Қарапайым адамдардың жазығы жоқ

1055

0

Кейде ашу-ызаға ерік беріп, елімізде өмір сүретін өзге ұлт адамдары туралы артық сөйлеп қоятынымыз бар-ау. Олардың кейбіреуі қазаққа деген арам пиғылын жасырмай, ашып айтатыны бар, ондай кезде амал қанша, сен де қатты кетесің. Қазақтың жерінде өмір сүріп жүріп, қазақтың нанын жеп, суын ішіп жүріп қалайша солай ойлайды деп ренжисің. 

Дегенмен, жұрттың бәрі бірдей емес, елімізде ниеті түзу, пейілі ақ орыстар да, кәрістер де, немістер де, басқалар да жеткілікті. Ол айналайындарға айтарымыз, тек алғыс қой.

Мысалы… мен бұл жерде Герольд Бельгер сияқты жаны қазақ болып кеткен белгілі тұлғалар туралы сөз қозғамақ емеспін. Менің айтпағым, осы қазір арамызда жүрген достар туралы.

Түркістандық Максим Рожин атты шыққан тегі славяндық жігіттің қазақшасына, оның айтқан сөзіне қалай риза болмайсың. Ол әлеуметтік желіде «Қазақтың шынайы мұңын қазақ тілін білсең ғана түсінесің» деп жазыпты қазақ тілінде. Расында қазақтың тілін білмей, қазақтың дүниетанымын тану мүмкін емес. Тілдің этимологиясына бойлаған сайын, ұлт тарихы, мінезі, танымы айқындала береді. Ал дүниетанымдары екі басқа екі адам арасын мұхит бөліп жатқан екі арал сияқты, біріне бірі жақын жуыса алмайды.

Өзбекстанда туып-өскен Владислав Тен деген корей азаматының да адамшылық қасиетіне тәнті болдым. «Қазақстанда бәріміз, қай ұлт болсақ та, қазақ болуымыз керек. …Қазақ тілін үйреніп алсақ болды. Ешқандай ұлт я тіл принципі бойынша бір-бірімізді бөлуімізге ешқандай себеп те табылмайды» деп, ол да әлеуметтік желіге қазақша жазыпты. Айналайын Максимжан, айналайын Владижан, өздерің күн сайын табан тіреп жүрген жерді, сол жердің иесі – қазақты құрмет тұтқандарың ғой бұл. Мен солай түсінем. Ал өзін құрмет тұтқан адамды қазақ тіпті хан көтеретінін білесіңдер ғой.

Байқап отырсам, бұлар – қазағы көп жердің азаматтары, оңтүстіктің тәрбиесін көрген жігіттер. Қазақтың қазақпен қазақша ғана сөйлесетінін көзін ашқалы көріп келе жатқандар. Ал қазақ пен қазақ қазақша сөйлеспей, өзара орысша сөйлесетін солтүстікте бар ма екен осындай жігіттер? Білмеймін, бар болса да бірен-сараң шығар.

Демек, тілімізді қадірлеу өзімізден басталуы керек, әуелі өзіміз сөйлемей өзгені қалай кінәлайсың? «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген сөз бар емес пе? Егер біз – қазақтар, бәріміз ешкімге жалтақтамай өзара қазақша сөйлессек, басқалар да осы тілде еріксіз сөйлей бастамай ма?! Өзіміз дегенде, қазақ тіліне деген құрмет ең әуелі жоғарыдан басталуы керек. Сол себепті халық мемлекет тарапынан тегеуірінді талап күтеді.

Қай ұлт болса да, ол қай жерде тұрса да қарапайым адамдар жазықты емес, бәрін бүлдіретін пиғылы жаман саясаткерлер. Біздегі кейбір тәп-тәуір орыстардың Қырым референдумы сияқты саяси әңгімеге елігіп жүргені де солардың насихаты.

Бұл өзі таусылмайтын тақырып, сондықтан оны қоя тұрып, ұлты басқа болса да қазақтың тілін өз тіліндей құрмет тұтатын азаматтар туралы айтпақпын.

***

Бірде көлігімнің дөңгелегін ауыстыру үшін үйге жақын жердегі техника жөндеу орталығына бардым. Қазақша сөйлеп қарсы алған қараторы жігіт ылдым-жылдым қимылдап жұмысқа кірісті де кетті.

– Атың кім? – деймін ғой қарап тұрмай.

– Толик.

– Қой, Толигі несі, Төлепберген шығарсың, – деймін, Толик дегенін жақтырмай.

– Шын айтам, атым Анатолий.

