Шеңбер шырағдан: Кие кеңістігіне сапар

1033

0

Ұлттық ұғымымызда «бұрынғылар» – ерекше адамдар. Бұрынғылар – ақыл-ойдың сандығы, бүгінгінің түп-қазығы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағытының бірі – сол бұрынғыларды қастерлейтін ұлттық санамызды жаңғырту. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру басталғалы бері «Сыр медиа» ЖШС бастамасымен киелі жерлерді аралап, тағылымды тарихын жұртшылыққа насихаттау мақсатында арнайы сапарлар ұйымдастырылып келеді. Кезекті сапар Түркістан облысында әрі оның орталығы, тарихи, рухани болмысы бөлек, Түркі дүниесінің тірегі Түркістан қаласынан басталды. Сапарға шыққан өкілдер құрамында серіктестіктің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет бар.

Әзірет Сұлтан басында атаусыз қанша қорым бар?

Түркістанға алғаш қадам басқаннан-ақ қаланың өзіне тән ерекше аурасын, қасиетін сезінгендей боласың. Еліміз Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы киелі Түркістанның жандана түсуіне, бүгінгідей ауқымды істер атқарылуына негіз болды. Үш жыл бұрын Елбасы Жарлығымен Түркістан облысының дүниеге келіп, Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы түркі әлемінде тарихи оқиғаға баланды. Жібек жолындағы ең көне шаһарлардың бірі бүгінде инфрақұрылымы дамыған, мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналып келеді.

Сән-салтанаты мен сәулет жаңашылдықтарына қарамастан, түркі әлемінің рухани астанасының басты көрнекті орны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болып қала береді. Біз де сонда ат басын бұрдық. Алдымен аруақтарға құран бағыштап, дұға жасадық. Кесене мен оған қатар жатқан тарихи орындар өзгеше бір сырлы әлемге, оқшау ортаға жетеледі.

Алып кесене Әмір Темір заманында, 1385 жылы тұрғызыла бастаған. Орталық Азияның бірден-бір кереметі XII ғасырда өмір сүрген әйгілі шығыс ақыны, ойшыл Ахмет Ясауиге арналған. Халық Әзірет Сұлтан атаған, сопылық поэзияның негізін қалаушы, Орталық Азия түріктерінің арасында ислам дінінің таралуында шешуші рөл атқарған тұлға 1167 жылы қайтыс болғаннан кейін зор құрметпен жерленген шағын кесене бірден зиярат ету орнына айналған. Сыр елінен келген қаламгерлер қауымына құндылықтар ошағының тарихын баяндаған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Берік Байболов бастапқыда кесене мұндай көлемді болмағанын айтты.

– Екі ғасырдай уақыт өткен соң Әмір Темір Алтын Орданы жеңуі құрметіне кесене орнына жаңа зәулім мемориалдық кешен салуға шешім қабылдайды. Әмір Темірдің нақты көрсетілген сызбасы бойынша өлшемдері алдын ала анықталған. Ол Қожа Ахметтің атына лайық болатын бұрын-соңды болмаған көлемдегі құрылыс тұрғызуды шешті. Бірақ өлшемі ғана емес, сонымен қатар салыну уақыты да таңғаларлық. Жаңа кесене он жылда салынған, – дейді ол.

Кесенеге келгенде бірден назар аударатын нәрсе – оның қабырғасынан шығып тұрған ағаштар. Оның мәнісін де маманнан сұрап білдік.

– Мәселе мынада, – дейді Берік Байболов. – Кесененің құрылысы аяқсыз қалған. 1405 жылы Әмір Темір қайтыс болған соң, кесенеге кіру порталының қалған құрылысы аяқталмай қалады. Қабырғаларда бөренелер мен тірек орындары қалып қояды.

Кесене Қазақстан мен Орта Азияда сақталған күмбездердің ең үлкені, Самарқандтағы әйгілі Гур Эмир кесенесінің күмбезінен де асып түседі. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы екі метр, ал орталық залдың қабырғаларының қалыңдығы үш метр. Бір қызығы, алып құрылым іс жүзінде іргетассыз тұрғызылған. Оның рөлін қалыңдығы бір жарым метрге дейінгі көпқабатты сазды құрылыс атқарды. Ғалымдар мұндай құрылым жер сілкінісі мен соғыстарға төтеп беріп, алты ғасыр бойы қалай мызғымай тұрды дегенге әлі бірауыздан шешім таппаған.

