмысың жүрегімізде тұр, Қаракөз! Сенің өнеріңді өлтірмейтін, жолыңды жалғайтын ұрпақ өсіп келеді – кешегі өзің еккен жас шыбық! Олар сенің уақытың! Сені сүйген уақыттар енді туады!
РУХЫҢА ФАТИХА!
Сандуғашым…
Сал Қара*…
Сені аңсады-ау маң дала,
Сыбызғыдай сызылатын
сырлы әуен
Сені күтті кештерде,
сені іздейді таңда да…
қос өкпеңе дем жетпеді-ау
сәл ғана…
бір-ақ жұтым… әл ғана..
Дем жеткенде, айтар ма едің
ән дара?!
Әлде ..жоқтау? –
мен секілді зарлана…
…Әнші-ғұмыр –
Тәтті арманнан құралған,
Тәңірінен тек жақсылық
сұранған,
Сөнді-дағы көзіндегі мың
арман-
Тәжді тажал өңі суық қуарған,
Мынау фәни жалғаннан
Алып бара жатты сенің
жаныңды-
Жұлып бара жатты менің
әнімді..
Қанша жүрек,
О, қаншама дұға қылды,
жалынды…
Сандуғашым,
неге сонша мынау дүние
тарылды?
Сен емес пе ең, үніңменен
жамандықты аластап,
Көркем мінез, адал болмыс
әрі асқақ,
Жұрт баласын жеткізем деп
биікке,
Жайып берген барыңды?
Сен емес пе ең ақылыңмен,
нұрыңмен
Қорған болған ұрпаққа
Тік көтерген Арымды?!
Сен емес пе ең
Жарғақ болып жүгірген,
бәйгелерде оздырам деп
Нарқыз бенен Нарұлды?!
Сандуғашым – Қаракөз!
Сайрайтұғын таң атқанда
ала боз…
жатыр сонда мендік жастық,
бала кез…
Дөңгеленген дүниеде
Дүйім елдің жүрегін
дүрсілдеткен дарабоз!
…Ән-ғұмырың түсті қанша
сынаққа
Сахнада шырқадың сен күліп,
кейде жылап та…
Енді бізден жырақтасың…
Жырақта..
Сеземін мен…
Шаhид жаның шырылдайды
бірақ та…
Тірлік кейде ызғарланса,
Жүрегімді күлкің жүрер
жылытып,
Ызғарынан мұздар болсам,
Үнің тұрар құлақта…
Үнің тұрар сан ғасырлар
суалмайтын халық атты бұлақта –
Сол бір әуен –
Сол бір бұлақ –
Жеткізеді ұрпағымды
мұратқа…
Қаракөзім, жырақтасың…
Жырақта…
Сал Қара* – Қаракөз .
Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,
ақын, әнші-композитор.
Астана қаласы