– Онда туу туралы куәлік алғанда солай жазып жіберген болды ғой, – деп әзілдедім, – куәлік жазып беретін жерде отырғандар қазақтың талай баласына солай орыстың атын қойып жіберген ғой.

– Мен қазақ емеспін, неміспін, – деді ол осыны айтқанда ақсия күліп. – Аягөздің немісімін.

Мейлі неміс болса болсын, қазақша мүдірмей тұрған Толикті інім сияқты жақсы көріп кеттім. Одан кейін де оның шеберханасына бірнеше мәрте соқтым. Тағы бір барғанда оған құнды қағаз – акция мен облигацияның пайдасы туралы айттым.

– Ақшаңды құнды қағазбен жина, керек болса көмектесем. Мен құнды қағаздар нарығында қаржылық кеңесшімін, – деп ақылымды айта бастап едім:

– Ой аға, Құдай өзі жеткереді, ондайға сенбеймін, ертең балаларым өссе, солар асырайды, – деп, сөзімді тыңдағысы келмегені. Айтып тұрғаны немістің сөзі емес, қамсыз қазақтың сөзі, соған таңғалдым.

– Сенің өзіңде түк немістік қасиет қалмаған екен, таза қазақ болып кеткен екенсің, – деп әзіл-шыны аралас кейіп тастадым.

Менің бұл сөзіме мәз болып ол да күледі.

***

Әскерге алынғанымызға алты ай болған еді. Бізді 1984 жылы алты айлық оқудан кейін Украинаның Чернигов облысынан қазіргі Луганский қаласындағы басқа бір әскери бөлімге жіберген. Бөтен жер, бейтаныс орта. Одан да гөрі мұнда бізге қарағанда әскери өмірдің ыстық-суығын көбірек көрген солдаттар жетерлік. Ондай көксоққан «дедтер» біз сияқты енді келген «молодойларға» қоқаңдап, күн көрсетпейді деген әңгіме мазаңды май ішкендей қылады. Сол себепті барған бетте кірген-шыққанға жатырқай қарап тұрғанмын. Бір кезде казармаға дембелше келген, шикіл сары орыс сержант кіріп келгені. Бір бұрышта үрпиіп тұрған бізге адам деп назар салмастан жанымыздан өтіп бара жатып, арғы бұрыштағы біреуге айқайды салып, балағаттай жөнелсін. Ә дегенде өз құлағыма өзім сенбей, жаңылыс естімедім бе екен дегем, сөйтсем… жоқ, шын екен, әлгі орыс таза қазақ тілінде, онда да қазақтың жалпақ тілімен, еш акцентсіз шұбыртып барады. Оның шұбыртқаны құлағыма майдай жақсын. Сөйтсем ол қызылордалық болып шықты. Сондағы екі институттың бірін бітірген. Бізден үш жас үлкендігі бар, ересек жігіт. Бірден бауыр басып кеттік. Аты-жөні – Евгений Жуков. Женя дейтін болдық. Біз оны орыс екен дегеніміз жоқ, ол бізді қазақ екен демеді. Қалай орыс дейсің, қазақтың жалпақ тілінде мүдірмей сайрап тұр. Ресейдің орыстарына қосылмай, бізбен бірге жүретіні тағы бар. Бізге аға болып алды. Айтатын әңгімеміз Қазақстан туралы. Қызылорданың аңызақ аптабы мен Сырдарияның лықсып ағатын суын бірге сағынамыз. Шеңгел туралы, сексеуіл туралы сыр шертеміз.

Ол бізді Ресейдің қағынған орыстарынан қорғады. Кейін мені онкүндік демалысқа елге жібергенде, басқа қазақ жігіттерінің үйіне бұрылмай, әдейілеп іздеп жүріп, Қызылордадағы Женя ағамның үйіне соқтым. Әке-шешесі сол қаладағы «Нұрлан» атты әйдік дүкеннің үстіңгі қабатында тұрады екен. Оларға ұлының – Женя братанның аманшылығын жеткіздім.

Мен Қызылордадан көшіп кеткелі де, міне, жиырма жеті жыл болыпты. Содан бері Женямен кездеспеппін. Қайда жүр екен? Аман ба екен? Женя Ресейге қоныс аударатын адам емес, ол тіпті Қызылорданы да қимайды. Сырдарияны тастап кете алмайды. Қазақтарсыз өмір ол үшін тіпті көңілсіз. Өйткені қазақтың тілі, сол арқылы дүниетанымы жанына тым жақын. Қазір, осы сәт өзін қатты сағынып отырмын.

Тіліміз бір болса ғана тілегіміз бір болатынын осыдан-ақ біле беріңіз.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

«Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы, жазушы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<