Тарихшылар құрылысшылардың инновациялық сәулет-құрылыс шешімдерін қолданғанын атап өтеді. Самарқанд дәл осылай тұрғызылды. Бұл парсы сәулетшілерінің еңбегі болуы керек деп есептейді. Айтпақшы, қабір күмбезінде «Шамс пен Аб­дуль-әл Уәхаб Ширази аль Банның жұмыстары» деген жазу бар.

Кесене ішінде бір-бірімен безендірілген өту жолдарымен байланысқан 35 бөлме мен залдар бар. Екі қабатты күрделі дәліздер орталық залға апарады. Орталық бөлме қазандық деп аталады. Қоладан жасалған қазан бар, оған бір кезде жұма намазынан кейін келушілерге беру үшін су құйылған. Бұл Тайқазан – түркі тайпаларының бірлігі мен қонақжайлығының белгісі. Оның диа­метрі 2,2 метр, салмағы екі тонна. Аңыздарда Тайқазан Түркістаннан 25 шақырым жерде, Қарнақ ауылында жеті түрлі сирек кездесетін металл қорытпасынан құйылған деп айтылады. Ал қазандықтағы жазбалардың бірі «береке құйыла берсін!» деп аударылады. 1934 жылдан бастап Тайқазан Ленинградтағы Эрмитаж залдарының біріне қойылды. Бірақ 1988 жылы қазақ үкіметінің талап етуімен Тайқазан бастапқы мекеніне қайтарылды.

Кесененің негізгі үй-жайларының бірі – Ясауи қабірі. Жанында әйелі мен ұлы Ибраһим шах жерленген. Бөлменің өзі мыс шамдармен безендірілген. Бұрын кесенеде медресе мен кітапхана болған. 1975 жылға дейін қолданылған мешіт пен ортағасырлық монша, ескі мыс хауыздар мен құмыралар әлі де сақталған. Қасиетті орынның жанында кешеннің қорғаныс құрылымдары, бекініс қабырғасы, қорғандар бар. Мұндай көпфункционалдылық сол кездегі кесенелерге тән болды.

– Кесененің солтүстік-батыс бөлігін мешіт алып тұр, онда михраб сақталыпты. Мешіттен кітапханаға баруға болады. Солтүстік-шығыс бөлігінде сарай үй-жайлары бар: кіші және үлкен сарайлар. Кездесулер үлкен жерде өтті, онда хандық орындық пен асатаяқ орналасқан. Дәл осы жерде басқа елдердің елшілерін қабылдап, құрылтайлар өткізген. Оңтүстік-батыс бөлігінде асхана болған. Онда «халим» деп аталатын сұйық ботқа тәрізді арнайы тағам дайындалып, кедейлерге таратылды. Оңтүстік-шығыс бөлігінде құдық бар бөлме орналасқан, – деді Берік Байболов.

Ең құрметті адамдар алты ғасыр бойы шағын сарайда жерленген. Еңсегей бойлы Ер Есімнен бастап, Әбілмәмбет, Тәуке, Жәңгір, Әбілпейіс, Барақ, Бөкей, Жәнібек, Тәуке, Абылай, Әбілхайыр хандардың, сондай-ақ, қазақ тарихындағы атақты Қаз дауысты Қазыбек би, Шоң би, Торайғыр би, Бөгенбей батыр сияқты басқа да тұлғалардың бейіттері орналасқан.

Бұл тұлғалар көптеген жағдайларда тек қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі әлемі тарихының қалыптасуында шешуші рөл атқарған. Ең көне қорым 1431 жылға жатады, барлығы 43 қабір тасы бар. Кесенеде жерленген діни-рухани тұлғалардың саны – 51-ге жетсе, Темір, Шәйбан әулеттері мен Қазақ хандығы тұсында жерленген 17 тұлға, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы, 10 датқа мен болыс, 30 игі жақсының есімі белгілі. Діни-рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің айналасында жатқан хан-сұлтан, батыр, билеріміздің ішінде анықталмағандары қаншама? Қазіргі таңда бұл бағытта зерттеу жұмыстары жан-жақты жүргізілуде.

