Шоқтығы биік Арал батыр

3552

0

 «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс». (Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан).

Сыр өлкесі, оның ішінде Арал өңірі – елдің елдігін сақтап қалуда ерен ерлік үлгісін көрсеткен хас батырлар мен от ауызды, орақ тілді билер, аттары аңызға айналған арқалы ақын-жыраулар шыққан шежірелі өңір. Сондай асылдардың бірі – ХІХ ғасырда өмір сүрген Арал батыр Андаұлы.

Арал Андаұлы батыр әрі би болған Алаштың ардақты азаматы. Тегі – Кіші жүз. Алшын-Әлімұлы-Шекті (Жаманақ) – Жақайым аталығынан шыққан.

Бұрынғы көнекөз қариялардың әңгімелеріне назар аударсақ, Арал батыр жүзі ақсары, ірі денелі, сақалын өте қатты өсірмейтін кісі болыпты. Жауға қарсы соғыста Арал батыр ту ұстау міндетін атқарған екен. Туды жүректі әрі білекті жандардың ұстайтыны белгілі.

Сексеуілден Аралға қарай жүргенде Құмсағыз аттаы станса бар. Сол Құмсағыздан құмдауытқа қарай 4-5 шақырым жүргенде Дәкі деген жерге жетесің. Осы Дәкі деген жерде Арал батырдың қонысы болған. Дәкі осы өңірде ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген батырдың аты болса керек.

Аралдың әкесі Алшынбай Қосқұлақтан төрт ағайынды – Байжан би, Назарқұл (Мерген) батыр, Шатырғұл болып келеді.

Арал батырдың өзі үш ағайынды: Арды, Сманбыт, Арал батыр. Аралдан Алданазар, Құлманбет батыр-болыс туады.

Арал батырды Сыр бойының ақыны Қарман Сұлтанұлы:

   Аттанып шықты Дәкіден

   Жақайымның Аралы,

  Барғасын жаудың хабары – деп жырлаған. Ал Нұрғали Балтанбекұлы «Арал батыр» дастанында:

   Жанқожа, Арал батыр көп адаммен

   Келтірді кедергісін орыстарға-ай

   Қазақтар орыстармен ұрыс қылып,

   Ілгері жүргізбеді бір жыл ұдай…

   Айрықша Арал батыр ұрыс қылып,

   Алдынан бұзып шықты құрған тордан, – деп жырға қосады.

     Есімі елге белгілі зергер Құдайберген Құлмамбетов осы Арал батырдың ұрпағы. Қазір Арал қаласында, тағы бір ұрпағы Ханзада Шаймекова Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қарашоқат станциясында тұрады. Арал батырдың қылышы мен сауыты ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында Бурабай деген жерде тайқазанға көмілген екен. Арал батырдың ұрпақтары сталиндік жаппай қуғын-сүргін кезінде оны көрсете алмады. Уақыт өте тайқазан іздестірілсе де, табылмады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<