– Бірнеше жыл бұрын кесене қабырғалары жарылып, күннен күнге шөгіп бара жатқан соң қалпына келтіру жұмыстары жүрді. Кесене айналасы қазылып, құрсауланды. Бірақ бұл жұмыстар басталмай тұрып археологтар қазба жүргізді. Сол кезде кесене астынан төрт қатпардан тұратын жерленген адамдар сүйегі табылды. Арғысы сонау қаңлы дәуіріне жатады. Мысалы, қазіргі Тайқазан тұрған жерден ескі құдық орны шықты. Құдық жанынан ислам дініне дейін, түркі дәуірінде жерленген адамдар сүйегі табылды. Біздің мұсылмандықта адамды құбылаға қарата жерлесе, олар ислам дініне сәйкес келмейтін дәстүрде жерленген. Сондықтан бұл жер ислам діні келмей тұрып та қасиетті жер саналған деуге негіз бар, – дейді Берік Байболов.

Тағы бір айта кетерлігі, халық арасында «Төрт қақпалы Түркістан» деген атпен белгілі, кесененің Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә және Дарбаза қақпаларының дәл орындары анықталып, қайта жаңғыртудан өткен. Қазіргі таңда олардың арасындағы қорған қамалдарды да қайта қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Осылайша, жақын күндері ескі қаланың келбеті мен мұндалап тұрмақ.

Күллі түркі жұртының көз тіккен жауһарының ұлылығын сезініп, оның тарихын аз да болса насихаттауға мүмкіндік алғанымызға қуанышпен сапарымызды одан әрі жалғастырдық.

Шапса қылыш, атса оқ өтпеген Үкаша ата

Облыс орталығынан шығып, әулиелердің кеніне айналған қарт Қаратаудағы ел есінде аңыз болып қалған киелі орынның бірі – Үкаша ата кесенесіне бет алдық. Біздің жол бастаушымыз «Түркістан медиа холдингі» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен болды. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқып, тау басындағы құдықтан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесенеге түс ауа жеттік. Тәу етуге келген жұртпен бірге құран бағыштап, шырақшыны сөзге тарттық.

Алыс-жақыннан ағылып адамдар келіп жататын осынау қорым туралы шырақшы келтірген дәйектерге тоқталмас бұрын, ойлы оқырман назарын мына нәрсеге аударсақ дейміз. Бұл – «бөрі бақауыл, түлкі жасауыл» болған ескі заманның ертегісі емес. Үкаша ата жайында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректер қалдырыпты. Оған қоса Шоқан Уәлиханов пен Потаниннің жазбаларында да ол туралы айтылса керек.

Сонымен, Үкаша Мұхаммед пайғамбарды Меккеден іздеп тауып, ислам дініне кіріп, мұсылмандықты қабылдайды. Содан өзінің жолда келе жатып ойына, көңіліне бекіткен сертін айтады: «Сіздің табаныңызға кірген тікен менің маңдайыма қадалсын. Мен сіздің басыңызға төнген қауіпке кеудемді тосушы, қорғаушы болайын» деп өтініш жасайды. Мұхаммед (с.а.у) ризалық білдіріп, өзінің әскери қолбасшысы етіп тағайындайды. Содан бастап Үкаша сахаба атанады. Ардақты нәбидің түйесін жетектеп жүретін ең сенімді батыры, қызметшісі болады. Пайғамбар әскері дұшпандарын жеңіп, Мекке-Мединада мұсылмандық орнайды. Арада талай жыл өтеді. Бірде Мұхаммедтің әскерлері жаумен кес­кілескен қырғын соғыс үстінде Үкаша сахабаның қылышы морт сынады. Не істерін білмей сасқалақтап қалғанда, түйе үстінде отырған пайғамбарымыз түйе айдайтын таяғын беріп: «Мә, мынаны ал да жауыңа сілте!» дейді. Сол уақытта Тәңірінің құдіретімен Алла елшісінің Үкашаға берген таяғы қылышқа айналып кетіпті. Үкаша сол қылышпен өмір бойы соғысыпты.

Ажал сәтінің таянғанын сезіп, мешітте соңғы құтпасын оқып отырған Пайғамбарымыздың қос жауырынының ортасында Алланың мөрін көрген Үкашаның шатыры тігілген жерге Алланың нұры түсті деп мұсылман дінін қабылдаған халықтар Үкашаның қабірі ретінде белгі қойып, бірнеше жерді ерекше қастерлейді. Үкаша сахабаның жамбасы тиіп, түнеген жерлерінің барлығына белгі қояды. Сол себепті Үкаша сахабаның қабірі жетеу деп айтылады. Дегенмен, қабірі негізінен осы Түркістан қаласы Серт ауылының солтүстік жағындағы шағын шоқы етегіне орналасқан.

Үкаша, Ер Қоян, Құттықожа сахабалар батырларымен келіп, жаумен Өгіз мүйісте (Өгіз мүйіс Жаңақорғаннан 20 шақырым жерде) алты ай соғысады. Үкаша сахабаның әскерін жау жеңе алмайды. Үкашаны атса оқ өтпейді, шапса қылыш кеспейді. Осыған ызаланған қарсыластары айлаға көшеді де, Үкашаның жанды жерін білу үшін қар түскенде ізіменен аңдып келіп, тау арасында жасырынатын үңгірін біледі. Содан бір мыстан кемпірді жансыз қылып жібереді. Бүкіл сырды білу үшін кемпір Үкашаның әйелін азғырады. Тек қана таң намазын оқыған кезде, Аллаға жан дүниесімен тебіреніп берілетіні сонша, сол уақытта тіпті бір мүшесін кесіп кетсе де білмейтін күйге түсетінін біліп алады.

Сонымен бірнеше күннен соң жаулары таң намазын оқып отырған Үкашаның үстінен түседі. Жау патшасы Үкашаның басын қылышпен шауып жібергенде, денеден үзіліп түскен бас айналып құбылаға қарап қалыпты. Әскерлер беттеген уақытта, жансыз басты періштелер домалатып, жоғарыдан төмен қарай ала жөнеліпті. Жау әскерлері атпен қуып жете алмапты. Үкашаның басы қырдың етегіне келгенде, Алланың құдіретімен қара жер қақ айырылып, отыз кез тереңдікке жер астына түсіп кетеді. Сонда жау патшасы: «Басты түскен жерінен алып келіңдер» деп, бірнеше адамын құдыққа түсіреді. Сол сәтте қатты ағысты жерасты өзені пайда болып, бастың құбыла жаққа ағып беттегенін көріп, дінсіздер қорыққанынан құдықтан әрең шығады. Жау Үкашаның денесін қайта тіріліп кетер деген пиғылмен жеті, сегіз бөлікке бөліп, шауып тастайды.

Аңыз кейін Үкаша сахабаның басы жерасты өзенімен ағып барып, Меккедегі зәм-зәм сулы бұлақ астынан шыққанын айтады. Сонда сахабалар айтыпты: «Үкаша да бұл дүниеден өткен екен, Алланың құдіретімен Мұхаммед Пайғамбардың қасына жеткен екен» деп ақ жуып арулап, Пайғамбардың аяқ жағына жерлеген екен дейді.

Жан досының қидаланып шабылған өлі денесін еңіреп жүріп жинаған Ер Қоян сахаба Үкашаның денесін түйеге артып, екі қырдан асқан соң «жау сүйегін қорламасын» деп құпия түрде жерлейді. Үкашаның шабылған денесін түсірген жерде иесін іздеп боздаған түйенің тасқа түскен табан ізі әлі күнге дейін бар. Үкашаның қаны тамған жерінің барлығын Ер Қоян сахаба таспен қалап көміп шығады. Сол себепті Үкашаның бейіті жиырма екі метрдей ұзын болып қаланған.

Кесене Түркістан қаласынан солтүстікке қарай, Бабайқорған ауылдық округінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Алғашқыда тек қабір орны ғана болған, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіреберісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағынан ұзындығы – 22,2, биіктігі – 4, ені 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар.

«Болашағы зор ел – тарихын тасқа жазады» деген қазақтың қанатты сөзі бар. Бүгінде өзі кетсе де көненің көзіндей ол адам жайлы сипат беріп тұратын кесенелер мен ескерткіштер жетерлік. Соның бірі «аңыздың түбі ақиқаттығын» айта келе, ауызға алатын Түркістаннан 60 шақырым алыста жатқан осы Үкаша Ата мазары.

Құпиялы құдық басында

Дінсіздер Үкашаның бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалап кетіп екі қырдан асып барып жер астына түсіп, орнында пайда болған дейтін құдық пен кесене арасы шамамен алғанда бір шақырым. Төбеден асып түскенде тұрақта қаңтарылған бірнеше автокөлік көрінді. Он шақты адам баспалдақпен өрлеп барады. Анадайдан күн шапағымен тау болып үйілген шелектер жалт-жұлт етеді.

Кезегімізді күтіп, құдық басына біз де көтерілдік. Күніне сан тараптан ағылатын адамдармен тілдесіп, ниет еткеннің көңілінен шығуға тырысатын шырақшы түрлі сұрақтарымызға жауап беріп, бала күнінен санасына сіңген, осы өлкеде шыққан кітаптардан оқыған-түйген мәліметтерін бөлісуден шаршамады. Кейде бар ынтасымен айтқан жайттарға сенімсіздік танытып, күдікпен қарайтындар кезігіп қалады екен. Ондайда шырақшы еш шамданбайды. Күн ұзақ бар білгенін қайталаудан жалықпайды.

Әсіресе, жаз түсісімен Қаратаудың етегіндегі киелі құдықты бетке алатындардың қарасы артады. Бәрінің арманы да, тілегі де бір. Әулиелі жердің қасиетіне қанық жандар ұлтына, ұлысына бөлінбейтініне де сол жерде көз жеткіздік. Бірде сонау Ресейден бір әйел келген. Шырақшы сыр суыртпақтап отырып барлығына қанығыпты. Көп жылдан бері бала сүйе алмаған жанның соңғы маңдай тірер мекені ретінде осында ниет етіп келіпті. Құдайдың құдіреті, сол әйел кейін сәби сүйіп, шаттыққа кенелді. Осындай оқиғалар кімнің де болсын киелі құдыққа деген махаббатын, аңсарын еселейтіні анық.

Құдықтан су біреуге шығады, біреуге шықпайды. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зияраты, тілегі қабыл болды деп түсінеді. Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған. Ал, құдықтың тереңдігі 28 метр.

Құдыққа елдің түкпір-түкпірінен арнайы келіп, зиярат етіп кететіндерден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей секілді шет елдерден арнайы келетіндер саны да артып отыр екен. Келгендер кезекпен кіреді. Кейде сағаттап күтеді, кейде адам аз күндері кезегі тез келіп, ондайларға құдыққа екі рет шелек тастауына рұқсат беріледі. Шырақшы құдық суының шелекке қалай құйылатыны әлі күнге дейін жұмбақ екенін айтады.

– Ішіне жылына бір рет түсіп, тазалап шығамыз. Себебі, зиярат етушілер құдыққа шелек тастағанда кейде қауға үзіледі. Кейде көзілдірік, құжат, телефон секілді заттар адам еңкейгенде түсіп кетеді. Міне, осының бәрін біз жинап шығамыз, – деп сөзін жалғады шырақшы.

Халық арасында «Үкаша ата құдығынан тек жақсы, ниеті таза адамдарға ғана су шығады екен» деген әңгіме кең тараған. Шырақшы бұл ұғымның қате екенін айтады.

– Бұны Алланың қалауы деп қабылдаған дұрыс. Мәселен, алты адам келсе, оның біреуі тастаған шелекке су шығып, қалғанына шықпай қалуы мүмкін. Ондай сәттерде біз сол суды басқа да адамдарға бөліп береміз. Мақсат — ниет етіп келген адамның құдық суынан дәм татуы.

Халық арасында құдық суы жерасты арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. 2015 жылы Астанадағы Еуразия университетінің зерттеушілері құдық басында төрт күн жатып, зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Нәтижесінде оның құрамы Меккенің зәмзәм суымен 90 процент сәйкес келеді деген қорытынды жасаған. Расымен, бұл судың дәмі өзгелерден ерекше. Емдік қасиеті тағы бар. Адамдар деніне саулық, шипасына ем сұрап көп келеді. Дертінен айыққан жандардың да талай әңгімесін естідік. Құрамы зәмзәм суынан кем емес, — дейді шырақшы.

Зияратымыздың қабыл болуын тілеп, құпиялы құдыққа біз де қауға тастап көрдік. Киелі мекенге келген әр пенденің ниеті қабыл болсын деген тілекпен сапарымызды әрі қарай жалғадық. Келесі бағыт – Қаратаудың теріскей бетіндегі Құмкент ауылы.

(Басы. Жалғасы бар)

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<